Қызылордада «Қазақ хандығы: тарихи және әдеби деректер мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл туралы "Қамшы" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Апта бұрын елорда төрінде мемлекеттік деңгейде аталып өткен Қазақ хандығының мерейтойы тарихымыздың тереңде жатқандығын тағы бір айғақтады. Сол жиында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды», - деп атап өтті.
Расында, Қазақ елі тарымырын тереңге жайған бәйтерек іспетті. Ұлы дала төсінде ұлы істер атқарып, тарихта аты алтын әріппен жазылған батырлар мен данышпандар жетерлік. Конференция барысында әрбір тарихи оқиға ғылыми зерттеулермен баяндалды.
«Біз Тәңірге, тарихи тағдырымызға жүздеген жылдық күрделі кезеңдері үшін өкпе айтпаймыз, бүгінгі және келешек ұрпаққа ең асыл мұра болып қалған Ұлы Отанымыз - Тәуелсіз Қазақстан үшін рахмет айтамыз!
Ендігі міндет - бабалар аманатына адал болып, Ұлы Дала елінде тәуелсіздікті мәңгі ету.
Ол үшін, біріншіден, азаттық дейтін асау тұлпардың тізгініне мықты уыс, тегеурінді тақым, алыстан барлап, қапысыз шешім таба алатын кемел ақыл қажет еді. Азаттық алған тарихи сәтте қазақ жұртына тап сондай ақыл мен тегеурін иесі бұйырып, бағы жанды. Ел тізгіні Елбасына тиді!
Екіншіден, қазіргідей аумалы-төкпелі заманда өз мүддесін толық, өз мақсатын анық білетін елдер ғана ілгері басады. Біздің елдік мүддеміз бен ұлттық мақсатымыз айқын, ол - Мәңгілік Ел», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов Қазақ хандығының құрылуы мен оның дамуына қысқаша шолу жасады. Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев пен С.Демирел атындағы университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ислам Жеменей жазба деректердің мәнін таратып айтып берсе, жергілікті ғалымдар тарихтағы тың деректермен бөлісті.
Коференция соңында жасалған баяндамалар және айтылған ойлар мен тұжырымдар негізінде ұсынымдар қабылданды.
Батыс Қазақстан мен Ақтөбенің шектесетін жерінде Исатай батыр ескерткіші ашылды
Орал-Ақтөбе күре жолының бойында, қос облыстың шектесетін жерінде 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Исатай Тайманұлының (1791-1838) ескерткіші ашылды. Бұл туралы "Қамшы" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай лотырып хабарлайды.
Оның ашылу рәсіміне ақтөбеліктермен бірге Батыс Қазақстан облысының делегациясы да қатысты. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы және «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның атап өткеніндей, Ұлы Дала төрінде атойлап өткен, ел намысын қорғауда жанын да, қанын да аямаған батырлар аз емес. Соның бірі - Исатай. Қиыл қырғынында қаза тапқан есіл ердің жерленген орны жөнінде екіұдай пікірлер айтылып келді. Жергілікті тұрғындардың көрсетуіне сүйенген ғалымдардың бір тобы батыр ұлы Оспанмен бірге Қобда ауданы аумағындағы Шейітсайдан мәңгілік мекенін тапқан десе, екіншілері Шолақмолдада екендігіне дәлелдер келтіреді. Қалай болғанда да, Исатай батырдың осы маңда жатқаны анық. Сондықтан Шейітсайда батыр кесенесінің көтерілуін заңдылық деп қабылдау керек. Енді, міне, әуелден елі аралас, малы қоралас қос облыстың шекарасында батыр ескерткіші ашылып отыр. Қазақ халқының қасиетсіз жері жоқ, соның бір көрінісі осы.
«Астана төрінде өткен Қазақ хандығының 550 жылдығында Елбасымыз «Басқаның патшасының бәрі жақсы, Неліктен біздің хандар жаман болған?» деген ақын Ғафу Қайырбековтің сөзін келтірді. Бұл шын мәнінде еліміз егемендік алғанға дейін кәріміз де, жасымыз да ұзақ уақыт бойы қойып жүрген сұрағымыз еді. Біздің ханымыз да, батыр-билеріміз де кейінгі ұрпақтарынан әділ бағасын ала алмай келді. Бұған жеке адамдар емес, тұтастай идеология ықпал етіп, сол арыстардың есімін жадымыздан өшіруге тырысты. Біз осыны бастан кешірдік. Исатай мен Махамбет кеңес дәуірінде белгілі бір бағасын алғанымен, ол да сол идеология шеңберінде қалған еді. Елі үшін ерен еңбек етіп, азаттық үшін жанын қиғандарды тәуелсіздігіміздің арқасында ғана біле бастадық. «Билемесе бір кемел, не болады өңшең нөл» деп Абайдың айтқанындай, ел ішінде кемелі де, бастамашылары да болады. Басшыны қолдау халықтың қолында. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген, халық қалаған істі бастамашылардың қолдауымен осылай сәтімен бітіре берейік», деді белгілі ақтөбелік ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов.
Салтанатта сондай-ақ Қобда ауданының әкімі Асқар Жүсіпәлиев, Исатайдың ұлы Жақияның шөбересі Ғазез Шамақов, «Исатай» қоғамдық қорының төрағасы Еркін Құрманбек, батысқазақстандық өлкетанушы Жайсаң Ақбай өз қуаныштарымен бөлісті.
Батыр ескерткішін тұрғызған ақтөбелік мүсінші Аяпберген Карпековтің айтуынша, бұл іс «Қазавтожол» Ақтөбе облыстық басқармасының Бағлан Баймағамбетов, Әкімжан Өтемұратов сынды басшыларының қолдауымен жүзеге асты. Екі жарым айда біткен композицияның биіктігі 4 метр, онда батыр бейнесіне қоса қалқан-қылыш, сол қилы кезеңді көрсететін белгілер көрініс тапқан. Бұдан бұрын аталған азаматтардың көмегімен Орал-Ақтөбе жолы бойында Исатай батырдың бейітіне жолаушыларды бағыттайтын жол көрсеткіші де қойылған болатын.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысқан, құрамында профессор, ғалымдар, студенттер, ақын-жазушылар бар М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Бабалар тарихына тағзым» атты экспедициясы оған қоса Исатай Тайманұлының кесенесіне арнайы барып, тағзым етіп қайтты. Университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының докторы Ғизатолла Имашевтің сөзіне қарағанда, оқу орнында 2013 жылы құрылған «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығы (директоры - педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев) содан бері Исатай мен Махамбеттің есімін ардақтап, ерлігін насихаттау бағытында бабалар жүрген жерлермен осындай жорықтар ұйымдастырып, жаңа деректер жинақтаумен айналысып келеді. Мұндай игілікті іс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.