Қазақстандық журналист, блоггер, қоғам белсенділері «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының «Нұр Отан» партиясы қолдауымен өткізген кезекті отырысында бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік қатынастарды талдау арқылы қазақ тілінің қоғамдық пікір қалыптастырудағы ықпалын анықтауға тырысты. Бұл туралы Қамшы порталы Айқынға сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Сонымен, әзірге елдегі тек мемлекеттік тілдегі ақпарат құралдары барлық бұқаралық ақпарат құралдарының төрттен біріне жетпейді. 2014 жылғы есеп бойынша, Қазақстанда 2234 БАҚ тіркелсе, оның ішінде мемлекеттік тілде – 521, орыс тілінде – 772, аралас тілдерде – 972 ақпарат құралы шығатынын айтты Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитеті Электронды БАҚ департаменті бас сарапшысы Меруерт Құмарова.
Дегенмен биылғы жылы телеарналардағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі артқан. 13 қыркүйектегі мәліметтерге сәйкес, 31 арна – 71,1 пайыз, Бірінші Еуразия арнасы – 51,8 пайыз, НТК – 53,1 пайыз, КТК – 51,4 пайыз қазақша хабар тарата бастаған. Былтыр дәл осы уақытта қазақ тілді хабарлар 31 арнада – 44,6 пайыз, Бірінші Еуразия арнасында – 36,6 пайыз ғана болған.
Бірақ осы қазақша хабарлардың сапасын кім бақылап отыр? Егер телебағдарламалар көрермендерді қызықтырмаса, қазақ тіліндегі контент 99 пайызға өссе де, оларды ешкім көрмейтіні анық. Мұндай жағдайда көпшілік ресейлік арналарға қарай ығыспай ма? Бұл ретте «Айқын» газеті сауалына Меруерт Құмарова жауап бере отырып, теле және радио хабарлардың сапасына қатысты мониторинг жасалынып, қадағаланатынын ескертті. «Қазақ тілінде сапалы төл сериалдар, шетелдік емес, өзіміздің журналистер, продюсерлердің салт-дәстүр, патриотизм, мемлекеттік идеологияны насихаттайтын бағдарламалары жасалынып жатыр» деп атап өтті министрлік өкілі. Сонымен қатар ол былтыр телеарналарда қазақстандық авторлар немесе орындаушылардың музыкалық шығармалары 30 пайыздан аспауы тиіс, өз күшімен түсірілетін қазақ тіліндегі жобалар көп болуы керек деген талап телехабарлар тарату жөніндегі заңмен бекітілгенін еске салды.
Десек те, мәселен, Қазақ радиосында орысша хабарлардың соңғы кезде көбейіп кеткендігіне тоқталды саясаттанушы, блоггер Ерлан Саиров. «Қазақ радиосы кейінгі уақытта орыс радиосына айналып барады. Кері процесс байқалады. Комитет қайда қарап отыр?!» деді сарапшы. Осы орайда жиынға қатысқан Қазақ радиосы журналистері орыс тілінде патриоттық, ұлттық жобаларға арналған бағдарламалардың арнайы беріліп отырғанын алға тартты.
Отырыста қазақ интернетінің қазіргі мүмкіндіктері, әлеуметтік желілердегі қазақ тілінің орны сияқты мәселелер де қозғалды. Қазіргі таңда, zero.kz рейтингісі бойынша, қазақтілді бірде-бір интернет ресурс озық сайттардың ондығына кірмейді. Жиынға қатысшуылар әлеуметтік желілерде де орыс тілді блогерлердің ықпалы басым екенін тілге тиек етті. Сондықтан қазақ тілді сайттарға қолдау көрсету, қазақша контенттің сапасын арттыру мәселелері жан-жақты талқыланып, қазақтілді медиа тренерлерді ВВС үлгісінде Медиа орталықтан даярлау бойынша ұсыныстар айтылды.
Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 2017 жылы – 60 пайызға, 2020 – 70 пайызға өседі деп жоспарланғанын айтты министрлік өкілі Құмарова. Сондай-ақ ол клуб отырысында айтылған ұсыныстар мен мәселелер белгілі бір деңгейде шешімін табатындығына сенім білдіре отырып, мысалы, партия делегациясының Қытайға барған кезде қазақ тілінде ғана сөйлегені көпшілікке мемлекеттік тілді насихаттаудың бір үлгісі болғанын жеткізді.
Идеологиялық тетік – бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік қатынастардың ел бірлігі мен қоғам тұтастығын сақтау және одан әрі нығайту мәселесіндегі орны ерекше екендігін атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли. Ол «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесін әрдайым назарда ұстап, осы саладағы олқылықтардың орнын толтыру шараларын іске асырып келе жатқандығына тоқталды. Саяси доктринасына сай партияның бүгінде ұлттық өнер мен мәдениетті ұлықтауға арналған шараларға жүйелі түрде қолдау көрсетіп отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ партия өкілі Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік қатынастардың ел бірлігін нығайтудағы рөлі және қоғамдық пікір қалыптастырудағы қазақ тілінің ықпалы жайлы баяндай отырып, алда елдік, ұлттық маңызы бар жобаларға қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.
«Нұр Отан» партиясы өкілі журналистер, қоғам белсенділері, саясаттанушылар, блогерлер тарапынан қоғамның дамуына пайдалы ұсыныс, тілектер айтылса, оларды бірлесе талқылауға дайын екендіктерін де хабарлады.
«Аманат» интеллектуалды пікірталас клубы ұлт жанашырлары, қоғам белсенділері, сарапшылардың басын қосатын тұрақты алаңға айналып отыр. Әрі бұл клуб қазақ тілінде қоғамдық ашық пікір алмасу мәдениетін, саяси, мәдени, экономикалық тақырыпта тілдік қорын қалыптастыруға үлес қосуда.