Қазір бүкіләлемдік БАҚ-тың назары Ресей мен ИМ, немесе Ресей мен Сирия оппозициясы арасындағы соғыста екені айтпаса да түсінікті. РФ әуе қарулы күштері Сирияның бірнеше аудандарын (Кама, Хомса) әуеден бомбалағаны белгілі. Шабуыл басталған алғашқы тәулікте-ақ, Сирияның 12 нысанының күлі көкке ұшқандығы туралы осыған дейін жазған болатынбыз (http://qamshy.kz/home/show/1733).
Ресей терроризммен емес, оппозициямен соғысуда
Сириядағы Ресей қарулы күштерінің шабуылынан кейін 7 бірдей мемлекеттің президенттері Ресейді әскери операцияларды тоқтатуға шақырған. Жеті бірдей мемлекеттің атынан әзірленген ресми құжатта Сирия территориясындағы РФ Қарулы күштерінің шабуылдарына қатысты қарсылық білдірілген. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы әскери операция жүргізіп жатқан Кама, Хомса және Идлиба аудандарында бейбіт тұрғындар қаза тапқан. Ал, Ресей президенті Путин мырзаның пәрменімен басталған үшінші соғысқа әлем мемлекеттері теріс баға беріп отырғаны жасырын емес.
Батыстық және қазақстандық сарапшылардың пікірінше, Путин әскері ИМ-ге қарсы емес, Сирия оппозициясына қарсы соққы жасауда. Мақсаты Ресейдің жақтасы, серіктесі саналатын қазіргі билік басындағы Башар Асад үкіметін қорғау және оппозициялық күштерді жою.
Сириядағы соғысқа Қазақстан қарулы күштері де қатыса ма?
Ал ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында Ресей мен Сирия оппозициясы арасындағы әскери операцияларға Қазақстан қарулы күштерінің араласатыны айтылуда. Сириядағы соғысқа Еуразиялық экономикалық одақ пен Кедендік одақ аясындағы ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімшарттар (ОДКБ) негізінде еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің әскері жұмылдырылуыуы бек мүмкін.
Демек, Ресей Федерациясының стратегиялық серіктесі һәм одақтың негізін қалыптастырушы Қазақстанның да қарулы күштері Сирияны оппозициядан азат етуге қатысады деп топшылауымызға негіз жоқ емес.
Кезіндегі одақтасымыздың қалауымен Қазақстан сарбаздары Ауғанстан жерін ауғандардан азат ету операциясына қатысқаны есіңізде болар.
Дәл осы жағдай қайта қайталануы мүмкін деген сыбыс расқа айнала ма? Егер ескі һәм жаңа одақтасымыз, биылғы төраға Ресей қалайтын болса Қазақстан өз әскерін Сирияны сириялықтардан қорғамақ па?
Асад режіміне қарсы тұруға қазақтың қауқары жете ме?
Ресейлік БАҚ-тың жазуынша ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімшарт (ОДКБ) пен ЕАЭО әскері бірігуге міндетті ме? Жоқ. Егер мемлекеттің саяси құрылымы мен ұстанымына, мемлекеттің тәуелсіздігіне қарсы келетін әрбір қадамнан бас тартуға құқылымыз.
Асад кім? Неліктен БҰҰ Асад режіміне қарсы? Путин не үшін Сирия оппозициясын құлатып, Башар Асадты жақтауда?
Асад -Таяу Шығыстағы диктаторлық жүйенің тұрақты ойыншысы. Ол 300 мыңнан астам бейбіт сириялықты қырған, миллиондаған босқынның обалына қалған басшы. Ресей Федерациясының сенімді одақтастарының бірі. Оны жақтаушы Владимир Путиннің өзі де авторитарлы жүйенің өкілі. Асадпен мүдделес, Сириядағы мұнай нарығының ойыншысы. Ал, Путиннің пәрменіне қарсы тұрар қазақ билігінің қауқары белгілі. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде терроризмге қарсы екендігін айтқанымен, АҚШ пен Ресей, Ресей мен Сирия арасындағы жанжалдарға қатысты пікір білдірмеген болатын.
Ал, АҚШ президенті Барак Обаманың сөзінше, Ресейдің Сирияда жүргізіп жатқан операциясының мақсаты – Башар Асадтың режиміне әскери қолдау көрсетуді көздейді.
Обаманың айтуынша, қазір Вашингтон Түркиямен бірлесіп, Ресейге қарсы Сирияның шығысындағы Күрд жасақтарына көмек көрсетпек. Демек, саяси тұрғыдан Түркия, АҚШ және Сириядағы күрділер жасағы күш біріктірген.
Ал, Ресейдің жақтасы кім? Әрине, Қазақстан!
Иә, Путин мырза Сирияға өз күшіне сенгендіктен емес, шарасыздықтан барып отыруы мүмкін. Себебі, оның «клиенті» Асад үкіметі біртіндеп күйреуде. Сондықтан, ол өз мүддесі үшін соғысқа араласқан.
Сонда әлгіндегі ресейлік БАҚ таратқан сыбыстардағы ОДКБ ұжымдық қаупсіздік туралы келісімшарттар бойынша Қазақстан әскері соғысқа араласуы туралы ақпараттарда қаншалықты негіз бар? Ресей соғысқа өз мддесі үшін араласты? Ал Қазақстан не үшін әскери операцияларға араласуы тиіс? Тіпті, қарсы тарапта Түркия армиясы бар екенін ескерсек, Назарбаев өз бауырына қарсы соғысқа бара ма?
Мұндай қадамның Құдай бетін ары қылсын. Өйткені онда біздің бауырластарымыз түріктер бар. Олардың ниеті де Ресейден іргесін аулаққа салу.
Болашаққа бағытталған, мемлекеттің тәуелсіздігіне тікелей қатысты кез келген келісімге халқымен ақылдаспай баратын бір билік болса, ол – біздің Қазақ билігі. Еуразиялық экономикалық одақ – соның бір ғана дәлелі. Қазақ билігі осы әдетімен бүкіл әлем назарын өзіне аударып отырған Ресей-Сирия қақтығысына да қазақ жұртымен ақылдаспай, әскерлерімізді Ресейдің ықпалына жығып бермесе болғаны.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру