Енді ел алдында есеп беретін болады

/uploads/thumbnail/20170708200010493_small.jpg

Қазақстанда енді министрлер мен әкімдерден бастап, жоғары оқу орындарының ректорларына дейін ел алдында есеп беретін болады. Бұл туралы Қамшы порталы Айқын-ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Өйткені бұлардың барлығы бюджетті, ел қаржысын миллиардтап жұмсауда. Алайда әр миллионның қайда кетіп жатқанын салық төлеушілер білмейді. Парламентке «100 қадам» Ұлт жоспары аясында енгізіліп жатқан жаңа заңдар топтамасы осы олқылықтың орнын толтыруға тиіс. Соның бірін «Нұр Отан» партиясы мен Мәжілістегі «нұротандық» депутаттар әзірледі.

Парламентте «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс басталып кетті. Ел тарихында бұрын-соңды болмаған осы жаңа жобаны оның авторларының бірі, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев таныстырды. 
–Ақпарат жасырылатын, оған халықтың бәрінің бірдей қолы жете бермейтін жерде жемқорлық тамыр жаяды! – деді Мәулен Сағатханұлы. –Қазақ­станда ақпарат мүдделі барлық тараптар үшін тең дәрежеде қолжетімді болуға тиіс! 
Оның хабарлауынша, біз ұмтылып отырған 30 дамыған мемлекетте қабылданған 3 негізгі қағидат елімізде өмірге жолдама алады: 
–Бұлар «мөлдірлілік», «есеп­тілік» және «тартылу­шылық» қағидаттары. «Мөлдір­лік» мем­лекеттік органдар қызметінің ашықтығын, олар­дың шешім қабылдау процесінің айқын­дығын қарастырады. «Есептілік» бойынша барлық меморгандар қоғам, халық алдында есепті болуға тиіс. Оны қамтамасыз етудің нақты тетіктері түзілген. «Тартылу­шылық қағидаты» бойынша азаматтар биліктің өз бетінше шешім қабылдауын не қимыл­дауын жай бақылаумен шектелмей, Үкіметтің шешімін түзуге де белсенді қатысады. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңы осы үш қағидатты жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді М.Әшімбаев. 
Жобаны әзірлеу кезінде БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымының, ЕҚЫҰ-ның, барлық дамыған елдер мүше «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы­ның» сарапшыларының ақыл-кеңестері ескерілген көрінеді. Еуропалық және аме­рикалық елдердің қолда­ныстағы заңдары талданған.

–Бұл жаңа заңның мақсаты – әрбір қазақстандықтың заңнамамен тыйым салынбаған тәсілмен ақпаратқа еркін қол жеткізіп, таратуға деген конституциялық құқықтарын іске асыру болып табылады. Яғни бұл құжат Ата заңымыздың нақты бір нормасын орындауға бағытталып отыр. Біз заң жобасында үш қағидатты нақтыладық. Мәселен, халыққа берілетін ақпарат ақиқат әрі толыққанды болуға тиіс. Атап айтқанда, енді адам­дардың арыз-шағымынан «отпискамен» құтыла салуға жол берілмеуі қажет. Оның орнына азаматтарға қажетті егжей-тег­жейлері бар, шынайы ақпарат ұсынылуы керек. Біз заңда осын­дай талапты бекітіп отырмыз! – деді комитет төрағасы.
Жобада ақпараттың «өзекті болуға және дер уақытында берілуге» тиістігі жазылады. «Әйтпесе азаматтар ақпарат сұ­ратады, меморган болса, оны бір айдан асқаннан кейін ғана жолдайды, ал ол кезде сол ақпаратқа қажеттілік те болмайды. Қолданыстағы заңнамада ақпаратты дер кезінде алу тетігі қа­растырылмаған еді. Сондықтан бұл тетікті арнайы енгіздік және оны жүзеге асыруға қажетті арнайы нормалар да көзделуде» деді М.Әшімбаев. Жобада 20 күн деген мерзім белгіленген көрінеді.
Оның нықтауынша, бұл заң күші «мемлекеттік құпияға» және «ішкі қызметтік ақпаратқа» («служебная информация») жататын ақпаратқа таралмайды. Мұның сыртында ұлттық заңнамадағы жеке өмірге және жеке отбасылық құпияға қол сұғуға салынған шектеу де сақталады. Мәселен, бұқара өкілдері әлдебір шенеуніктің жеке өміріне қатысты мәліметтерді сұратып, талап ете алмайды.
Сондай-ақ банк құпия да жасырын күйде қалмақ. «Бұл жер-де тек «ашық ақпарат» туралы ғана сөз болып отыр» дейді жоба авторлары.
– Біз осы заңда қандай жағдай болса да, мемлекеттік ор­ган­дар және басқа да құрылымдар тарапынан шектеу қоюға бол­май­тын ақпараттар тізбесін нақты жазып көрсетуге тырыстық, – деді Мәулен Сағатханұлы. –Яғни заңда қандай ақ­па­раттарды құпияландыруға болмайтыны жазылған. Осы тізім неғұрлым кеңейсе, билік те халық үшін түсінікті бола түседі. Әрине, бұл жерде ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне де нұқсан келмеуін ойластырамыз. Сондықтан жұмыс тобы аясында мұның қыр-сыры мұқият зерделенеді. Қалай болғанда, сол тіз­бе­ге кірген ақпарат түрлеріне қандай да бір «грифпен» шектеу қоюға тыйым салынады.
Мысалға, төтенше жағдайлар, адамдар өмірі мен денсау­лығына қатер төндіретін апаттар мен олардың салдарлары, табиғи апаттар туралы болжамдар, сондай-ақ денсаулық сақтау, демография, көші-қон, білім беру, мәдениет, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы салаларының, қылмыс және экономика­-ның жай-күйі туралы ақпараттарға шектеу енгізуге тыйым са­лынады.
Террористік актілер, экология жағдайы, індет, азаматтар пайдалана алатын жеңілдіктер туралы мәліметтер, азаматтар құқықтарының бұзылғаны туралы фактілер, Ұлттық банктің алтын-валюталық резерві туралы статдеректерді де құпия­лан­дыруға жол берілмейді. 
Ал халық алдына енді кімдер шығып, есеп береді? «Есептік кездесулер – ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету тәсіл­дерінің бірі. Заң жобасы бойынша және Ұлт жоспарының 95-ші қадамына сәйкес, әкімдердің сыртында, министрлер, мемлекет-тік органдардың басшылары, сондай-ақ ұлттық жоғары оқу орын­дарының ректорлары жыл сайын халық алдында есеп беріп оты­ратын болады. Оның өткізу тетіктері мен тәртіптері заңдық актілермен реттеледі. Ең бастысы, бұл енді – міндет. Министр­лер де халықпен кездеседі, өзі жүргізіп отырған саясатты, өздері қабылдаған шешімдерді түсіндіреді және алдағы жоспарларын баяндайды» деді М.Әшімбаев. 
Ол кездесулерді әкім мен министрліктер жанындағы жаңа­дан құрылатын Қоғамдық кеңестер ұйымдастырады. Есептік кез­десулердің онлайн (Интернет арқылы) трансляциялануы – шарт.
Заң жобасында Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесті құру көзделген. Бұл құрылым аталған заңның орындалуына бақылау жасап, мониторинг жүргізеді, оның та­лап­тарының дұрыс, әлде бұрыс іске асырылып жатқанын тал­дайды, азаматтардан арыз-шағымдар қабылдайды, көкейтесті мәсе­лелерді Үкіметте көтереді. Бұл кеңеске белгілі бір құзы­реттер берілмек. Оны Үкімет жанында, әлдеқандай да бір ме­м­орган құрылымында құру жайы жұмыс тобындағы талқылау барысында анықталатын болды.
–Бұл заң – өте қажет әрі маңызды. Ол Қазақстанда демо­кратиялық қағидаттарды іске асыруға, азаматтарды мемлекет­-тік шешім қабылдауға тартуға, меморгандардың қызметінің тиім­ділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлықпен күресуге ықпал етеді. Тұтастай алғанда, біздің ойымызша, осы заң азаматтардың билікке сенімін нығайтады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Қатысты Мақалалар