Комбайн 140 млн теңгеге дейін қымбаттаған. Үкімет баға өсірме дейді. Шаруаларға қиын

/image/2022/10/27/crop-2_10_327x581_selhoztehnika-30234.jpg

Қазақстан фермерлері күрделі жағдайда жұмыс істейді. Мемлекет қолдауы тұрақты емес, үкімет бағаны реттеу үшін экспортқа тыйым салады, ауыл шаруашылығына қажетті техника жыл сайын қымбаттап жатыр, ауа райы факторы тағы бар. Бұндай пікірді кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев мәлім етті.

БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының есебінше, 2022 жылдың қаңтар-мамыр аралығында азық-түлік индексі шамамен 40 пайызға көтерілген. Яғни, азық-түлік қымбаттап, аграрлық сала болашақтың мұнайына айналғалы тұр.

Ербол Есенеев азық-түлік бағасын шаруаларға субсидия бөлу арқылы реттеу қиын екенін айтады. Оның үстіне, жалпы елдегі субсидия көлемі аз – фермерлерге таратқанда тиын-тебен қалады.

Маманның дерегінше, Қазақстан 5 млрд долларға азық-түлік импорттайды, ал бар болғаны 3 млрд долларға экспорттайды. Баланс жоқ.

 

– Біз тоннасы 1-1,5 мың долларға бағамен өнім кіргіземіз. Бірақ сол заттың шикізатын 300-350 доллармен сатамыз. Мысалы, бидай, ет, көбіне тірі қара мал солай тепе-теңдікті сақтамайды. Бұл дұрыс емес. Алдағы 5-10 жылда осы тепе-теңдекті реттеу керек. Біз ең алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуіміз керек. Нақты бағыт бар – импортты алмастыру. Отандық өнімді арттыру қажет. Өкінішке қарай, қазір мемлекет экспортты реттеуге жиі араласады. Мысалға, бидай, май, тұқым майына, етті экспорттауға бірде тыйым салады, бірде алып тастайды. Бұл кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіреді. Онсыз да нарық құбылмалы, оның үстіне тағы бір тыйым қосылған кезде шаруалар бұл саламен айналысуды доғарғысы келеді. Ал, азық-түлік бағасын төмендету үшін өнімді көбірек өндіру керек. Басқа формула ойлап табудың керегі жоқ, – дейді ол. 

Маман тауардың өзіндік құнына техника, еңбек көзі, қажетті құрал-саймандардың қымбаттауы, логистика секілді факторлар көптеп әсер ететін атап өтіп, биыл ауыл шаруышылығының техникасы қымбаттағанын жеткізді.

 

– Былтыр К700 тракторының бағасы 40 млн теңгедей болса, биыл 86 млн теңге дейін қымбаттаған. Өткен жылы ең қарапайым комбайн 70 млн теңге болса, биыл 140 млн теңге тұрады. Ал бұл тауардың өзіндік құнына әсер етпей қоймайды, – дейді Ербол Есенеев. 

Сондай-ақ сарапшы шаруаларға мемлекеттен қолдау жасалса, тұрақты болуы керектігін, ал қазір бір басшы қолдауды жарияласа, келесісі алып тастайтынын айтты.

Дереккөз: atameken.kz

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар