Аймақтың әлеуеті айқын

/uploads/thumbnail/20170708195818319_small.jpg

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асып жатқан жобаларды таныстыру мақсатында журналистерге арналып арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Бұл туралы Қамшы порталы Айқын-Ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Портты солтүстік бағытқа қарай кеңейту жұмыстары мен жақын арада іске қосылатын жобалар жан-жақты таныстырылды. Оның ішінде «Азерсун өңдеу және логистика» орталығының жобасы, жол құрылыс материалдарын шығаратын «КаспийТасЖол» ЖШС инновациялық зауыты, «Кис-Актау» ЖШС индустриалды құрылыс комбинаты, мұнай саласына қажетті шыны құбыр өнімдерін шығаратын нысандар бар.

Алдымен біз «Азерсун өңдеу және ло­гистика» орталығына бас сұқтық. Атал­мыш жоба іске қосылса, аймақтағы сауда орындарына өткізілетін азық-түлік, көкөністерді сақтауға мүмкіндік мол болмақ. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асып жатқан жоба құны – 3,6 миллиард теңге. Орталыққа арналған жер телімінің көлемі 4,8 га, ал жабық қойма ғимараттарының жалпы көлемі 10 мың шаршы метрді құ­райды. Оның 5 мың шаршы метрі мұз­датқыш қоймасы болса, қалған 5 мың шаршы метрі құрғақ жүкке арналған қоймалар. Жоба толықтай ағымдағы жылдың қараша айында іске қосылмақ. Еліміздің тек батыс өңірін ғана емес, өзге өңірлерді де жақсы сақталған көкөніс түрлерімен қамтамасыз етеді деп күтілуде. 
– Орталық заманауи техникамен жаб­дықталған. Жоғары дәрежедегі логис­тикалық орталық. Сондықтан тауарлардың жоғары сапада сақталуы үшін әлемдік логистика өндірісінің ең соңғы үлгідегі технологияларын қолданатын боламыз. Осылайша, тұтынушыларға сапалы қыз­мет көрсетілетін болады. Өнімнің дәмі, сапасы табиғи күйінде сақталады. Төрт үлкен мұздатқышымыз, 16 температураны сол қалпында сақтайтын қоймамыз бар. Орталық іске қосылған кезде жұмысқа қабылданатын мамандарымыз арнайы оқытылып алынатын болады, – дейді «Азерсун өңдеу және логистика» орта­лығының директоры Аликбер Мурадов. 
Қазіргі таңда орталықтың құрылыс жұмыстары 90%-ға аяқталған. Орталық толықтай іске қосылған кезде 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. 
– Орал қаласынан келіп, осы жерде жұмыс жасап жатырмын. Менің міндетім – көкөністерді қоятын сөрелерді дұрыстап жинақтап, құру. Жұмыстың аса қиындығы жоқ, уақтылы айлығымды алып тұрамын. Жабдықтар Түркиядан әкелінген, сапасы да жақсы, – дейді инженер-құрастырушы Азамат Бисенбаев. 
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында индустриялық инфра­құрылымдарды дамытуға көп көңіл бөлуіміз керек екенін атап өткен болатын. Осыған орай Елбасы тапсырмасын орын­дау мақсатында өткен жылдың жел­тоқсанында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында жол құрылыс материалдарын шығаратын «Каспий Тас Жол» ЖШС инновациялық зауыты мен «Кис-Актау» ЖШС құрылыс индустриал­дық комбинаты іске қосылған болатын. Жол құрылысына қажетті өнім шығарып, өңірдегі жолдардың жаңаруына үлес қосып отырған «Каспий Тас Жол» зауы­тының құрылысына жалпы алғанда 210 млн теңге жұмсалған. Сағатына 160 тонна өнім шығаратын зауытта 16 адам жұмыс жасайды. 
– Осы уақытқа дейін 40 шақырымға асфальт өндірдік. Әзірге өніміміз тек облыс көлеміндегі жолдарға пайдала­нылуда. Алдағы уақытта облыстан бөлек республиканың барлық аймағынан тап­сырыстар алып, зауыт жұмысын өркен­деткіміз келеді. Экологиялық жағынан таза. Өндірісіміз толықтай Германия, Италия мемлекеттерінің құралдарымен жабдықталған. Салынған қаржы 2 жылдың көлемінде толықтай игеріледі деген ойда­мын, – дейді зауыттың жұмысы жайында «КаспийТасЖол» ЖШС-ның қызметкері Асқар Елешов.
Зауытта оператор болып жасайтын Рахат Ақсаев жұмысына дән риза. Білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыру мақса­тында ол Украинада оқытылып, арнайы курстан өткен. 
– Менің жұмысым осы жерде түсіп жатқан барлық материалдарға қарап, солардың температурасын компьютерде орналасқан бағдарлама арқылы бақылап отыру. Зауыт ашылған уақыттан бері жұмыс жасап келемін. Жалақым жақсы, жұмысым өзіме ұнайды. Алдағы уақытта да жемісті еңбек етіп, табысты өнім дайындаймыз деп ойлаймын, – дейді Рахат Ақсаев. 
Ал «КИС Актау» ЖШС индустриалық құрылыс комбинатының өнімдері облыс төңірегінде салынып жатқан құрылыстар­ға пайдаланылуда. Мұндағы өнімдер нарық­тағы бағадан біраз арзанға сатыла­ды. Осы­лайша, зауыт аймақта тұрғын үй құрылысы жандануына септігін тигізуде. Қазіргі таңда комбинатта жергілікті 80 адам жұмыспен қамтылған. Жоба құны 600 млн теңгені құрайтын кәсіпорыннан осы уақытқа дейін 352 млн теңгенің өнімі шығарылған. 
– Біз құрылысқа қажетті барлық мате­риалдарды шығарып, өңірде тұрғын үй құрылысының жандануына үлес қосуда­мыз. Жылына 100 мың шаршы метр тұр­ғын үй салуға қажетті құрылыс материал­дарын және 25 түрлі темір бетонды бұйым­дар мен жабындар, тіреулер шыға­рамыз. Комбинат төрт ауысымда тәулік бойы жұмыс жасайды. Қызметкерлеріміз үшін жатақхана, асхана қарастырылған. Тапсырыс көлемі артып отыр, – дейді комбинат директоры Алмаз Сатанов. 
Сондай-ақ «Ақтау теңіз порты» ар­найы экономикалық аймағында мұнайға қа­жетті шыны құбырларды шығаратын «Казтрубиндастриз» мекемесі 2014 жыл­дың желтоқсан айынан бастап жұмыс жасауда. Жоба құны – 377 млн теңгені құрайтын зауытта 67 маман жұмыс жа­сайды. 
– Біздің мекемеміз мұнайда қолда­нылатын жоғары қысымды шыны­ құбыр­лар шығарады. Мекемеміз «Ембімұнайгаз» АҚ мекемесімен келісімшарт жасасып және сол тапсырысты 100 %-ға толықтай орындады. Бүгінгі күні өлкеміздің ірі мұнай мекемесі «Қаражанбасмұнай» АҚ мекемесімен келісімшарт жасалуда. Тап­сырыс көлемі бірқалыпты. Шикізат Қы­тайдан әкелінеді, – дейді «Казтру­биндастриз» мекемесінің қызметкері Ажар Әлімбетова.
Сонымен қатар пресс-тур аясында «Ақтау теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту» жобасын іске асыру үшін қолға алынған астық, контейнерлік және негізгі жүкке арналған айлақ жұмыстары таныс­тырылды. Жобаның қуаттылығы жылына 2,5 млн. тонна құрғақ жүкті құрайды. Жалпы, нысанды тапсыру ағымдағы жыл­дың желтоқсанында жоспарланып отыр. 
– Жобаның екінші кезеңі 2016 жылдың екінші жартыжылдығында іске қосылады. Жалпы, жоба құны 28 миллиард теңгені құрайды. Жобаға сәйкес әрқайсысы 10 мың тонна болатын алты бункерден тұратын астық қоймасының құрылысы аяқталды. Нысан толықтай іске қосылған жағдайда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жылына 1,5 миллион тон­надан көп астықты тасымалдауға мүм­кіндік болады, – дейді «Ақтау сол­түстік теңіз терминалы» ЖШС басшы­сының орынбасары Александр Калянин. 
Жалпы, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында бүгінгі таңда 28 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 9 жоба іске қосылып, 1000-нан астам адам тұрақты жұмыспен қам­тылған. 
– Біздің елімізде 10 арнайы экономи­калық аймақ бар. Ал «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы 2013 жыл­дан бері жұмыс жасап тұр. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы­ның жалпы ауданы 2000 га-ны құрайды, ол Ақтау қаласының өнеркәсіптік аймағы аума­ғында орналасқан жекелеген алты жер учаскесін (субаймақтардан) тұрады. Бүгінгі таңда біздің аймағымызда 28 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның 9-ы іске қосылған, 7 жоба келесі жылы іске қосылуы тиіс. Одан бөлек 11 жоба құжаттарын дайындап, жер рәсімдеу жұмыстарымен айналысуда. Сонымен қатар аймағымызда шетелдік кәсіп­керлермен біріккен 10 жоба қолға алынды. Оның ішінде «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында Англия, Сингапур, Әзір­байжан, Ресей, Италия мемлекеттерімен бірлескен инвестициялық жобалар іске асырылмақ. Аймағымызда 40 млрд-тан астам инвестиция салынған. 225 млрд теңге тұратын өнім шығарылып, бюджетке төленген салықтың көлемі 19 млрд-ты құрады. Мемлекет тарапынан біздің аймаққа 7 млрд теңге инфрақұрылым жүргізуге қаржы бөлінген болатын. Өздеріңіз байқағаныңыздай, мемлекеттің салған ақшасы еселеп бюджетке қайта­рылып отыр. Біздің аймақтағы кә­сіпорындарға мүмкіндігінше барлық қолдаулар көрсетіледі. Заңға сәйкес бізде көптеген жеңілдік бар. Яғни, кәсіп­керлерді салықтан, кеден баждарынан босату, жерді тегін беру жеңілдіктері қарастырылған, – дейді «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағына қарасты инвесторлармен жұмыс жасау департаментінің директоры Әйгерім Молдабекова.

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар