Бүгін Алматыға Гядиминас атындағы Вильнюс техникалық университетінің (Литва) делегациясы келді. Литва Республикасының Алматыдағы Бас консулы Регимантас Яблонкас бастаған литвалық қонақтар Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің басшылығымен кездесті. Бұл туралы Қамшы порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Кездесу барысында ҚазҰТЗУ уәкілетті тұлғасы Әбдікәрім Зейнуллин және университеттің ғылыми және инновациялық жұмыстар бойынша проректоры Ержан Күлдеев литвалық делегациямен екіжақты ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады.
Ә. Зейнуллин Қазақстанның ірі жоғары оқу орнының Балтық жағалауы елдерінің жоғары оқу орындарымен байланыс орнату маңызды қадам екендігін айтты. Басқосу барысында екі тарап көлік, құрылыс, ақпараттық технология, механика және сәулет салаларында өзара ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендіктерін білдірді.
Ал Вильнюс университетінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі департаментінің директоры Бирута Тамулайтиене ханым екіжақты ынтымақтастықты алдағы уақытта белсенді дәрежеде жүргізу керектігін баса айтты.
Айта кетелік, Гядиминас атындағы Вильнюс техникалық университеті Литваның мемлекеттік жоғары оқу орны. Инженерлік-техникалық білім беру және ғылыми зерттеулер саласында елдегі алдыңғы қатарлы университеттердің бірі.
Пікір қалдыру