Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Шетелде тұратын қазақ диаспорасының өкілдерін қазақстандық қоғаммен ақпараттық жұмыс жүргізу үшін жұмылдыру» атты жоба жұмысын бастады.
Мұндағы мақсат – шетелде тұратын қазақтармен қарым-қатынасты нығайту. Осы орайда Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатында шетелдік қандастарымыздың қатысуымен «Мәңгілік елдің ұлы тарихы» атты алқасөз өтті.
Германия, Түркия, Франция, Финляндия, Қытай, Ауғанстан, Иран, Сауд Арабиясы, Ресей, Ұлыбритания, Моңғолия елдерінен келген қандастарымыз бен қазақстандық өнер қайраткерлері, сондай-ақ Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры қызметкерлері ақпараттық топ құрды. 2015 жылғы 29 қыркүйек пен 10 қазан аралығында топ мүшелері Алматы, Қызылорда, Түркістан, Кентау, Тараз қалаларына іссапармен барып, жергілікті халықпен кездеседі. Онда шетелде тұратын қазақ диаспорасының тыныс-тіршілігі, атажұртпен қарым-қатынасы, қазақ тіліне, салт-дәстүріне, діні мен діліне қатысты өзекті мәселелерді қозғап, пікір алмаспақ.
Мысалы, Еуропағы қазақ қоғамдары қауымдастығының төрағасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі, саясаттану ғылымдарының докторы Каюм Кисижи атамекенінен шалғай жүрсе де оларда салт-дәстүр жақсы сақталғанын айтады. Мәселен, кісі өлгенде жетісін, қырқын беру, шілдехана жасау, азан шақырып ат қою, тұсаукесер ғұрыптары өткізіледі екен.
– Шетелде тұратын қазақ диаспорасы – қазақ елінің ажырамас бөлігі. Сол себепті, Қазақстанда болып жатқан өзгерістер бізді де елең еткізіп отырады. Алайда Қазақстан халық ассамблеясы мен Ата заңның 20 жылдығы мерейтойлары ол жақта толық насихатталмаған. Ал Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығы бүкіл қазақты елең еткізген биылғы басты оқиға болды. Өйткені диаспора қазағы Қазақстанды «елім, мемлекетім, атажұртым» деп санайды. Сол себепті, оған үлкен қызығушылық бар, – дейді Каюм Кисижи. Соған орай Еуропадағы қазақ диаспорасының 2009 жылдан бері өткізіп келе жатқан конференциясы биыл Қазақ хандығының 550 жылдығына арналмақ.
Алайда оларды толғандыратын мәселелер де бар. Мысалы, қазақ тілін үйренуге қандас бауырларымыз ғана емес, өзге ұлт азаматтары да қызығушылық танытады екен. Сондықтан әсіресе, қазақ диаспорасының көбірек шоғырланған Еуропа қалаларында қазақ мәдениет институттары ашылса екен деген тілектері бар. Өйткені қазақ тарихы, мәдениеті, салты жат жұрттықтарға таныстырылып отырғаны дұрыс деген ойда. Сондай-ақ қазір ғаламтордан ғана оқуға болатын, бұрындары төте жазумен шығып тұрған «Шалқар» газетін қайтадан басылып тұрса екен деген ниеттері де жоқ емес. Ал Франция қазағы Абдулсамет Алтай Би-Би-Си-дегі қазақ бағдарламаларының жабылып қалғанына өкпелі.
– Біз өзімізді сыйлай білсек, өзге ұлт өкілдері де сыйлай бастайды. Мысалы, шетелдіктермен көп араласамыз, солардың бәрі қазақша сөйлеуге әуестенеді. Себебі біз өзімізді сыйлап үйрендік. Шетел қазақтарының басты мәселесі – осы. Өз тілін білмейтін бірде-бір шетел қазағы жоқ. Бірі – арабша, бірі – түрікше, бірі – француз тілін қосуы мүмкін, бірақ бастысы негіз бар. Мысалы, кейбір ағайындар тілді білмеу себебін орысша оқығанымен түсіндіреді. Ал мен төрт тілді оқыдым, ол өзіме қажет болды. Бірақ бұл бесінші тіл – қазақ тілін білуіме кедергі болған жоқ, – дейді Ираннан келген ғалым Ислам Жеменей.
Қандастарымыз атажұрттан жырақ жүрсе де, елінің жанашырлары екенін білдірді. Қашанда етене жұмыс істеуге әзір екендерін жеткізді. Орталық мұрағатта бас қосқан қонақтарымыз тілшілермен кездесіп, кейін ел тарихынан сыр шертетін құнды деректерге толы көрмені тамашалады.
Айта кетейік, «Шетелде тұратын қазақ диаспорасының өкілдерін қазақстандық қоғаммен ақпараттық жұмыс жүргізу үшін жұмылдыру» атты жоба барысында Қазақстанның даму басымдықтарын ілгерілету үшін ақпараттық жұмыстар жүргізу мақсатында шетелде тұратын қазақ диаспора өкілдерін тартып, пул құру, Қазақстан қалаларында жергілікті халықпен кездесулер өткізу, республикалық және облыстық телерадио арналарда тікелей эфирлерге қатысу, бұқаралық ақпарат құралдарына материалдар, мақалалар дайындап, атқарылған жұмыстар жайлы ақпарат жариялау және интернет-сауалнама жүргізу, Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдық мерейтойына арналған мәдени іс-шараларға шетелде тұратын қандастарымыздың белсенді түрде қатысуын ұйымдастыру жұмыстары көзделіп отыр.
Деререк көз: Айқын-ақпарат