Құрметті оқырман, поло ойынының әлемге Ұлы даладан тарағанын білесіз бе? Бұл ойынның атауы шөген болғанынан, оны бабаларымыз ерлік пен мергендіктің басты алғышарты ретінде қарастырғанынан хабардарсыз ба?
Биылғы мамыр айынан бері Қазақстан шөген федерациясы өшкенімізді жағып, шөген ойынын тірілтуге белсене кірісті. Қазақстан шөген федерациясының вице-президенті Сәрсен Құранбек мырзамен сұхбатымыз біз үшін ескі де жаңа ойынның кешегі мен бүгінін және болашағын саралауға арналды.
– Сәрсен Абайұлы, ақсүйектер ойыны ретінде әлемге танымал поло спортының түп негізі шынында да Орта Азиядан ба? Қандай нақты тарихи деректерге сүйенуге болады?
– Халықаралық поло федерациясының сайтында жазылғандай, бұл ойынның негізін қалаушылар – Орта Азияның көшпенділері. Яғни поло – сіз бен бізге тікелей тиесілі дүние. Ата-бабамыздың ат үстінде осы шөген ойынын ойнағаны туралы деректер ХІ ғасырда жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде», Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-Түрк» еңбегінде кездеседі. Бір деректерде Ақсақ Темірдің Самарқан шаһарының тұсында шөген ойыны үшін арнайы жер тегістетіп, алаң дайындағаны және ол алаңның осы күнге нұсқасы жеткені де айтылады. Қытай, Иран жазба деректерінде шөген туралы мәліметтер көптеп кездеседі. Моғол әулетінің Үндістанды жаулап алуы кезінде сол өңірге шөген ойынын таратқаны, оны үнділер арқылы кейінірек ағылшындар үйренгені, Британ флотының офицерлері мен әскерилері ойынды Еуропаға алып барғаны, бұл шамамен XVIII ғасырда жүзеге асқаны Халықаралық поло федерациясының ресми сайтындағы «тарих» бөлімінде анық жазылған. Англияға жеткен соң полоның тынысы ашылғандай болады. Ағылшындардан үйреніп, бүкіл Еуропа ойнай бастады. Батыс Еуропа елдері ХVIII ғасырда төрт тарапта отарлау саясатын жүргізді. Сөйтіп, бұл ойын Америка асты. Оның ішінде Латын Америкасына кеңінен қанат жайды. Айта кететін жайт, әзірбайжандарда бұл ойын бертінге дейін жалғасқан. КСРО халықтарының спартакиадасы бағдарламасы аясында полодан арнайы жарыстар өткізіліп тұрған. Әзірбайжан тілінде бұл ойын «шоған» деп аталған екен. Өзбек тілінде «шоғбан» деп аталады. Парсылар әлі күнге бұл ойынды өздерінің ұлттық ойыны деп санайды. Екі мың жылдан бері ойнап келеміз дейді.
– «Шөген»/«шоған»/«шоғбан» сөздерінің этимологиясын зерттеп көрдіңіз бе?
– «Шөген» – көне түркі сөзі. Бұған ешқандай дау болмауға тиіс. «Шөген», «шоған», «шоғбан» сөздерінің түбін індетіп келер болсақ, шоқпар сөзімен түбірлес болып шығады. Қазақтың қару-жарағын зерттеген этнограф-ғалым Халиолла Ахметжан ағамызға арнайы хабарласып сұрағанымда, нақты деректер айтты. «Бұл жастарды жауынгерлік өнерге бейімдеу үшін қажетті ойын болған. Дәлдікті, мергендікті, тура соққы тигізуді, ат құлағында ойнауды бабаларымыз жас өркенге осы шөген ойыны арқылы дарытқан. Шөген ойнау жауынгерлік өнердің алғашқы сатыларының бірі болған. Ал шөген сөзі шоқпармен түбірлес. Екеуінің де түбірі – соғу (ұру) сөзі» деді Халиолла аға. Шөгеннің шынында да мергендік пен дәлдікке машықтандыратынына осы ойынды қолға алғалы бері нақты көз жеткіздік. Қазір шөгенмен айтулы көкпаршыларымыз айналысып жүр. Нұрдәулет Момынов, Манарбек Дүйсенбиев, Нұржігіт Мырзабаев, Бақтыбай Шырынқұлов секілді 6-7 дүркін Қазақстан чемпионы атанған, Азия чемпионы атағына қол жеткізген жігіттер бар. Олар да шөгеннің өте мықты ойын екенін айтып жүр. Ойынның шығу тегін зерттей жүріп, бірқатар ғалымдарға сауал жолдадық. Академик Зейнолла Самашев сақ қорғандарын аршу барысында шөген таяғына ұқсас заттардың табылғанын да айтты. Тарих және археология институтының ғылыми қызметкері Станислав Потапов тастағы таңбаларды зерттейді. Ол келтірген деректер де өте қызық. «Көшпенділерде жаудан жеңіліп қалудан да, қаруы сынып қалғаннан да артық абыройына дақ түсіретін жайт – астындағы атын өзі жаралап алуы. Мінген жылқысына қылышын, шоқпарын тигізіп алу азаматтық атына қара күйе жағатын, ел алдында өзін масқаралайтын мәселе саналған» дейді Потапов. Ал шөген ойынында соққының траекториясы нақты есептеледі. Сәл қиғаш алсаңыз, атыңыздың басын ұрасыз. Жерлете соққы жасағанда абайламасаңыз, атыңыз ақсайды. Соққы оң қолмен ғана, қылыш сілтегендей төрт бағытқа – алға, артқа және аттың келесі қапталында алға, артқа жасалады. Қарсыластың атын ұрып алмауға да машықтану қажет.
– Шөгенді туған топырағында жаңғырту туралы алғаш ой айтқан, бастама көтерген кім?
– Бұл ойды қазақ қоғамына алғаш жазушы, зерттеуші Асқар Егеубаев жеткізді. Асқар аға Ж.Баласағұнның «Құтты білігі» мен М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат-Түркін» зерттеу барысында шөген сөзін алғаш жолықтырған болуы ықтимал. Қытайдағы қазақ ғалымы Мәдениет Мұқатайұлы «Аламан» порталында жарық көрген «Доп ойыны бізге де таңсық емес» мақаласында: «А.Егеубаевтың аудармасында тек ат ойыны деп аталған, ал шағатай тіліндегі түпнұсқасында шөген деп келтірілген» дейді. А.Егеубаев «Қазақ әдебиеті» газетінің 1999 жылғы №52 санында осы ойын туралы мақала жариялады. 2000 жылдың наурыз айында Асқар аға Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында зерттеу мақаласын жария етті. Осының бәрі шөгеннің өз ойынымыз екенін, біз оны дәуірлер алмасқан кезде аз-маз ұмытқанымызды айғақтайды. Ал шөгенді елімізде қайта жаңғырту бастамасын көтерген – мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Шөкеев. Тікелей Елбасы тапсырмасымен Өмірзақ Естайұлы осы спортты қолға алды. 2012 жылы Қазақстан поло федерациясы құрылды. Кейбір себептерге байланысты федерация жұмысы бірден белең алып кете қоймаған. Астана қаласында бір клуб ашылып, Англиядан 8 жылқы алынған екен. 2014 жылдың соңында Қазақстан шөген федерациясының президенті болып Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков сайланды. Мен осы федерацияның вице-президенті және бас хатшысы болып сайландым. Ең алдымен біз федерация атауын «Қазақстан Республикасының шөген федерациясы» деп қазақы ұғымға сай өзгерттік. Төл ойынымызды жаңғыртып, мәдениетіміздің бір тармағын қайта қалпына келтіру үшін оның ұлттық сипатта болғанын әбден дұрыс деп шештік. Федерация қайта тіркеуден өтті. Орыс және ағылшын тілдерінде жалпы халықаралық айналымға енген поло атауын қалпында қалдырдық.
– Еліміздің шөген федерациясының құрылғанына жыл да толмапты. Дегенмен нақты қандай шаруалар қолға алынып, атқарылып жатыр?
– Федерация президенті Асылжан Сарыбайұлының басшылығымен нақты, қажетті бағыттарды анықтап алдық. Біріншіден, федерация атауын ұғымға сай қазақшаладық. Екіншіден, жалғыз Астанамен шөгеннің көсегесін көгерте алмаймыз. Соған орай, кемінде 5 облыста шөген федерациясының филиалдары мен орталықтарын құру жайын қолға алдық. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында біз облыстық және қалалық федерациялар мен клубтарды аштық. Осы 6 орталық қазір республикалық федерацияның негізі болып отыр. Үшіншіден, Ұлттық олимпиада комитеті тарапынан танылуды іске асырдық. Төртіншіден, Халықаралық поло федерациясына мүше болу мәселесін ойдағыдай атқардық. Бесіншіден, федерация филиалдарын керекті жарақтармен қамтамасыз ету ісі тыңғылықты жүргізілді. Алдағы уақытта аттардың ер-тұрманы, шөген таяғы, басқа да жарақтарды өз елімізден шығаруды іске асырсақ, бұл спортты дамытуға даңғыл жол ашылады. Әлемде шөген ойынына қажет жабдықтар өте қымбат. Ер-тұрманның өзін ғана 2 мың долларға сатып алуыңыз мүмкін. Демек, болашақта өндіріс мәселесін қолға алуымыз керек. Шөгенге қажетті жарақтарды өз елімізде өндірсек, поло ұлт үшін қымбат спорт түріне айналмайды. Алтыншыдан, қазақы жылқыларды шөген ойынына бейімдеу шаруасын қолға алдық. Әлемде поло ойынына бейімделген жылқылардың, яғни поло-понилердің құны 5 мыңнан 250 мың АҚШ доллары аралығында. Аргентинада атақты Адольфо Камбиасо есімді ойыншы жылына 5-6 млн доллар табыс табады. Сол Адольфо АҚШ-та арнайы үйретілген жылқыларды 250 мың долларға сатып алады деген дерек бар. Біз болашақта өз жылқыларымызды шөгенге үйрету, тәрбиелеу үлгісін жолға қойдық. Қостанай жылқы зауытынан 27 жылқы сатып алдық. Қазақтың жабы жылқысын да шөгенге үйретіп жатырмыз. Демек, алдағы уақытта шеттен жылқы сатып алмайтын боламыз. Қазір 20-ға тарта ойыншы біршама жоғары дәрежеде өнер көрсететін деңгейге жетіп қалды. Оларды Мәскеу (Ресей) қаласына екі рет оқу-жаттығу жиындарына апарып, полоның негізімен таныстырдық.
– Қайта жаңғырған шөген ойынын отандастарымыз қашан көре алады?
– Асылжан Сарыбайұлының бастамасымен Таразда өтетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында шөген федерациясының таныстырылуы және шөгенді таныстыру ойыны өткізіледі. Оған қатысатын барлық ойыншылар – өз азаматтарымыз, жылқылар – өз арғымақтарымыз. Қазір Тараздағы атшабар ретке келтірілді. Толыққанды, шым төселген шөген алаңы жабдықталды. Бұл – менің ойымша, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясына, ұрпақтар сабақтастығына әбден дөп келетін шара.
– Ал ұлттық біріншілік қашан өтуі мүмкін? Оған қандай алғышарттар қажет?
– Ұлттық чемпионат өткізу үшін кемінде 5 өңірдің командасы қатысуы керек. Әуелі біз «федерация филиалдары 5 облыста ашылмай қала ма?» деп қауіптендік. Аз уақытта еңбегіміз жемісін берген соң, алдағы қазан айының соңына қарай республикалық турнир өткізуді жоспарлап отырмыз. Болашақта қомақты жүлде қорымен ел чемпионатын ұйымдастырамыз. Алматы облысындағы Талғар қаласының солтүстігінде Халықаралық поло федерациясының талаптарына толық сай келетін жазғы алаң салынған, сонымен қатар жабық манеж де бар. Оның салынуына Тимур Құлыбаев мырза мұрындық болды. Тараздағы алаң да талаптарға толық сәйкес. Астана қаласында 50 га жерге алаң салу бастамасы да қолға алынды. Ал Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» зауытының бір алаңын шөгенге бейімдеп жатырмыз. Дегенмен «шөгенді тек жасыл алаңда ойнайды екен» деген ой туындамауы керек. Әлемде шөген алаңының неше түрі бар. Пәкстанда, Үндістанда, Германияда құмда ойнала береді. Швейцарияда, Қытайда қысқы полодан жарыстар ұйымдастырылып жүр. Жабық аренада ойналатын поло да бар. Әзірбайжан екі жыл қатарынан жабық аренадағы полодан әлем кубогын өткізді. Қазір бұл ойын Аргентинада үлкен беделге ие. Тіпті ұлттық спорт дәрежесіне көтерілген. Ойынды көруге 20-25 мың адам жиналады, тіпті әлемнің түкпір-түкпірінен туристер арнайы тамашалауға барады.
– Шөгеннің халықаралық ережесі қолданылатын болар?
– Иә. Бір командада 4 адам ойнайды, бір жылқыны екі кезеңнен артық пайдалануға болмайды. Бір ойынды 4 кезеңнен 8 кезеңге дейін өткізуге болады. Әр кезең 7 минуттан, кезеңдер арасындағы үзілістер – 3 минуттан. Еуропада негізінен, 6 кезеңнен ойнайды. Аргентинаның ұлттық чемпионатында 8 кезең өткізеді.
– Халықаралық поло федерациясы сіздердің бұл бастамаларыңызды қолдады ма?
– Әрине. Қазір Қазақстан Республикасының шөген федерациясы – Халықаралық поло федерациясының толық мүшесі. Барлық бастамаларға дауыс бере және пікір білдіре алады. Федерация басшылары ретінде Асылжан Сарыбайұлы екеуміз оның конференцияларына қатыса аламыз, спортшылардың дәрежесін анықтауға атсалыса аламыз. Қазір Халықаралық федерацияға әлемнің 84 федерациясы мүше.
"қамшы" сілтейді
Дерек көз: Айқын-ақпарат