Шығыс Қазақстан облысында аутизмге шалдыққан бала екінші күн дегенде табылды. Ерекше баланың жоғалуы соңғы апталардағы екінші жағдай болып отыр. Өкінішке қарай, 7 тамызда Қостанай облысында жоғалған 5 жасар Мадина Ержанқызының оқиғасы бұлай жақсы аяқталған жоқ. Қыздың денесі арада бірнеше күн өткенде судан табылды. Мадинаны іздеу кезінде оны әлдекімдер бірнеше жерден көргені туралы ақпараттар шықты. Алайда бүрдіршіннің бейсауыт жүрісінің себебін ешкім біле алмаған. Оған Мадина сөйлей алмағаны себеп болуы мүмкін деген де нұсқалар айтылды. Арнайы маман, Қазақстан аутизм қауымдастығының жетекшісі Нүрия Балтабайқызы қоғам аутизм белгілері бар балалармен қарым-қатынас құру жолдарын білгені аса маңызды екенін айтады. Төменде маманнның әлеуметтік желіде жазған кеңестері ұсынылып отыр.
Сарапшының сөзінше, аутизмге шалдыққан немесе психо-сөйлеу дамуында кешігуі бар бала біреудің өзіне сөйлегенін елемеуі мүмкін.
"Әдетте, олардың арасында сөйлемейтін, ыммен түсіндіруі дамымаған балалар көп, мінез-құлықтарында бұзылыстар кездеседі. Қоғамда немесе көшеде олар "біртүрлі" көрінуі мүмкін. Мұндай балалардың кейбірі әлдебір нәрсеге реакция кеш танытып, кейбірі керісінше гипербелсенді болуы мүмкін. Олар кез-келген қатты дыбыстан, жарықтан, өткір шудан қорқуы мүмкін. Мұндай балалар еденге (асфальтқа, жерге) жатып, құлақтарын қолдарымен жауып, есімін атаса қарамауы немесе сұрақтарға жауап бермеуі мүмкін" деген сарапшы адамдардан мұндай жағдайда өзін қалыпты ұстауды, дауыс көтермеуді, балаға айқайламауды жалына сұрайды.
Бала табылған кезде дыбыс эффектілерін бәсеңдетіп, жарықты көбірек түсіру керектігін айтады.
"Сондай-ақ мұндай балалар көбіне физикалық тұрғыдан жақсы дамығанын есте ұстанған жөн. Олар қолдан демде босап, жолға қарай жүгіріп кетуі мүмкін. Егер осындай бала ересектердің немесе туыстарының ертуінсіз жүргенін байқасаңыз, дереу полицияға және жедел жәрдемге хабарлаңыз. Баланың туыстарын табуға тырысыңыз. Мүмкін, бала қашып не жоғалып кетіп, туыстары жақын жерде болуы мүмкін. Осы уақыт ішінде сіз баланы ұялы телефонмен жұбата аласыз, мысалы, мультфильм көрсетіңіз, ойыншық беріңіз. Қажет болса, су ішкізіңіз. Егер балада киім болмаса, онда қолыңызда бар кез-келген киімді (қалпақ, жемпір, футболка, шарф және т.б.) беріңіз. Бұл жерде алдымен бала киімге қол тигізіп көргені аса маңызды. Содан кейін мұқият киіндіріңіз" дейді Нүрия Балтабайқызы.
Қауымдастық жетекшісі қалай болғанда да бейстандарт немесе стереотиптік мінез- құлықтың барлық көріністеріне сабырлы болуға, ерекше баламен достық қарым-қатынаста сөйлесуге, жеке сөздерді немесе нұсқауларды анық және асықпай айтуға шақырады.
Пікір қалдыру