Облыстың агроөнеркәсіп кешенінің дамуы Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл туралы Қамшы порталы Айқынға сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ағымдағы жылы бағдарлама аясында саланы қолдауға 8,4 млрд теңге бөлініп, есепте кезеңде бөлінген қаржының 5,0 млрд теңгесі игерілді.
Бағдарламаға сәйкес жасалған жоспар арқылы мемлекеттен беріліп отырған мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдаланып, облыстың агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту үшін «Қызылорда облысының Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» Жол картасы қабылданды. Жол картасына сәйкес облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытудың басым бағыттары айқындалып, 2020 жылға дейінгі даму көрсеткіштері белгіленді. Міне осы орайда, Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысы Бақыт Жахановпен тілшіміз тілдескен еді.
– Бәке, елдің экономикалық жағдайы әлем нарығындағы желдің қай бағыттан соққанына қарай құбылатындығын ескерсек, қазір қам-қарекетсіз отыруға болмайды. Тығырықтан тосылмай шығаратын табысты жобаларды қолға алып, қауіптің алдын алған жөн. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының мазмұны да осыған саяды емес пе?
– Дұрыс айтасыз, мемлекет басшысы бес институттық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамын» бекітті. Реформаның үшінші бағытында маңызды фактор – индустрияландыру, экономикалық өсімді дамытуға арналды. Нәтижесінде, Елбасы алдағы бес жылда кемінде қазақстандық 3-4 экспорттық бренд құру үшін нақты жобаларды жүзеге асыруға назар аударып, үкіметті қайта өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласына он трансұлттық компания тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп, оның ішінде ауыл шаруашылығында бірінші кезекке етті, астықты, көкөністі қайта өңдеу керектігін ерекше атап өтті.
Индустрия бағдарламасы ел экономикасының өнімділігін арттыруды әр тараптандырудың маңызды бағыты болып табылды. «100 нақты қадамның» 35 -қадамы ауыл шаруашылығы жер телімдерін тиімді пайдалануға арналса, 36-қадамда жер телімдерін мақсатты пайдалану түрлерін өзгертіп, пайдаланылмай тұрған жерлерді қайта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға берудің қолайлылығын көрсеткен. Бұл бағытта жерлерді жекеменшікке 50 пайыз жеңілдетілген бағамен және 10 жылға бөліп төлеу арқылы беру мүмкіндіктері қарастырылған. Ал 60, 61-қадамдарда сүт, ет өндірісі мен өңдеуді дамыту ұшін стратегиялық инвесторларды тарту көзделген. Бұл бағытта облыста жұмыстар қызу жүргізілуде. Өңір климаты төрт түлікке жайлы болғандықтан, бұрын-соңды болмаған шаруашылықтар дамып, өз шешімін тапты.
– Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасының орындалуы барысына тоқталсаңыз?
– Атап айтар болсақ, өсімдік шаруашылығы бойынша егіс көлемін әртараптандыру басты бағыт ретінде қолға алынды. Бұл бағытта күріштен басқа дақылды өсіруге шаруашылықтарды экономикалық тұрғыдан ынталандыру үшін күрішке берілетін субсидия нормасы азайтылып, мал азықтық, майлы, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының субсидиялау нормалары бірнеше есеге көтерілді. Нәтижесінде, өткен жылдың басында өсімдік шаруашылығына бөлінген субсидияның 97% күріш өндірісіне, 3% басқа да басым дақылдарға тиесілі болса, қазіргі уақытта күріштен басқа да дақылдарға субсидия үлесі 3%-дан 35%-ға дейін арттырылды.
Дақылдарға субсидиялау нормаларын белгілегенде, суды үнемді қолдануды ынталандыру мақсатында тамшылатып суару әдісімен өсірілетін картоптың 1 гектарына төленетін субсидия мөлшері 219,5 мың теңге, көкөніске 182,0 мың теңге, бақшаға 86,4 мың теңге болып бекітілді.
Ауыл шаруашылығы құрылымдары суармалы сумен, жанар-жағар маймен, тыңайтқыш, пестицидпен жабдықталуы нәтижесінде ағымдағы жылы облыстың барлық шаруашылықтар нысандары бойынша (алдын ала мәлімет бойынша) 163,7 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде дәндi дақылдар егісі – 86,6 мың га, мал азығындық дақылдар – 56,0 мың га, картоп, көкөнiс-бақша дақылдары – 15,5 мың га, майлы дақылдар – 6,0 мың гектар.
Биылғы жылдың көктемгі егісіне 22 352 тонна күріш тұқымы жұмсалып, облыста соңғы 20 жылдан бері болмаған көрсеткіш – барлық жұмсалған тұқымның 21 972 тоннасы – 98,3% жоғары репродукциялы (2014 жылы – 30,5%), 380 тоннасы 1,7% қатардағы тұқыммен себілді.
Сонымен қатар биылғы жылы субсидияландырудың арқасында майлы дақылдар, оның ішінде мақсары дақылы – 4016 гектар, жоңышқа 122 гектар көбейді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс және бақша дақылдарын өндірістік негізде егуді ұйымдастыру қолға алынып, биылғы жылы 2013 жылмен салыстырғанда өндірістік негізде егілген картоптың көлемі 95 гектар, көкөністің көлемі 241 гектар, бақшаның көлемі 165 гектарға ұлғайды.
– Осы орайда, өңірде атқарылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға айрықша назар бөлініп отыр. Енді осы жөнінде айта кетсеңіз...
– Елімізде соңғы жылдары мал шаруашылығын дамытуға айрықша назар аударылуда. Бұл бағытта «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары жүзеге асырылып, жайылымдарды суландыру жобалары іске асырылуда.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2011-2015 жылдары жоспарға сәйкес 10 мың бас сиыр, 335 бас асылтұқымды бұқа сатып алыну жоспарланса, бүгінгі күнге бұл жоспарды артығымен орындадық. Нақты айтқанда, бүгінде 10872 сиыр алынып, 598 асыл тұқымды бұқамен асылдандыру жұмыстарын жүргізуде.
«Алтын асық» бағдарламасы бойынша бүгінгі күні 14 шаруашылық 75,3 млн теңге несие алып, 3118 бас аналық қой, 108 бас қошқар сатып алынды. «Құлан» бағдарламасы бойынша 1462 бас жылқы аналығы және 181 бас айғыр алынып, жоспар 146,2% орындалды. Нәтижесінде, облыста мал саны көбейіп, өнім өндіру көлемі артып келеді. Атап айтқанда, облыс бойынша 2015 жылдың 1 тамызына 269,6 мың бас мүйізді ірі қара, 672,8 мың бас қой мен ешкі, 97,5 мың бас жылқы, 37,4 мың бас түйе, 2,6 мың бас шошқа және 90,7 мың бас құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, мүйізді ірі қара 0,7%-ға, қой мен ешкі 5,0%-ға, жылқы 10,5%-ға, түйенің саны 4,5%-ға көбейіп, ет өндіру 2,0%-ға, сүт өндіру 2,9%-ға және жұмыртқа өндіру 1,0 пайызға өсті.
Ағымдағы жылы бағдарлама аясында Жалағаш ауданында «Агро Холдинг Байқоңыр» ЖШС-нің қуаттылығы тәулігіне 150 тонналық, жобалық құны
91,5 млн теңгені құрайтын күріш ақтау зауыты, қуаттылығы тәулігіне 150 тонналық «Жан-Арай» ЖШС-нің күріш ақтау зауыты, Қызылорда қаласында қуаттылығы тәулігіне 80 тонналық, «Жан-Арай» ЖШС-нің құрама жем өндіру зауыттары іске қосылды.
Бүгінгі күні облыста «Инвестициялық субсидиялау» бағыты бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда осы жоба арқылы шаруашылықтарға қажетті мал шаруашылығын дамыту үшін алынған 8 дана «Беларусь – 80,1» тракторі, 10 дана жабдықтар (прессподборщик) алынды. Сондай-ақ облыс көлемінде 24 дана құдықтар мен ұңғымалар қазылды.
– Енді маңызы зор болып отырған «Ұлт жоспарының» аймаққа қатысты кейбір баптарына тоқтала кетсеңіз...
– Ақиқатында, Елбасының Ұлт жоспары – алға жылжуымыздың бір кепілі. Елбасының «Ұлт жоспары» – 100 нақты қадамның үшінші индустрияландыру және экономикалық өсім бағытындағы 60, 61 қадамына сәйкес, соңғы 5 жылда сүт және ет өнімін кооперация құра отырып, экспортқа шығару мәселесі көзделген. Осыған орай «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы аясында облыс бойынша 100 тонна ірі қара мал етін экспорттау жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігімен меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар ағымдағы жылы етті экспортқа шығару мақсатында Қызылорда қаласынан «Ет-сүт өнімдерін өңдеу орталығы» құрылуда. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, өндірілетін ет өнімдерін экспорттауға келіссөздер жүргізілуде. Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны» ЖШС 500 бас мүйізді ірі қара малына арналған мал бордақылау алаңын осы жылдың соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр.
Сонымен бірге ет өндірісін дамыту мақсатында Жалағаш және Сырдария аудандарында «ҚазАгроӨнім» АҚ арқылы әрқайсысы 3,0 мың бас ірі қара малына арналған кешенді бордақылау алаңын салуға келісіп, ағымдағы жылдың 15 шілдесінде Сырдария ауданы «Шаған жер» ШҚ бордақылау алаңының құрылысын бастады. Құрылыс кестесі бойынша жыл соңына дейін бордақылау алаңының құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар өңірімізге ет өңдеу өндірісін дамыту мақсатында Жаңақорған ауданында 50 мың бас қой бордақылау алаңдарын және қуаттылығы жылына 7,0 мың тонналық ет комбинатын салуға еліміздің ірі инвесторлары қатарындағы «ЕвразияАгро Холдинг» компаниясы тартылып, келіссөздер жүргізілуде. Бүгінгі күні бұл жобаларға қажетті жер телімдерін беру жұмыстары жүргізілуде. Аймағымызда сүт өнімін өндіруге байланысты «Қызылорда облысының АӨК-2020 Жол картасына» сәйкес Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда сүт қабылдау пункттері мен шағын сүт өңдеу цехтарын ашу мәселесі қала және аудан әкімдіктерімен пысықталды.
Бұл ретте 50 бастан 200 басқа дейін отбасылы тауарлы сүт фермаларын құруға кеткен шығындарын 50%-ға дейін өтеуге инвестициялық субсидиялау қаралған.
Соған сәйкес, елді мекендерден ауыл шаруашылығы өнімдерін халықтан жинап (оның ішінде, әрине, сүт те кіреді), өндіріс орнына жеткізу қызметтерімен айналысатын кооперативтер ұйымдастыру бағытында жұмыстар жасалуда. Сонымен қатар агроөнеркәсіпті кешенді түрде әртараптандыруды белсендету, ауылшаруашылық саласына заманауи агротехнологияларды, әсіресе суды үнемдеу тәсілін енгізу бүгінгі «ерекше экономика» кезеңінде өте маңызды бағыт болып отыр. Сол себепті біз инвесторларды тарта отырып, 15 мың гектар жерге тамшылатып суару тәсілімен жүгері мен қызанақ егіп, оларды өңдеп экспортқа шығару үшін крахмал, томат паста мен шырын тосабын өндіру зауыттары салынуы жоспарлануда.
Басты басымдық берілген институттық реформаның үшіншісі – индустрияландыру және экономикалық өсім бағыты. 100 нақты қадамның 49-қадамы осы салаға тиесілі екендігінің өзі оның қаншалықты маңызы барын анық аңғартады. Мұнда ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану, салық және кеден саясаты рәсімдерін оңтайландыруға дейін қамтылған. Экспорттық және импорттық кеден рәсімдерінен өту кезінде «бір терезе» қағидатын енгізу де көзделген. Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуы, ет-сүт өнімдері өндірісін дамыту, халықаралық хаб құру, стратегиялық инвесторларды тарту міндеті бар.