Үкіметтік емес сектор қызметінің даму динамикасы жайында сөз болғанда, әдетте ең алдымен аталған саланың қызмет жүйелілігін реттеп отыратын жетілдірілген заңнама, мемлекет пен ұйымдар арасындағы екіжақты тиімді байланыс, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар ісін қадағалау, есеп беру механизмі сынды дүниелер қарастырылады. Бұл туралы Қамшы порталы Айқын-ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Себебі, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы екіжақты тиімді механизм орын алғанда ғана аталған сала жоғары нәтижесін бере алады.
Алайда еліміздегі үкіметтік емес сектор саласында мұндай мәселелерге жауап іздеу барысында қиналатынымыз сөзсіз және мұның себебі бар. Мәселен, тіркелген ҮЕҰ саны 20 мыңнан асып жығылса да, мемлекеттік органдарға ұйымдармен жұмыс жасау әлі күнге дейін күрделі, себебі аталған ұйымдардың жұмыс жасау бағыты мен механизмдері туралы айту қиын. Әдетте, көптеген дамыған мемлекеттерде үшінші сектор қызметін бақылауға арналған үкімет жанынан арнайы департамент немесе қадағалау органдары жұмыс жасайды. Атап кетер болсақ, Ұлыбританияда министрліктер жанында «Үшінші сектор департаменті», ал Хорватияда «үшінші сектор комитеті» сынды арнайы мемлекеттік органдармен қатаң қадағаланады, ал АҚШ штаттарында сала қызметі муниципальдық деңгейде мәселелерді шешу үшін лицензияланады және мұндай жүйе өз кезегінде мемлекет тарапынан ұйымдар ісін қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл орайда біздің елде салық және статистика комитеттері тарапынан үкіметтік емес ұйымдардан жылдық қатаң есептеме талап етілмейді, ең бастысы, өз уақытында салық декларациясын өткізсе болғаны, бір қызығы декларацияда ешбір сандық көрсеткіштер айшықталмаған. Мүмкін, осы себептен де болар, еліміздегі әлеуметтік қызмет көрсету нарығының басым бөлігі әлі күнге дейін мемлекеттік органдардың ықпалына тиесілі. Ал ұйымдар құзырына әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс аясында ғана жүзеге асырылатын жобалар қарастырылған. Қаржыландырудың аталған бір ғана түрінің болуы, қазіргі уақытта үшінші сектор қызметінің нәтижелі жұмыс жасауына тосқауыл болып отырса, екінші жағынан мемлекетке де азаматтық қоғам деңгейін көтеруге кедергілер келтіріп отырғаны сөзсіз.
Бүгінде әлемдік тәжірибе үшінші сектор саласының нәтижелі жұмыс жасауы үшін қаржыландыру мен донорлар тарту ісінде көптеген мүмкіндік жасап отыр. Мәселен, Еуропаның дамыған мемлекеттерінде нормативтік акт аясында ҮЕҰ-ға субсидия, грант пен сыйақы қарастырылған және халықаралық, жергілікті донорлар арқылы үкіметтік емес сала қызметін жандандыру ісі де қолға алынған. Елімізде Мәдениет және спорт министрлігі ұсынысымен үкіметтік емес сектор ісіне арналған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша» үкімет қарауына тапсырылған заңнамалық толықтырулар алдағы уақытта сала қызметінің жаңа сипатта дамуына үлес қосады деген сенім мол. Себебі, жаңа заңнамалық толықтырулар бірыңғай операторды іске қосуды қарастырып отыр. Оператор мемлекет және халықаралық донорлар сеніміне ие болған, үкіметтік емес ұйымдардың игілігі үшін қызмет ететін болады. Аталған толықтырулар Қазақстанның Азаматтық Альянсы тарапынан ұсынылғанымен республика бойынша үкіметтік емес ұйымдар арасында да кең талқылауларға түсті. Мәселен, заңнама бойынша 3500 БАҚ және интернет ресурстарында баспалық мақалалар және 50 видеоконференция жарыққа шықты. Ендігі тұста ұйымдар қызметінің даму динамикасы жаңа жұмыс жүйесімен тікелей байланысты. Қазіргі уақытта ұйымдардың сандық көрсеткішін ғана емес, нақты жұмыс жасаушы ұйымдар санын, қызмет саласы, жүзеге асырған жобалары сынды құнды ақпараттарды жинақтау үшін бірнеше ай бұрын Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде «Нұр Отан» партиясы саяси менеджмент мектебіне жүзеге асыруына тапсырылды. Жыл соңында үкіметтік емес сектор қызметінің бүгінгі жай-күйін толық көре алатын боламыз. Өз кезегінде жасалынған мониторинг жаңа қабылданатын заңнама бойынша инновациялық бағытта жұмыс жасайтын болады.