Азаматтарға арналған үкімет құрылады

/uploads/thumbnail/20170708200009712_small.jpg

Қазақстандықтарға «сәбес», «ГЦВП», «БТИ», тіпті ХҚКО (ЦОН) деген сөздерді ұмытуға тура келетінге ұқсайды. Қазіргі кезде халық арасында осылай аталатын ұйымдар енді тарих қойнауына кетпек. Бұл туралы Қамшы порталы Айқын-ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Олардың орнына мемлекет атынан бұқарамен байланыс жасайтын алпауыт корпорация құрылады. Кеше Парламентте «мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері» бойынша қолданыстағы ұлттық заңнаманы өзгертетін жаңа заң жобасының тұсауы кесілді. Бұл құжат «Азаматтар үшін үкімет» (Азаматтарға арналған Үкімет) құруды қарастырады. 

Жобаны қалаулыларға таныстырған Инвестициялар және даму вице-министрі С.Сәрсеновтың түсіндіруінше, «Азаматтар үшін үкімет» деген ұғым бұдан былай мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері болып табылатын корпора­цияның қызметін білдіретін болады. 
Сәкен Сәрсенов ХҚКО-лардың несімен «ұнамай» қалғанын түсіндірді: оның мәліметінше, қазақстандықтар әбден бой үйреткен «халыққа қызмет көрсету орталықтарының» басты артық­шылығы – қызметтерге тең қол­же­тім­ділікті қамтамасыз ету, барлық дерлік қызметтерді бір жерден алу мүмкін­дігін ұсыну және шенеуніктер мен азаматтар арасындағы тікелей байланысты бол­дыр­мау арқылы сыбайлас жемқорлық жою болған. «Алайда ХҚКО-лар азаматтардан өтініштерді қабылдау мен қажетті құжатты беруге ғана жауапты болды» дейді вице-министр.

– Бұған дейінгі оң тәжірибесі ескеріле отырып, ХҚКО-лар базасында мемқыз­меттердің бірыңғай провайдері құрылатын болады. Бұл жерде Канаданың тәжірибесі үлгіге алынады: бастапқы кезеңде жер қа­ты­настары, жылжымайтын мүлік, әлеумет­тік және зейнетақы төлемдерін төлеу сала­сындағы ең көп талап етілетін мемлекеттік қызметтерді «Азаматтар үшін үкімет» кор­порациясына беру ұсынылуда, – деді Сәкен Сәрсенов. 

Осынау жаңа тұрпатты алпауыт мем­лекеттік корпорация құрылуы үшін қазір жұмыс жасап жатқан бірнеше шешуші «РМК»-лар бір-біріне біріктіріледі. Нәти­жесінде, бұл корпорация тек өтініштерді қабылдаумен шектелмей, оларды өңдеу-мен және мәселені шешумен айналыса алады. 
Мәселен, бүгінде баспананың құжат­та­рын рәсімдеу үшін азаматтар біресе сәулет органына, біресе «Жылжымайтын мүлік орталығына», тіпті ХҚКО-ға жүгіруіне тура келетін. Енді бұл қызметтердің барлығы бір жерден көрсетілуі керек. – Бұл заң жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын түбегейлі жақсарту және мерзімдерін қыс­қарту, сондай-ақ сервистік компаниялар­дың қызметтерін қоса алғанда, клиент­тер­мен жұмыстың толық циклының орталық­тандырылған жүйесін құру болып табылады. Бұған қоса, жоба мемлекеттік қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгі­зуді, мемқызметтердің айқындылығы мен қолжетімділігін арттыруды көздейді, – деді вице-министр. 
Бұл ретте бастапқыда «Жер кадастры­ның ғылыми-өндірістік орталығы», «Жыл­жымайтын мүлік орталығы», «Зейнетақы тө­леу жөніндегі мемлекеттік орталығы» (ГЦВП) секілді 3 республикалық мемле­кеттік кәсіпорынды жойып, олардың функ­цияларын ХҚКО негізінде құрылатын кор­порацияға беру қарастырылады. Олардың барлығы енді «Азаматтар үшін үкімет» деп атала бастайды. Кейін оның қанатының ас­тына басқа да мемлекеттік мекемелер көшуі ықтимал. 
С.Сәрсенов «ХҚКО» (ЦОН) атауы бұ­дан былай қолданыстан шығарылатынын растады. 
Мәжіліс депутаты Майра Айсина осы алпауыт корпорацияны құру үшін бірнеше РМК-ны біріктіру кезінде қызметкерлер санының қысқаруы ықтималдығын жет­кізді. 
– Сөзсіз, қысқартулар жүреді. Өйткені төрт ірі кәсіпорын орнына бір алып кор­порация жұмыс жасай бастайды. Тиісінше, олардың әрқайсысында барлық көмекші-қосалқы лауазымдар қысқаратын болады. Әкімшілік, бюджеттік, қаржылық орган­дары бар, бір корпорация астында осындай бірін-бірі қайталайтын төрт құрылымға де­ген қажеттілік болмайды. Сондықтан оң­тай­ландыру күтілуде, – деді журналистерге түсініктеме берген М.Айсина. 
Қалаулының айтуынша, дәл қазір қан­ша қызметкердің қысқартуға ілігетінін айту қиын: «Бізге қазір төрт РМК-ның барлы­ғының жұмысын қарап, аудит жүргізу қа­жет. Бұл мәселені сонда ойластыратын бо­ламыз. Бұл үшін корпорацияның штаты қанша болатыны ескеріледі» деді ол. 
Жаңа мемлекеттік корпорация 2016 жыл­дың І тоқсанында жұмыс жасай бас­тайды деп жоспарлануда. 
Жалпы, «Азаматтар үшін үкімет» мем­корпорациясы Елбасы Н.Назарбаев жа­риялаған Бес институционалдық рефор­ма­ны жүзеге асырудың «100 қадамы – Ұлт жоспарына» сай құрылғалы отыр. 
Қазақстан көшбасшысы «мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде азаматтарға қо­лайлы жағдайлар жасау үшін» Канададағы Canada Service және Австралиядағы Centre­link үлгісін пайдалануды ұсынған еді. Бұл барлық қазақстандықтарға барлық қажетті мемлекеттік қызметтерді бір жерден алуына мүмкіндік береді.

Қатысты Мақалалар