Жігерлі жас төрден орын табады

/uploads/thumbnail/20170708200013415_small.jpg

Кез келген жастың арманы – дәулет пен бақ, жарқын болашақ болса керек. Бұл – мақсаты биік, талабы кеңге, білімі терең, еңбегі көпке бұйыратын дүние. Бұл туралы Қамшы порталы Айқын-ақпаратқа сілтеме асай отырып хабарлайды.

«Нұр Отан» – көшбасшы партия ретінде жас, жасампаз, жігерлі қазақстандықтарға қолдау көрсетіп келеді. Осы бағыттағы партиялық жобалардың бірі – «Жас Отан» жастар қанаты арқылы іске асырылып жатқан «Жастар кадрлық резерві» болып табылады. Кеше «Нұр Отанның» Астана қалалық филиалы ғимаратында байқау комиссиясы кадрлық резервке кіруге үміттілермен сұхбаттасуға кірісті.   

– Кадрлық резервке кіруге 17-28 жастағы қазақстандықтар үміттене алады, – дейді «Жас Отан» жастар қанаты хатшылығының өкілі, жастар жобалары бөлімінің эксперті Ұлан Балдахов. – Жоба бүкіл Қазақстанды қамтиды, тиісінше, барлық өңір­лерде үміткерлермен әңгімелесулер жүруде. Бүгін сұхбаттасудың Астанадағы кезеңі басталды. Екі күн ішінде біз барлық үміткерлермен сұхбаттасып шығамыз. Бір елор­даның өзінде «Жастар кадрлық резерві» сайты арқылы 125-тен астам адамның өтініші тіркелді. Дегенмен бізге әр өңірден тек екі, ал бүкіл Қазақстан бойынша барлығы 32 адамды ғана іріктеп алуымызға тура келеді. 
Алғашқы сыннан сүрінбей өткендер келесі «білім беру» кезеңін­де кәсіби басқарушылардың білік-машықтарының негіздерін мең­гереді. Бұл кейін оларға мемлекеттік басқару құрылымдарында, жеке секторда өз әлеуеттерін жарқырата ашып көрсетуге көмектеседі. 
– Біз резервке кірген жастардың тұлғалық өсуіне жәрдемдесеміз. Бұл істе партияның Саяси менеджмент мектебі, Мемлекеттік басқару академиясы қолғабыс етеді. Мұның сыртында «резервистерді» баптау, олардан болашақ басқарушылар жасау үшін шетелден жаттық­тырушыларды, психологтарды тартамыз» – дейді Ұ.Балдахов.  
Жалпы, «Жастар кадрлық резерві» партиялық жобасы өзінің табыстылығын дәлелдеді. Бүгінде оған 372 жас басқарушы кіріп отыр. «Резервистер» мемлекеттік қыз­метке, ұлттық компаниялар мен холдингтерге жұмысқа орналасып, абыройлы еңбек етуде. Мұның сыртында жоба түлектерінің бір­қатары өз бизнестерін ашты. Өйткені жоба аясындағы білім беру, жат­тықтыру үдерісі оларға өмірдегі өз орнын анықтауға мүмкіндік береді, сол жолдағы ары қарайғы батыл қадамдарға бағдарлайды.
– Мәселен, Маңғыстау облы­сынан қатысқан Лиана Шуликова біздің тренингтерден кейін өз ісін ашты. Қазір оның Батыс Қазақстан өңірінде табысты дамып жатқан төл холдингі бар, олар жас адамдардың стилін, имиджін түзеді: жастарға өзін қалай салмақты ұстауды, көрнекті көріну үшін қандай киім киіп, тіпті қандай шаш қою үлгісін ұстану керектігін үйретеді, – дейді «Жас Отан» хатшылығының өкілі.     
Оның мәліметінше, жастар резервіндегі азаматтардың бірқатары мемлекеттік қызметке тұрды. Мы­салы, жобаның былтырғы түлегі Светлана Гладышева Ақсу қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымына дейін жоғарылады. 
«Жастар кадрлық резерві – 2015» жобасының жаңалығы – студенттік аудиторияға басымдық беріліп отыр. Оған сондай-ақ жастар ұйым­дарының жетекшілері қатысуда.
– Былтыр жасы 25-29 ара­лығындағы, өмірлік және кәсіби тәжірибесі бар жастарға бағ­дарлансақ, биыл колледж, уни­верситеттерде оқып жүрген жас­тарды көбірек қамтымақпыз. Егер олар болашақта еліміздің бас­қарушылары қатарынан орын алуды қаласа, соған құлшынса, қазірден бастап тәрбиелеуге, баулуға тиіспіз. Оқу орнында жүріп, мұндай тә­жірибелік біліктілікке қол жеткізу қиындау. Біз оларға меморгандар мен құрылымдарда тәжірибеден, тағылымдамадан өтуге, кейін жұмысқа тұруға жәрдемдесеміз. Егер жас адам жігерлі, талапты, мақ­сатшыл болса, өз мұратына жетеді. Ал «Нұр Отан» партиясы «резер­вистердің» меморгандарда, ұлттық компанияларда, Парламентте тәжірибеден өтуіне көмектеседі, – деді Ұлан Балдахов.
Кеше сұхбаттасудан алғаш­қылардың бірі болып, елордалық заң университетінің халықаралық құқық факультетінің студенті Валерия Волошина өтті. Өзі мемлекеттік тілді жақсы-ақ меңгеріпті.  
– Менің дос қыздарымның бірі­не мансап сатысы бойынша өсуге «Нұр Отан» партиясы жастар қана­тының осы кадрлық резерві көмек­тесті. Ол біз үшін жетістікке жетудің бағ­дарына айналды. Сондықтан мен де бағымды сынап көруге ұйғардым. Мұның сыртында көшбасшы партия жастарға арналған басқа да жоба­ларды жүзеге асыруда. Соларға да қатыспақ ниетім бар. Олар жауап­кершілік, мақсаткерлік, еңбек­сүйгіштік қасиеттеріне ие жастарды қолдайды, – дейді Валерия.
Байқау комиссиясының мүшесі, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас­шысы Талғат Рахманберді де пар­тиялық жобаға жоғары баға береді: 
– Астана – жастар қаласы. Елорда тұрғындарының 30 пайы­зынан астамы – 14 пен 29 ара­лығындағы жас азаматтар. Пар­тияның «Жастар кадрлық резерві» оларға өз орнын табуға, әлеуетін іске асыруға, нәтижесінде тек өз өмірін жақсартып қана қоймай, сондай-ақ елорданың және елдің өркендеуіне үлес қосуға жол ашады. Мұндай ізгілікті шараларды біз, Астана әкімдігі қолдаймыз! 
Т.Рахманберді сұхбаттасу кезінде үміткерлерді қандай өлшем-кри­терийлер бойынша баға­лайтынын айтып берді: «Ақыл жастан демей ме, жас адамның айтатын ойы жаңа, ал сөздік қоры соны лайықты жеткізуге жеткілікті болуға тиіс. Сонымен бірге үміт­кердің осы уақытқа дейін жеткен жетістігіне, қоғамдық істегі бел­сенділігіне қараймын. Алдына қандай мақсат қойып отырғаны да назар аудартады. Дегенмен мақсат қоюмен шектелмей, оған жету жол­дарын білу маңызды». 
Сондай-ақ ол Астана әкімдігінің өкілі ретінде жас маманның таңдаған мамандығына да назар аударады екен: «Себебі біздің қала нарығында белгілі бір кәсіп иелеріне мұқтаждық үлкен, сұраныс көп. Олар – техни­калық, инженерлік, құрылыс маман­дық­тары. Елордада дәрігерлер, бас­тауыш сынып мұғалімде­рі же­­тіс­­­пейді. Осылардың барлығын ескере келе, бір шешімге келеміз» деді ол.
2008 жылы «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қа­натының І съезінде Мемлекет бас­шысы, партия Төрағасы Н.Назар­ба­ев жастар қатарынан «мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес және қо­ғамдық қызмет саласы үшін қажетті заманауи және тиімді басқару­шылардың жаңа буынын қалып­тастыру» міндетін қойған болатын. Осы орайда «Жас Отан» «Жастар кадрлық резерві» жобасына бас­тамашы болды. 
2009 жылдан бері жүзеге асы­рылып келе жатқан бұл жоба кәсіби машықтар мен басқарушылық біліктілікке ие, мансап сатысымен жоғарылауға ынталы, оқып-үйренуге бейім, сараптамалық ойлау қабілеті және айқын аңғарылатын көш­басшылық қасиеттері бар жастарға арналған. 
6 жыл ішінде «Жастар кадрлық резервіне» енуге 10 мыңнан аса жас өтініш білдірді. Жоба қолға алын­ғалы бері 372 адам ашық іріктеуден, тестілеуден өтті, оқу модульдеріне қатысты, кәсіби біліктіліктері ба­ғаланды. Әртүрлі ұйымдарда тағы­лымдамалардан өтті. 
Енді жобаның жаңа толқыны бастау алып отыр.

Қатысты Мақалалар