Білім саласы бойынша сарапшы, елордадағы Қайым Мұхамедханов атындағы 90-гимназияның директоры Аятжан Ахметжан мажоритарлық тәртіпке сай, қалалық мәслихат сайлауына кандидат атану үшін құжат тапсырғанын мәлім етті. Бұл туралы ол facebook парақшасында жазды.
Сарапшы мәслихатқа барып, Астана деңгейінде білім саласына, ұлттық мәселелерге, әлеуметтік мәселелерге барынша әсер етуге ниетті. Сондай-ақ ол мәжіліс сайлауына емес, мәслихатқа түсуге бел байлауынын себебін түсіндірді:
"Күлбілтелемей ашығын айтайық. Сайлау жарияланғалы бері қалжың-шыны аралас әр нәрсені айтып келеміз. Әлеуметтік желінің эмоциясына сенсек, үміт артатындар көп. Бірақ әлеуметтік желідегі әр өңірде тұратын қауымның бәрі можариталды жолмен додаға түсетін кандидаттың сайлаушысы емес. Әр кандидаттың сайлаушысы - өзі түсетін өңірдің халқы. Сондықтан әлеуметтік желідегі лайық пен пікірге емес, шынайы жағдайға талдау жасаған дұрыс.
“Сайлауға түссеңші, парламентке барсаңшы”, - деп желіде де, өмірде де айтып жатқандар көп. Әрине, сенім артқасын айтады. Сенімді ақтау - ауыр жүк. Сондықтан нақты шешімімді айтайын.
Көп ойлана келе Астана қаласы мәслихат депутаттығына кандидатурамды ұсындым, өтінішімді жұма күні жаздым. Алда кандидат ретінде тіркелгенде тағы хабарлаймын.
Неге қалалық мәслихат, неге парламент мәжілісі емес?
Себебі, біріншіден, Астананың атынан түсіп жатқан парламентке лайықты кандидаттар көп. Астанадан берілген екі-ақ орын, оған мен сыйлайтын Arman Shorayev, Sultan Khan Zhussip ағаларымыз түсіп жатқанда, олармен таласқаным, олардың дауысын бөліп, азайтуға ықпал еткенім әбестік болар.
Екіншіден, өзім мектеп директорлығына үш жыл уақытқа үлкен мақсат қойып келгенмін. Қазірге екі жыл болды, енді бір жыл уақытым бар. Сондықтан орта жолдан тастап кету ата-ана және қоғам алдындағы жауапсыздық болар. Ұлттық мектеп жобасын толық аяқтап, біраз тірлік істеп кетуім керек. Ал мәслихат депутаттары өзінің негізгі жұмысынан кетпейді.
Үшіншіден, саяси тәжірибеміз керемет емес, бізге әлі бұл жақта өсу, тәжірибе жинау керек. Ал мәслихат сайлауына түсу, мүмкіндік боп жатса мәслихат депутаты болу - сол тәжірибе жинауға мүмкіндік.
Төртіншіден, әрине, ол сайлаудағы әділдік, мүмкіндік. Оны ойламай, бағамдамай мен депутат боламын деп айқайлай беру ақымақтық болар. Парламентке өтетініме сенбеймін. Енді мәслихатқа мүмкіндік бар деп ойлаймын.
Сондықтан бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Астана деңгейінде білім саласына, ұлттық мәселелерге, әлеуметтік мәселелерге барынша әсер ете алатындай мәслихатқа баруға шешім қабылдадым.
Қалған әңгімені ресми тіркеліп, кандидат атанған соң үгіт-насихат кезеңі басталғанда айтармыз. Әйтпесе қазірге артық әңгіме айтып қойып заңсыздыққа ұрынбайық".
Пікір қалдыру