Бақтияр ӨНЕРБАЕВ, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
– Бақтияр Әлтайұлы, кез келген ел басты назарын идеологияның тамыр соғысына аударып, қадағалап отырады. Біздің мемлекеттің ұлттық идеологиясы – егемен еліміздің іргетасын одан ары беріктетіп, шаңырағын биіктетуге негізделген. Қазақ елі Тұңғыш Президентінің кіндік қаны тамған Алматы облысы осы бағытта несімен даралана алады?
– Өзің айтып отырғандай, Елбасы туған өңірдің басқалардан өзгешелігі бар. Сонымен бірге осынау мәні зор мәртебе біздерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз қай істе болсын әрдайым алдыдан көрінуге тиіспіз. Өйткені Алматы облысын басқаларға үлгі ете сөйлеу, көрсету – бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Осы орайда, еліміздің рухани ордасы деген мәртебемен әлі қоштаса қоймаған Алматы қаласымен тығыз байланыс орната отырып, ән мен жырдың бесігі, ұлтымыздың ұйытқысы іспеттес Жетісу өлкесінде отаншылдықты, мемлекетшілдікті, елін-жерін сүюді насихаттауға бағытталған аса ауқымды да маңызды шаралар жүзеге асырылуда дей аламын. Олардың барлығын жіпке тізбей-ақ, облыс орталығында бастау алып, қазіргі кезде аудандарда жарасымды жалғасын тауып отырған «Шаңырақ – Мәңгілік елдің тұғыры» атты ұзақ мерзімдік акцияны бөле-жара атай кетсем деймін. Акция аясында әр аудан, қаланың болашағынан үлкен үміт күттіретін белсенді жастарымен ресми орындарда емес, көпшілікке арналған қымызханада, кітапханада емен-жарқын жүздесулер өткізіп, еркін әңгіме құрудамыз. Жастармен жүздесуге көпті көрген, есімдерін ел жақсы білетін ақын-жазушылар, журналистер, тарихшылар мен мәдениеттанушылар, ел басқарған азаматтар белсене атсалысуда. Облыстық ардагерлер ұйымы да игі бастамалар көтеріп, ұлттық идеологиямыздың ел игілігіне қызмет етуін қамтамасыз етуде.
Бұрындары руханияттың басты көзі, тәрбие құралы ретінде кітаптың рөлі тым жоғары болатын. Соңғы жылдары «кітап оқылмайды» деген әңгіме жиі айтылады. Жастармен кездесулер барысында мен олардың кітапқұмар екендігін байқап, көңілімдегі алаңдаушылыққа тұсау салдым. Жұрттың бәрі интернеттің соңында кетті деуге болмайды, әр күнін кітапсыз көзге елестете алмайтын жастар да, орта буын азаматтар да баршылық. Ендігі мақсат – бұрынғының барлығын жоққа шығаруды тоқтатып, өткен жылдардың өнеге тұтатын тұстарын балалар мен жастар тәрбиесі үшін тиімділікпен пайдалану. «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» дегенді ұмытпайық.
– Бүкіл Қазақстан Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтіп жатыр. Мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінген мерейтой аясында еліміздің әр өңірінде өткізу белгіленген, жоспарланған салтанатты шаралар бар. Жетісу өңірінде 550 жылдыққа қатысты қандай жұмыстар атқарылуда?
– Мемлекетіміздің мәртебесін асырып, халықаралық аренадағы беделін биіктетін мерейтойды жоғары деңгейде өткізу туралы Елбасының тапсырмасы ел мерейін тасытты. Шындығын айту керек, көршілес елдерде мемлекеттікке қатысты атаулы даталарды айтпағанда, атақты адамдарының басқан ізіне тәу етіп, ескерткіш қойып, адамдар жиналатын орындарға айналдырып жатады. Осы орайда, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау елдігімізді әлемге тағы бір мәрте кеңінен танытып, паш ететін салтанат болады деп ойлаймын. Бүкіл қазақстандықтарға ортақ тойға Жетісу жұртшылығы да мүмкіндіктерінше үлес қосуда. Облыста Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөнінде 37 тармақтан тұратын өңірлік іс-шаралар жоспары жасалынып, онда көрсетілгендер ретімен жүзеге асырылуда. Өңірдегі БАҚ көшбасшылары «Жетісу» телеарнасы мен «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінде арнайы айдарлар ашылып, қазақ мемлекеттігінің түп-тамырын тарқатып, абыройлы жылдарын халыққа жеткізетін тағылымды хабарлар көрсетіліп, сүбелі мақалалар жарияланып, көрсетілуде.
Жоспарға сәйкес, еліміздегі ең елеулі тарихи жәдігерлердің бірі «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында сапар орталығын салу, облыс суреттерінің арасында «Қазақ хандығының шежіресі» байқауын өткізу, саялы Сарқан ауданында «Қазақ хандығы – Елдіктің биік тұғыры» атты орталық саябақ ашу қолға алынды. Сонымен бірге облыстық тілдерді дамыту басқармасы мерейтой аясында жыршы-термешілердің «Текті сөздің төресі – терме» конкурсын ұйымдастыруды ойластырып отырса, Бикен Римова атындағы облыстық драмтеатр жазушы-ақын Қалижан Бекхожиннің Абылай ханның өмірі мен ел басқарудағы ерекшелігін бейнелейтін «Ұлан асу» поэтикалық драмасын, жазушы Тәкен Әліпбайдың «Томирис» тарихи драмасын халыққа тарту етуді жоспарлады. Мерейтойға орайластырылып спорттық бәсекелер өткізілуде. Соның ішінде ұлттық ат спортынан Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» атшабарында өткен жарыстың орны ерекше болды.
Сонымен бірге көрші елдермен екі арадағы қарым-қатынаста да осынау айтулы шараға баса мән берілуде. Жақында ғана Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясынан шыққан халықаралық керуенді шекарадағы Қорғас ауылында қарсы алып, сәт сапар тілеп, одан ары аттандырдық. Ежелгі Жібек жолымен қатынаған керуеннің бүгінгі көшірмесі іспетті түйелі сауда керуені Алматы, Жамбыл облыстарының бірқатар аудандарын басып өтіп, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тойдың негізгі салтанатты өтетін күні көне Тараз қаласына ат басын тірейді. Осы мерейтой аясында Астана қаласында өтетін шараның салтанатын асырып, мерейін тасытуға да Жетісу жері мен елі өз үлесін қосады. Елорданың «Қазақ елі» монументі алаңында Алматы облысының ресми делегациясымен бірге өнерпаздары астаналықтар мен қала қонақтарына өз өнерлерін ұсынса, қолөнер шеберлері туындыларын тарту етеді. Мұндай шаралар қазанда Тараз қаласында да ұйымдастырылады. Сол қазан айында облыс орталығы жанындағы «Талдықорған» атшабарында заманында біздің облыстың Жаркент өңірінде өткен Орбұлақ шайқасының қойылымы жұрт назарына ұсынылады. Жоғарыда айтқанымдай, мерейтой құрметіне орайластырылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қисса-дастандар мен батырлар жырын мәнерлеп оқудан облыстық, республикалық байқаулар, білім мекемелерінде тәрбиелік сағаттар, руханият орындарында әдеби кештер өткізіледі. Ойға алғандар толығымен орындалса, шараларға 5 мыңға жуық адам қатысады деп жорамалдап отырмыз. Қазақ хандығының 550 жылдығының жоғары деңгейде ұйымдастырылып, талғамнан шығуына біздің барлығымыз атсалысуымыз қажет.
– Алматы облысының басқа өңірлерден ерекшелігі көп. Халқының саны 2 миллионға жуық, алып жатқан аумағы да аса ауқымды. Сіз облыс әкімінің орынбасары ретінде бірінші кезекте мәдениет, білім, денсаулық сынды әрі нәзік, әрі аса маңызды салаларға жетекшілік жасап, жауап бересіз. Дәл қазіргі кезде Жетісу жұртшылығының денсаулығын сақтаудың жағдайы қалай? Соның ішінде ана мен бала амандығын қамтамасыз етудің барысы, жалпы, саланың әлеуеті қаншалықты екенін айта кетсеңіз.
– Дәл бүгінгі күнгі есеп бойынша облыс тұрғыдарының саны 2 миллионнан асып кетті. Нақтырақ айтқанда, 2 миллион 16 мың. Осыншама халыққа 931 медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Олардың 773-і мемлекеттік, 158-і жекеменшік. Медициналық қызметтің сапасы ойдағыдай десем, ешкім артық айттың дей қоймас. Салаға бөлінетін қаржы жыл санап артып келеді. Биыл денсаулық сақтауға 68,6 миллиард теңге қарастырылды. Жаңа ауруханалар мен емханалар салынуда. Қызмет сапасымен бірге жеделдік пен дер кезінде көмек көрсетуге баса назар аударылады. Қазіргі кезде ең шалғай ауылдағы мекеменің өзінде «жедел жәрдем» арнайы автокөлігі бар. Медициналық құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен, байланыспен қамтамасыз етуде кемшілік жоқ. Басқаны айтпағанда, қалалардағы іргелі ауруханаларға шұғыл жеткізуді қажет ететін науқастарға көмектің дер кеінде көрсетілуі үшін екі бірдей санитарлық авиация бөлімі, 15 телемобильдік орталық, магниттік-резонанстық, 7 компьютерлік томограф, 19 маммограф жұмыс істейді. Биыл жергілікті бюджеттен 17 медициналық мекемеге 1,4 миллиард теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Сондай-ақ 11 емдеу мекемесінің құрылысына республикалық бюджеттен 3, 988 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 2 866 миллион теңге жоспарланған.
Өмірге адам әкелген ана мен дүние есігін енді ашқан сәбидің денсаулығы да дәрігерлердің қырағы бақылауында. Ақ желеңді абал жандар осы бағыттағы міндеттерін мінсіз атқаруы үшін заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Талдықорған қаласында орналасқан облыстық перинатальдық орталық пен Алматы қаласындағы облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасында құрылған 4 бірдей шұғыл транспорттық бригада жас босанған әйелдер мен жаңа туылған нәрестелерді қатерлі жағдайда тасымалдап, тиісті медициналық мекемеге жедел жеткізуді жүзеге асырады. Жоғарыда айтылғандардың арқасында өткен жылдың алты айымен салыстырғанда биылғы алғашқы жартыжылдықта 1000 адамға шаққанда бала туу саны 24,3-тен 25,4-ке дейін артып, сәби шетінеуі тірі туылған 1000 шақалаққа есептегенде 10,2-ден 8,1-ге дейін төмендеді. Алматы облысында ана өлімі тіркелген жоқ. Халық денсаулығының жақсаруының басты көрсеткіші – адам өмірінің ұзақтығы болса, жетісулықтардың орташа өмір сүру жасы биыл 71жылдан асып жығылды.
Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы саламатты өмір салтын сақтауға, халықтың денсаулығын барынша жақсартуға байланысты жиі айтып, нақты тапсырмалар жүктеп отырады. Соларды басшылыққа алып, мүмкіндігінше халыққа қызмет көрсетудеміз. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы да медицина сынды маңызды саланы үнемі назарында ұстап, мәселелердің дер кезінде шешілуін қамтамасыз етуді талап етеді. Талап бар жерде тәртіп пен реттілік болары сөзсіз.
– Болашақ – білімді жастар қолында. Жоғары білімнің негізі негізгі және орта білім ошағында қаланады. Сегіз жүзге жуық мектебі бар өңірде білім саласында қандай биіктер бағындырылды? Биылғы ҰБТ нәтижесі қандай? Осыдан бірер жыл бұрын жетісулық жеткіншектер білім және ғылым олимпиадалары мен байқауларынан топтап жүлде әкеліп, ҰБТ қорытындысында тұрақты түрде елдің алдынан көрінуші еді ...
– Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнайтын жыл сайынғы дәстүрлі жолдауларында білім саласына айрықша мән беріп, білім мен ғылым сапасын арттыруға қатысты нақты міндеттер жүктеді. Осында айтылғандарға сәйкес, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 – 2016 жылдарға арналған Ұлттық жоспарды негізге ала отырып, дарынды балалармен жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесі болар, былтыр Алматы қаласында өткен ғылыми жобалардың республикалық байқауына 23 оқушымыз қатысып, алтыны, күмісі және қоласы аралас 9 медаль алып келді. Биылғы қаңтарда 1-7-сынып оқушылары арасында өткен республикалық «Зерде» шығармашылық жобалар мен зерттеу жұмыстары байқауында бақ сынаған 22 оқушының 14-і елге жеңімпаз болып оралды. Өткен оқу жылында Орал және Атырау қалаларында ұйымдастырылған республикалық пән олимпиадасында облыс намысын қорғаған 60 оқушы 27 медаль (3 алтын, 7 күміс және 17 қола) жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте облысымыздың екінші сатыдан көрінуіне ықпал етуі Жетісу жері таланттан кенде емес екендігін байқатады. Жалпы, былтыр біздің жеткіншектер білім және ғылым сынақтарында барлығы 167 медаль иеленді. ҰБТ бойынша да ұпайымыз түгел. Көрсеткіш өткен жылғыдан 3,4 балға көтеріліп, 77, балды құрады. Алтын белгіден үміткер 349 түлектің 191-і өз білімін растады.
– Ауылдардағы мәдениет үйлері мен клубтар жұмысына қатысты сын жиі айтылады. Олардың басым бөлігі қыс түсісімен қызметін баяулатып немесе мүлде тоқтатады дегендермен келісесіз бе? Мұны жергілікте жерлердегі мұражайлар мен кітапханаларға қатысты да айтуға болады.
– Облыс аумағында 561 мәдениет және мұрағат мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 244 мәдениет үйі немесе клуб, 268 кітапхана, 21 мұражай, 2 галерея, 19 мұрағат, облыстық деңгейдегі 5 мекеме және 2 бейнемобиль бар.
Өзің де білесің, бір кездері облыста кітапханаларды жаппай жауып, тек білім ошақтарында ғана қалдыру бағытында жұмыс жүргізілген. Оның бірқатар зардабы болғаны да рас. Дегенмен, қазіргі кезде барлық елді мекенде кітапхана, мәдениет үйі немесе клуб жұмыс істейді. Бюджет тарапынан барлық жағдай жасалған. Штат қарастырылған, коммуналдық қызметтеріне қаржы бөлінген. Ал руханият ордасының жұмысы қыз-қыз қайнап, толассыз жүріп жатуы бірінші кезекте жергілікті жұрттың ынтасы мен ықыласына қатысты деп ойлаймын. Адам келмесе, жылу жүйесі жұмыс істеп тұрған шағын ғимараттың өзі қаңырап бос тұрғандай көрінеді емес пе?! Сондықтан, мәдениет ошақтарының атына орынсыз сын айтпай, оның қызметінің халыққа пайдалы болуына жұмыла атсалысайық. Мәселен, адамның жеке басына тікелей байланысты жаңалық пен жақсылықты қарадан-қарап отырып, сырттан келіп біреу жасап бермейді ғой. Ауылдың мәдениетін көтеруге, руханиятының тамыр соғысының дұрысталуына бәріміз жауаптымыз.
Өнері өрісті, келбеті келісті өлкеде биылдың өзінде 28 клуб ашылып, олардағы үйірмелер санының 2 мыңға жуықтауы салада сындарлы жұмыс барлығын байқатады. Соңғы үш жылда ғана елге «Халықтық» және «Үлгілі» атағы бар 65 ұжым қызмет көрсетсе, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2015 жылғы 30 наурыздағы бұйрығымен осындай ұжымдар саны тағы 30-ға толығып, 88-ге жетті.
– Жалпы, біз рухани құндылықтарымызды бағалай алып отырмыз ба? Алматы облысы аумағында тарихы терең орындар мен ежелгі ескерткіштер жетерлік. Маған біздер соларды дұрыс насихаттай алмай отырмыз-ау деген ой келеді.
– Расын айту керек, Жетісу жерінде былайғы елдің ғана емес, сырттан келетін жұрттың да назарын аударып, қызығушылығын тудыратын байырғы ескерткіштер мен тарихи орындар, табиғат тамашалары баршылық. Менің алдымда жатқан мәлімет бойынша дәл қазіргі кезде облыс аумағында 2333 жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер орналасқан. ЮНЕСКО-ның бүкіәлемдік мәдени мұралар тізіміне енген Таңбалы, Талхиз, Қойлық және Қарамерген сынды археологиялық ескерткіштер зерттеліп, зерделенуде. Республикалық дәрежеде маңызды деп саналатын 8 тарихи және мәдени ескерткіш пен 7 бірдей табиғат тартуы болашақта туристер арылмайтын орындарға айналады деген ой бар.
Насихаттан кенде емеспіз. Облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары Жетісудың керемет жерлерін халыққа таныстыруда. Осы орайда, Бесшатыр қорғандары, Ешкіөлмес петроглифтері, «Есік» қорық-мұражайы жайындағы зерттеулер мен сұхбаттар республикалық радио мен телеарналарда айтылып, көрсетіліп, газеттер мен журналдарда жарық көргенін айта кеткен жөн. Өзіміздің облыстық телеарна мен газеттер бұл тақырыпты тұрақты түрде көтеріп тұрады.
– Ауылдарда орта буын жұмысшы мамандықтарының тапшылығы тым өткір сезіле бастады. Журналистік іссапарларға барған кездері шаруашылық басшылары жүк көлігін жүргізушілер, тракторшылар мен комбайншылар, темір жонушылар мен дәнекерлеушілер және тағы басқа маман жұмысшылардың дені қартайғанын, жастардың жоқтығын айтып, мұң шағады. Соңғы бірер жылда осындай мамандарды оқыту мен қайта даярлауға қыруар қаржы бөлінуде. Сол миллиондарға оқытылғандар қайда кетіп жатыр?
– Мұнда тағы да алдымыздан жастарымыздың ауылда қалуға қатысты ынтасы мен ықыластығы жоқтығы шығады. Оларды да сөгуге болмайды. Бүгінгі заманның даму қарқыны мен талабы өзгеше. Барлық адам тұрмысқа қолайлы, көңіл көтеретін орындары көп қалалы жерде тұрғысы келеді. Сондықтан менің ойымша, бірінші кезекте жергілікті жерлердегі жағдайды барынша жақсартып, жастардың қалуына оң әсер ететін қадамдарды қарастыруымыз керек. Бірақ маман мүлде жоқ деп ауызды қу шөппен сүрткен де дұрыс емес. Әке-шешесінің ізін қуып, ісін жалғастыру үшін ауылды таңдағандар қатары көбейіп келеді. Мал, егін шаруашылығына ден қойып, туған жеріне қаладан оралып жатқандар да баршылық. Жалпы, мен ауылдың болашағы бекем болатындығына сенемін. Заман алға жылжыған сайын жақсы өзгерістермен бірге кері тартар құбылыстар да жиі алдан шығады. Ондайлар уақытша екені де анық.
Қазіргі кезде облыста техникалық және кәсіптік білім беретін 67 оқу орны ауыл шаруашылығы, әлеуметтік қызмет көрсету, құрылыс, машина технологиясы және жабдықтау, техникалық, педагогикалық, экономикалық, медициналық бағыттар бойынша білікті мамандар оқытуда. Тағы 19 колледж агроөнеркәсіптік салаға қажетті мамандар даярлауда. Осыларда оқитын мыңдаған жас ертең ауылды жерден жұмыс табары сөзсіз. Тек олардың ынтасын оятып, туған жерінің бүгіні бекем, болашағы жарқын болуы жолында құлшына еңбек етуін дұрыс ұйымдастыра білу қажет. Бұл тұста біздерге жауапкершілігі аса жоғары үлкен міндет жүктеліп отыр.
Ал мамандарды қайта даярлауға қарастырылатын қаражатқа келер болсақ, оны игерудің өзіндік талаптары бар. Барлығы соған сай, жергілікті жерлердің сұранысы бойынша жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқасында ауылды жерлердегі мектептерге жеті жүзге жуық жас маманның орналасуы да аталған бағытта жемісті жұмыстар атқарылуда екенін аңғартады. Аталған бағдарлама аясында 2009 – 2014 жылдары облыстағы жергілікті жерлерде еңбектенуді таңдаған 2860 жас маманға көтерме жәрдемақы және 1188 жас маманға баспана сатып алуға төмен пайызбен несие беріліпті. Осыларға қарап отырып, енді бірер жылда ауылдар жасара түсетіндігіне сенемін.
– Ономастиканың ойыншық еместігі туралы айтылып та, жазылып та жүр. Осыдан біраз бұрын республикалық БАҚ беттерінде Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылының ақсақалдары тарапынан елді мекендегі Біләл Сүлеев атындағы көшенің атын ауыстыру туралы ұсыныс жасалғаны талқыға түскен еді. Осы мәселе қалай шешілді?
– Біздің мемлекетте сөз бостандығы бар. Соған сай қоғам мүшелері өздерінің ойлары мен ұсыныстарын ашық айта алады және оған толық құқылы. Дегенмен, барлық жағдай заң талаптарына сай шешіледі. Бір кездердегі «Ауылға атамның, көшеге көкемнің есімін бер» деген өтініш бүгінде орынсыз. Ауылға немесе көшеге, мектепке және тағы басқаларға атау беру мәселесі алдымен облыстық ономастика комиссиясында қаралып, тиісті қорытынды шығарылады. Содан кейін ретімен орындалады. Еркін ауылындағы Біләл Сүлеев атындағы көшенің атауын ауыстыру жайлы мәселе Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінде талқыланып, ұсыныс жасаушыларға заң талаптары түсіндірілді. Туған елінің ертеңі үшін күрескен Алаш арыстарының бірі, тарихи тұлғаларымыздың қатарында тұрған Біләл Сүлеевтің есімі естен шығарылмайды.