Қазақстанда кілем шығаруға кіріскен түркиялық компания елімізде қалы кілемге арналған желім өндірісін де жолға қоймақ болған екен, бірақ арнайы экономикалық аймақ оның бетінен қағыпты. Бұл туралы Қамшы порталы Айқын-ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Онсыз да әрбір инвестордың басы алтынға теңесіп жатқан қазіргі экономикалық күйзеліс уақытында мұндай сорақылықтарға жол бермеу үшін мемлекет қолданыстағы салалық заңнаманы өзгертуге кірісті.
Айхан ШӘРІП
Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы бірінші оқылымда мақұлданды.
Бұл жобаның нендей жаңалықтар әкелетінін Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев баяндады.
– Елімізде қазір 10 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) бар, – деп хабарлады министр. – Индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бесжылдығы кезінде олардың инфрақұрылымы толық жасалды. Бүгінде бұларда 130 жоба іске қосылған. Тағы 90-ы белсенді жүзеге асырылу сатысында.
Министрдің мәліметінше, күні бүгінге дейін осы аймақтардың инфрақұрылымына бюджеттен және Ұлттық қордан 261 миллиард теңге шығындалды. Ал құйылған инвестиция көлемі 375 миллиард теңгеге жетті. Мұның сыртында 2 триллион теңгеден астам жеке инвестиция салынатын жобалар 2019 жылға дейін іске асырылады. Бүгінгі АЭА-лардағы өндіріс 816 миллиард теңгенің өнімін беруде.
Қаралып отырған жаңа заң АЭА-лардың басқару жүйесін жетілдіруді, инвестициялық ахуалын жақсартуды көздейді. Оны әзірлеу туралы Елбасы тапсырма жүктеген көрінеді.
Заң жобасы келесідей тұғырлы өзгерістерге жол ашады: біріншіден, басымдықты қызмет түрлерін анықтау процедуралары оңтайландырылады. Қазіргі уақытта егер қандай да бір қызмет түрі басымдықты салалар тізімінде болмай шықса, ықтимал инвестордың сол саладағы жобасы АЭА-ға жіберілмейді.
– Бір мысал келтірейін. «Оңтүстік» АЭА-сында қазақ-түрік компаниясы кілем шығарады. Олар осы өндіріске қажетті бірнеше затты сырттан импорттайды. Соның ішінде кілемге арналған клей-желім бар. Оны компания өз бетімен Қазақстанда, аймақ аумағында өндіргісі келген. Бірақ сол АЭА қызмет түрлерінің ішінде ондай өндіріс қарастырылмапты. Нәтижесінде, мұндай жобаларға тыйым салынады, – деді Әсет Өрентайұлы.
Қолданыстағы тәртіп бойынша қызмет түрлерін кеңейту үшін Президент жарлықтарына, Үкімет қаулыларына, Салық кодексіне түзетулер енгізілуге тиіс, тиісінше, бұл үдеріс орташа есеппен 2-2,5 жылға созылады. «Әрине, бұл әлеуетті инвесторды ойынан айнытады. Осыған орай жаңа заң жобасы шешім қабылдауды Үкімет деңгейіне ауыстырғалы отыр. Сөйтіп, басымдықты қызмет түрлерін анықтау процедурасының мерзімі 1-3 айға дейін кемиді. Бұл нақты бір АЭА-ны жаңа қызмет түріне тез бейімдеуге мүмкіндік береді» деді министр.
Жобадағы екінші концептуалды жаңалық – Инвестициялар және даму министрлігі базасында «Бірыңғай үйлестіру орталығы» құрылады. Бұрындары жаңа жобаларды АЭА-ларға әкімдіктер жолдайтын. Кейін заңнама өзгеріп, бұл істі министрлік үйлестіре бастады. Бірақ енді «бірыңғай стандарттарды ендіру үшін мейлінше дәлірек үйлестіру қажет» көрінеді.
Түңлігін жаңадан түретін Орталық мемлекеттік акциялар пакетін сенімді басқарумен айналысады. Бүгінде мемлекет экономикадан кетуге, бизнеске көп араласпауға тырысуда. Осы мақсатта «жекешелендірудің екінші толқыны» жүргізіліп, мемактивтер жекенің қолына тапсырылып жатыр. Тиісінше, «Бірыңғай үйлестіру орталығы» да мемлекеттің иелігінде қалатын 26-49 пайыз аралығындағы акциялар топтамасына иелік етпек.
– Біз қазіргі уақытта халықаралық әріптестерді тартуға кірісіп кеттік, – деп мәлім етті Инвестициялар және даму министрі. – Атап айтқанда, «Қорғас – Шығыс қақпа» АЭА-сын басқаруға Біріккен Араб Әмірліктерінің әлемдік деңгейдегі ірі порттық операторы DP World (Dubai Port World) тартылды. Атыраудағы мұнай-химия паркіне сингапурлық компания келді. «Оңтүстік» АЭА-ға түріктер кірді. Елбасының таяудағы Қытай Халық Республикасына сапарының нәтижесінде Жамбыл облысындағы «Тараз» химиялық паркін басқаруға қытайлық ірі химия компаниясының кіретіні туралы келісім бекітілді. Бұл жұмыс жалғасын табады.
Үшіншіден, жаңа заңға сәйкес шетелдік инвесторлардың жерді пайдалану мерзімі өседі.
– Біз көктемде Біріккен Араб Әмірліктерінде болдық және олардағы АЭА-лардың жұмыс тәжірибесімен таныстық, – деді министрге қайырылған депутат Тұрсынбек Өмірзақов. –Біз олардан қазақстандық АЭА-лардың неге тиімсіз жұмыс жасайтынын сұрап едік, бұл елдегі ең көне және ең ірі «Джебель Али» АЭА-сының басшысы айтты: «Қазақстанның мұндай аймақтары шектен тыс бюрократияландырылған. Біз басқаруға ниет танытқанбыз және бір жарым жылдан бері келіссөздер жүргізудеміз. Нәтиже шығар емес» деді.
Қалаулы үлгі ретінде арабтың осы аймағында компанияны тіркеу 24 сағатта жүзеге асырылатынын жеткізді.
– «Джебель Али» басшысымен біз бірнеше рет кездестік, тәжірибесін зерделедік, – деді министр Ә.Исекешев. – Олар шынында көп жетістікке қол жеткізді: тез тіркейді, құрылыс бойынша әлемдік стандарт енгізілген, ағылшын сотына ұлықсат етілген. «Джебель Али» «Сарыарқа» және «Ақтау» АЭА-ларын басқаруға алмаққа ниеттенді, алайда дағдарысқа байланысты бұл жоспарларын кейінге қалдырды. Рас, басқару саласында бюрократиялық кедергілер сақталуда. Мына заң соны біраз жұмсартуға тиіс.
Министрдің айтуынша, «Джебель Али» мысалы, инвесторларды әкелгісі келген, алайда олардың айналысатын ісі, өндірісі басымдықтар тізіміне кірмейтін болып шығыпты. Демек, жеңілдіктер жасалмайды.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов заң жобасындағы бір талапқа қарсылығын білдірді:
– Бұл заң мемлекет қаржысына салынған инфрақұрылымды «Kaznext invest» деген көпшілік біле бермейтін басқарушы компанияның жарғылық қорына беруді көздейді. Қазақстандағы 9 АЭА-дағы инфрақұрылым нысандарын салуға соңғы 12 жылда ғана 238 миллиард ел қаржысы шығындалған! Енді осы 238 миллиардтық инфрақұрылымды ешкімге белгісіз «Казнекст Инвестке» бергелі отырмыз. Бұған келіспей, жарғылық капиталға беруді тоқтату туралы ұсыныс жіберсек, Үкімет оған теріс қорытынды алып келіпті. Мен бұған қарсымын!
Мәжіліс депутаты АЭА-лардың ел бюджетінің қаржысына тұрғызылған инфрақұрылымын жарғылық қорға көшірмей, тек сенімді басқаруға немесе жалға беруді ұсынады. «Егер «Қазнекст» керемет жұмыс жасап, басқаруда табысқа жетіп жатса, оған осы объектілерді қарызға беруге болады. Сонда ол аяғын аңдап басады. Ал егер жарғылық капиталына – қоржынына салып берсек, өз меншігіндей қабылдап, ойына келгенін істейді. Үкімет те келісе салады. Өйткені бәрі де бизнестің айналасында жүрген азаматтар, жасыратыны жоқ, білеміз. Бұл жерде үлкен мемлекеттік мәселе, ұлттық мүдде тұр! «Қорғас», «Тараз», «Ақтау», «Астана – жаңа қала» нысандары, үлкен қаржылар кім көрінгеннің қанжығасында кетпесін!» деген депутат екінші оқылымға әзірлеу барысында тиісті ұсынысын енгізетінін мәлімдеді.