Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында «Сүйінбай Аронұлы» атты түрік тіліндегі жаңа жинақтың таныстырылымы өтті.
Кітап айтулы ақынның 200 жылдық мерейтойына орай Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев пен ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы
Дүйсен Қасейіновтің ұйытқы болуымен, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаевтың тәржімалауымен оқырман қолына тиіп отыр. Бұл туралы Қамшы порталы Айқынға сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жазушы, академик, профессор Нағашыбек Қапалбекұлының айтуынша, Сүйінбай мұралары бұрын-соңды өзге тілге аударылмаған көрінеді. Сондықтан ақынның өлеңдерін топтастырып, жан-жақты талдаған әдеби еңбек Сүйінбай шығармашылығын зерттеу ғылымына қосылған үлкен үлес болып табылады.
Ал Қазақстанның ТҮРКСОЙ ұйымындағы өкілі Мәлік Отарбаев толайым топтаманың былтырғы жылы атап өтілген «Түркі дүниесінің бас қаласы – Қазан жылының» салтанатты жабылу рәсімінде Мәдениет министрлерінен құралатын ТҮРКСОЙ тұрақты кеңесі қабылдаған шешімнен кейін Анкарада басылғанын жеткізді.
– Биыл Жетісу ақындарының алтын діңгегі – Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығы өз елімізде ғана емес, түркітілдес мемлекеттер арасында да кең көлемде тойлануда. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі менТҮРКСОЙ ұйымының қолға алуымен Сүйінбай жылы аясында маусым айында екі-үш қалада халықаралық конференция табысты өтті. Осы жиыннан кейін Түркияның танымал «Кардеш калемлер» журналы мамыр айындағы санын Сүйінбай бабамыздың өмірі мен өнеріне арнады. Сол игілікті істердің жалғасы ретінде бүгін алдарыңызға «Сүйінбай Аронұлы» кітабын алып келіп отырмын. Ақынның өлеңдерінен бөлек, Сүйінбай тақырыбында ой толғап жүрген қаламгерлердің мақалалары да түрік тіліне аударылып, енді. Бұл – қазақ халқы үшін үлкен жетістік, ерекше мақтаныш. Өздеріңізбен осы жағымды жаңалық, зор қуанышпен бөлісуге келдім,–деді Мәлік Отарбаев.
Бұдан кейін «Ан-Арыс» баспасының бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Кәдірбек Құныпияұлы, ұйғыр жазушысы Ахметжан Ашири, М.Әуезов атындағы Әдебиет жә-не өнер институтының бөлім меңгерушісі, жазушы Нұрдәулет Ақыш, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов кітаптың тұсауын кесіп, көпшілікке таратты. Сондай-ақ тұсаукесер рәсімінің ойдағыдай жүзеге асуына қолдау көрсеткен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәліге ТҮРКСОЙ ұйымының естелік сыйлығы табыс етілді. Шара барысында Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншісі Ерболат Шалдыбеков, республикалық байқаулардың жеңім-пазы, жыршы-термеші Мақпал Тоқтаған, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас талант Данияр Рахымбаев сияқты өнер иелері Сүйінбай ақынның өсиет-нақылдарын көпшілікке тарту етті.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, Түркі әлемі халықаралық «Қызыл Алма» сыйлығының лауреаты:
– Қазақ шежіресінің соңғы 24 жылы біздің бұрын-соңғы тарихымыздағы көрнекті тұлғаларымызды, ұлыларымызды ұлықтау жылы болып жалғасып келеді. Соның жарқын мысалы, түркі халқының мәдениетін насихаттау, қайта тірілту, ұрпаққа аманаттау мақсатында жұмыс атқарып отырған ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен Сүйінбай бабамыздың тойы халықаралық дәрежеде аталып өтуі. Бұл – біздің ұлттық мәртебеміздің биіктегені-нің бір көрсеткіші. Сүйінбай бабамыз қазақ әдебиетінің тарихында өзінің қайраткерлік болмысымен, шығармашылық тұлғасымен дараланады. Басты ерекшелігі дегенде, әуелі оның толғауларында, айтыстарында, термелерінде ұлтқа ортақ мәселелерді көтере білгендігін алға тартамыз. Бұған мысал ретінде қырғыз ақыны Қатағанмен айтысын тілге тиек етсек болады.
Зерттеушi Сұлтанғали Садырбаев айтқандай, Сүйiнбай мен Қатағанның сөз сайысы – еларалық, ұлтаралық айтыс. Бұл айтыста Сүйiнбай ақын өзiнiң шығармашылық қуатының айбатын, айбынын, өмiр шындығына сай асқақтата, көркем бейнелiлiк кестеленген тiркестермен жырлаған.
– Күйдiремiн шоқтайын,
Кетерсiң жанып оттайын!
Қос өкпеңнен қадалдым,
Садаққа салған оқтайын.
…Аспанға шығып шарықтап,
Қанатымды серпейiн,
Жанып тұрған жалынмын,
Сүйегiңдi өртейiн.
…Төбеңнен әкеп өлеңдi,
Қос уыстап құяйын.
Төбеңнен өлең сауласа,
Сонда болар уайым.
Шығарма, Қатаған, үнiңдi,
Есiңде сақта құлаған,
Қанатың сынған күнiңдi, – деп қарсыласына дес бермейді.
Осы Сүйiнбай мен Қатаған айтысы-ның еларалық, ұлтаралық өнер сайысы ретiнде танылатын ерекшелiгiн айқындап айту – бүгiнгi уақыттың өзектi талабы. Қырғыздың да, қазақтың да дербес, ұлттық тарихы бар. «Сүйiнбай мен Қатаған айтысының» композициясындағы, көркемдiк мазмұнындағы әрбiр ақынның жырлауынан мынадай ерекшелiктердi саралап тануға болады. Бiрiншiсi – қырғыз бен қазақ арасындағы ұлтаралық достық байланыстардың мәңгiлiк жолын құрметтеу. Екiншiсi – қырғыздың да, қазақтың да ұлттық-халықтық дербес этностық тұрғыда қалыптасқан қалпын бағалау.
Халықтардың достық, бауырмалдық сезiмдерiн, адамгершiлiк iзгiлiк қарым-қатынастарын жырлау – осы айтыстың алтын арқауы. Халық әдебиетiнiң ежелгi жанры айтыстың көркем әдеби туынды ретiндегi шеберлiкке негiзделген құрылысын, мазмұнын осы ұлтаралық достықты жырлаған сарынның нығайтып тұрғаны анық. Айтыстың ұлтаралық достық, туысқандық байланыстарды танытатын да ерекшелiктерi бар. Оның ең бастысы – Сүйiнбай ақын-өлеңдерiндегi туысқан елге, қырғыз халқына арналған жылы, достық сезiмнiң берiлуi. Алғашқы дидарласу, сәлемдесу жырында «Бауырлас, қырғыз елi, саған келдiк», «қанаттас қырғыз елiн көрмек үшiн» деп асқа келген көңiл күй мақсатын айқын жырлайды.
– Бас қосқан екi халық ұлы жиын,
Келген соң сөйлеу керек сөзден қайтпай,
Қол жайып, Құран оқып өткендерге,
Аруағын атам қырғыз келдiм жоқтай, – дейді.
Қатағанның айтыста үстемдiк алуы, жеңiске жетуі үшiн қырғызды мадақтап, қазақты кемiткiсi келген психологиялық шабуылдарына Сүйiнбайдың достық, туыстық хақындағы сөздерi тосқауыл жасайды:
– Жақпады маған қылығың,
Тыныштыққа бетiң жоқ.
Тiлейсiң бе халықтың,
Жаугершiлiк бүлiгiн.
Елдi сақтау мiндетi,
Ақынның бiлсең, Қатаған,
Құрысын мұндай ырымың!
…Қазақ, қырғыз елдесiп,
Тыныштықта тұрғанда
Анау-мынау демегiн!
Еларалық-ұлтаралық мұндай айтыстар – бейбiт қатар өмiр сүруге дәнекер болатын мәдени қазына. Халықтардың дербес болып қалыптасқан өзiндiк тарихын құрметтеп жырлау арқылы ақын-дар жалпы адамзаттық гуманистiк мұраттарды игердi. Ақындардың өзiнiң туған елiн сүйген перзенттiк махаббат әуендерi туысқан халықтарға арналған достық сезiмдерiмен ұштаса келе, өнердiң жалпы адамзаттық гуманистiк мұраттарымен толық үндестiк тапты.
Қорыта айтқанда, Сүйiнбай мен Қатаған айтысы – қырғыз-қазақ халықтарының кең-байтақ даланы мекендейтiн географиялық кеңiстiгiн танытатын шығарма. Айтыста қырғыздың Ыстықкөл жайлауы, Алатау өңiрi, қазақтың барлық өлкесi, Жетiсу, Сыр бойы, Сарыарқа, Едiл, Жайық өзендерi мен Орал тауы төңiрегi және сол мекендердегi қазақтың ататек-тiк жүйесiндегi барлық әулеттер толық қамтылады. Демек, бұл айтыс – Сүйiнбайдың бүкiл қазақ елiн тұтастай қамтып жырлаған нағыз ұлт ақыны екендiгiн дәлелдеген шығарма. Сүйiнбай қазақ даласын мекендейтiн барлық ататектiк-әулеттiк жүйенiң әрқайсысына тән ерлiк, елдiк қасиеттердi саралай, нақты тарихи дерекпен поэтикалық ажарлау тiлiмен жырлады, ұлттық тұтастықты «қарға тамырлы қазақ» қалпымен құрайтын тарихи, таби-ғи ерекшелiктi мадақтайды. Ақынның бүкіл қазақ халқын толық қамтыған қайраткер тұғырындағы көңілі, оның өрнегіндегі көркемдік кестелері тұтасқан бұл туынды – айтыс жанрының нағыз классикалық үлгісі. Сондықтан Сүйінбайдың кітабының Түркияда шығуы және жинаққа қазақ-түрік ғалымдарының зерттеу мақалаларының енуі – ұлттық бірлігіміздің көрсеткіші. Сүйінбай шығармашылығы енді әлем кеңiстігінде, әлем өркениетінде, біздің түркітілдес халықтардың мұрасын білетін планетада насихатталатынына күмән жоқ!