Жалпы ғалым туралы сөз қозғағанда оның әлеміне бойлай білу шарт. Бәлкім сондықтан да шығар, бүгінгі әңгіме өзегіне айналдырып отырған кейіпкерім туралы жазуды қолға алуда көп толғандым. Көкжалдың көкжал екенін жазу үшін оны күшік күнінен білгенің дұрыс. Қолыма қаламымды алып, ой қозғауыма осы жанды бала күнімнен білетінім себеп болса керек.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Әлкебаева Дина Ақбергенқызы туралы көп айтуға болады. Болатын бала өзінен жас күнінен- ақ хабар береді. Асау жүрегімізге арман деген дүниенің алауын жалау етіп қадап, бәрімізді өткен ғасырдың сексенінші жылдары Алатаудың етегіндегі Алматы құшағына алған еді. Динамен сол жылдары танысқанбыз. Танысқан деймін- ау, тағдыр жолдарымыз қазақ сахарасының әр бұрышынан мектептегі ақ бантиктерін тастаған бойжеткендер мен бозбалалықтан жігіттік дәуреннің табалдырығын аттаған бізді Қазақ Университеті деген қарашаңырақ қарсы алып, табыстырған еді. Содан бері өткен жарты ғасырға жуық уақыт кімнің кім екенін, кімнің ертең алысқа шабатынын, кімнің қандай азаматтық биіктерде жүретінін анық көруге ықпал еткендей.
Сөзімнің басында «болатын бала өзінен жас күнінен- ақ хабар береді» деген едім. Динаның мектеп бітіріп келгендегі білімдарлығы өз алдына, қыз бала болса да өжеттігі таңқалдырған мына бір жағдайды көлденең тартайын. Осы жағдай оның болмысының бір қырын ашқаны айтар сыр сандығымның кілті болсын.
Біз оқып жүрген филология факультетінде «Әдебиет теориясы» деген арнайы курсты қазақтың дарабоз ақыны Қадыр аға Мырзалиев жүргізгені бар. Кезекті бір сабағында ол кісінің бір-екі өлеңін талдадық. Сондай өлеңнің бірі «Қала мен дала» деп аталады екен. Ақын осы өлеңінде даланың кеңдігін өлең сөздің өзегіне өріп, оны қаланың он көшесіне айырбастамайтынын айта келеді де, соңында бірақ мен далаға бармаймын, өйткені мен қалалықпын ғой деп аяқтайды. Өлең шумақтарының айтар ойын біреуіміз түсінген де шығармыз, түсінбегендеріміз де отырды арамызда. Бір кезде Динаның қол көтермесі бар емес пе?!
– Ағай, бүгін сіздің аудиторияңызда мен шәкіртіңіз болсам да, оқырман ретінде өлеңіңізді сынасам ренжімейсіз бе? – дегені.
Басқа басқа, бірінші курс студентінен мұндайды күтпеген ағамыз өзінің жасына сай сабырлық танытып, жәй ғана қоңыр үнмен «ал, айта ғой!» деді.
– Ағай, ренжімеңіз, мен бұл өлеңіңізді қабылдай алмаймын. Айтар ойыңызда қарама-қайшылық бар. Даланы мадақтап келесіз де, бірақ «мен ол жаққа бармаймын, себебі мен қалалықпын!» дейсіз дегені. Кемшілікті көру бір басқа, ал оны айту, онда да анау-мынау адам емес, қазақ поэзиясының тұлғасына бірінші курс студентінің айтуына жүрек керек емес пе?! Сол күні шәкірт пен ұстаз пікірлері екіге бөлінді. Іштей тынып отырған біз қаршадай қыздың өжеттілігіне таң қалған едік. Арада талай жылдар өтсе де осы жағдайдың ұмытылмай есімізде қалғаны бар.
Жастайынан оқуға зерек болып, орта мектептің базалық білімін терең алған Динадан талпынса жақсы экономист, болмаса жақсы заңгер шығар еді. Филолог болуға, осы мамандықты таңдауға оны итермелеген қайнар күш, тылсым құдыреттің болғаны рас.
Ол ауылда өсті, ауылдан ұлттық таным, ұлттық тәрбие, ұлттық мінезді көріп өсті. Дөңгеленген дүниенің қыр-сырын, жұмбақ әлемнің ақиқаты мен жалғандығын, адамдардың таза, кіршіксіз көңілі мен қатыгез қара ниеттерінің қатайып бара жатқанын да көріп өсті. Таусүгір деген ауылынан дала сырын, қазақ ұлтының танымын, түсінігін, ұлттық мәдениетін, табиғаттың тылсым күші мен қуатын көріп өсті. Таңның бозарып атқанын, күннің қызарып батқанын, әрбір дүние өлшемін, мәнін, жаратылыстың адамға «ұғып ал да, миыңа құйып ал» деген өмірлік сабақтарын үйренді. Адамның ыстық демімен, қара көз қарашығынан қабылданатын дала мен әлем құпиясын таныды. Сөз өнері деген, филология деген ізгіліктендіру ғылымын таңдағаны да содан шығар деген ой келеді біздің санамызға.
«Шәкірттің мықтылығы ұстазынан» деп жатамыз. Сол ауыл мектебін бітірген Дина Ақбергенқызының адам болу жолында идеал, үлгі болған, ұстаз болған адамдары жоқ емес, бар. «Өмірде шәкірттік сезімін жоғалтқан адам ұстаз бола алмайды» деген екен Әбіш Кекілбаев ағамыз. Қазір Дина Әлкебаеваның өзі ұстаз болса да өз ұстаздарына деген сезімін жоғалтқан жоқ. Туған ауылындағы білім алған ұясында оған бағыт-бағдар берген, ақылын айтқан ұстаздар көп болды. Олардың қатарында алғашқы ұстаздары атанған Несібелді Ахметова, Күләш Темірбекова, Тұрар Көмекова, Аппақ апай (фамилясы есте жоқ), тағы басқалары бар. Мектептегі сабақ берген мұғалімдері шын мәнінде ұстаз, педагог деген атқа лайықты жандар еді. Университет қабырғасында жүргенде Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішов, Р. Нұрғалиев, Сапархан Мырзабеков, М. Серғалиев, А. Қыраубаева, Н. Кәрбанова секілді ғылымның саңлақтарынан дәріс тыңдағанын өзіне мәртебе санайды. Оның өміріне ықпал еткен адамдардың бәрі ол үшін идеал екені де-ақиқат.
Мына жарық дүниеге келген әр пенденің өмірде адам ретінде ұстанатын азаматтық позициясы, кредосы болады. Кейде оны намыс деп жатамыз. Сол намыс адамды алға сүйреу мотивациясына айналған сәтте адам едәуір жетістіктерге қол жеткізетіні анық. Адам баласы намысына тырысып сан алуан табыстар мен үлкен істер атқарады. Адамның ар-намысы туралы түсініктің қай-қайысы болмасын, жеке тұлға бойындағы бағалы құндылық. Жеке тұлға бойындағы ар-намыс – бұл адамның өзін-өзі қоғамда тұлға ретінде таныта алатын мәнді қасиеттің бірі. Намысты адам әр кез өз намысына сай өмір сүреді, оның өмір сүру мәнерінде, әдет қылығында мұның бәрі сәйкес келеді. Намысты адам – бұл жеке адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі ретінде адами баға болып қоғаммен қабылданады. Сөйткен намыс біздің бүгінгі кейіпкерімізді де алға сүйрегені анық. Соның арқасы болар, әр ісінде намыс пен жауапкершілікті жоғары ұстаған Дина Ақбергенқызының бүгінгі жеткен жетістігі айта берсе, көп.
1984 жылы университетті тәмамдаған соң еңбек жолын Алматы облысында мұғалімдік қызметтен бастаған. Одан кейін аспирантурада оқыды. 1993 жылы кандидаттық, 2006 жылы докторлық диссертациялар қорғап, тіл білімі мамандығы бойынша профессор атағы берілді.
Оның ғылыми зерттеу бағыттары қазақ тілінің стилистикасы, қазақ тілінің прагматикасы, поэтика, лингвоэкология, сөзтану ғылымы, қазақ тілінің функционалды грамматикасы, қазақ тіл ғылымының жаңа бағыттары секілді сан алуан.
Әлкебаева Дина Ақбергенқызы – қазақ тіл ғылымында орны бар, бүгінгі ұлттық тіл ғылымының сан-салалы саласында өзіндік ғылыми ізденістерімен, көзқарастарымен көрініп жүрген көрнекті ғалым. Тәжірибелі ұстаз-педагог ретінде қазақ филолог мамандарын, журналистика факультетінде стилистикадан сабақ бергендіктен журналистерді, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушыларын ұстаз, ғалым болуға тәрбиелеп дайындап жүр. Ол өзінің алғашқы педагогтік қызметіне кіріскен күннен бастап жүздеген шәкірттері республикамыздың жоғары оқу орындарында және орта мектептерде жұмысқа орналасып, әдеби-мәдени, ғылыми-танымдық басылымда, ғылыми-зерттеу мекемелерінде қызмет істеп жатыр.
Ол докторлық диссертациясын қорғағаннан бергі уақыт ішінде қазақ тіл ғылымының кенжелеп қалған саласы қазақ тілінің стилистикасы, тіл мәдениеті, сөз экологиясы, функционалды грамматика, сөзтану ғылымының өзекті мәселелері, рухани экология, қазақ тілі ғылымының жаңа бағыттары пәндерінің жаңа ғылыми ізденіске толы беттерін ашты.
Тоқырау жылдарында ұлттың тілі, қазақ тілінің қоғамдық қызметі жанданбай қалған еді. Д.Әлкебаеваның ғылыми ізденісінің ең басты арнасы – тіл ғылымының ең күрделі қызықты саласы стилистика ғылымындағы жаңа бағытына үлкен ғылыми ізденіспен жеткендігі. Стилистика ғылымының жаңа бағыты – прагмастилистика ғылымы. Ол бұл салада «Қазақ тілі стилистикасының прагматикасы» (2005 ж.) деп аталатын монографиясын жазып шықты. Оның алдында өзі кандидаттық диссертацияның негізінде «Мағжан поэзиясының тілі», «Мағжанның ойлау стилі» атты оқу құралын жазған еді. Осы оқу құралында поэтика тілін зерттеудің жаңа ғылыми көзқарастармен сан түрлі бағыттарының тәсілдерінің эстетикалық когнитивті-ассоциацияның бағдарын жетік меңгере отырып, талдау жасаған. Поэтика тілін зерттеу сөз образының категориясы ретінде алынып, осы салаға қатысты ғылымның жаңалықтары, тілдік-ғылыми айналымға еніп жатқан стилистикамен егіздес поэтика ғылымының ғылыми-теориялық жаңалықтарын пайдаланды. «Қазақ тілі стилистикасының прагматикасы» монографиясы стилистика ғылымының ғылыми-теориялық базасын жасауы болып саналады. Қазақ тілі стилистикасының басты концепциясы – тіл мен адамдық фактор арасындағы «әрекеті» болатын. Бұл тіл ғылымының көптеген шектес ғылымдарының байланысын атап айтқанда, когнитивті лингвистика, психолингвистика, прагматика, адамтану, риторика, гносеология т.б. байланысына тікелей қадам жасалынған, яғни «тіл өз алдына бөлек сала» деп танылған қатаң, қасаң қағидадан арылтатын жаңа ізденіске толы ғылыми концепцияның негізі болып саналады. Бұл тілдегі антропацентристік бағыттың өзектілігін айқындайтын тың тұжырым деп батыл айтуға болады.
Д.Әлкебаева қазақ сөз мәдениеті деген ғылым саласын терең дамытып, сөзтану (речеведение) деген ғылым саласы бойынша көптеген жаңа ғылыми көзқарастарды батыл ғылыми айналымға енгізіп жүр. Қазақ тілінің сөз мәдениетін ұлттық, әлеуметтік, рухани мәдениет деп танып, оның саяси-әлеуметтік мәніне терең үңілу керектігіне байланысты жаңаша көзқарастар сөзтану, сөз экологиясы, рухани экология салаларымен тығыз баланыста қарастырып осы салалар бойынша іргелі және элективті пәндер дайындап оларды магистратура, докторантура бөлімдерінде оқытуда. Сөзтану ғылымы, сөз жанрлары, сөздің коммуникативті-прагматикалық актісіндегі стилистикасының ерекшеліктер әлеуеттілігін көрсету маңыздылығы стилистика және сөз мәдениеті ғылымдарының өзекті мәселесі. «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» саласы бойынша оқу-әдістемелік жинақ, типтік бағдарлама, ғылыми жинақ, оқу құралы, оқулық жазып осы пәнді іргелі пәндердің дәрежесіне жеткізіп, ҚР-ның ЖОО-ларда оқу процесіне ендірді. Қазақ тілінің жанашыры ретінде мерзімді баспасөз бетінде тіл экологиясы, тіл саясаты, лингвистикалық болжау орталықтарын ашу керектігі бүгінгі мемлекеттік тілдің тағдырына алаңдаушылық танытатын пікір ғана емес, бұл мәселенің мемлекеттік саяси мәнінің тереңде екенін танытатын ғылыми тұжырым екенін дәлелдеуде өз үлесін қосып келеді.
Д.Әлкебаева ғалым-ұстаз ретінде республика көлемінде өтіп жатқан ғылыми-теориялық конференциялардағы баяндамаларымен, ғылыми басылымдағы мақалаларымен танымал. Осы тіл ғылымындағы тың тұжырымдары «Қазақ тілі стилистикасы», «Сөз мәдениеті», «Прагмастилистика», «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы», «Сөзтану саласының өзекті мәселелері», «Сөйлеу және рухани экология», «Қазақ тіл ғылымының жаңа бағыттары» іргелі және элективті курстардан дәріс оқиды.
1 монография, 2 оқулық, 2 ғылыми жинақ, 9 оқу құралы мен 300-ге жуық ғылыми мақаласы жарық көрген. «Мағжан поэзиясының тілі», «Поэтика лингвистикасы», «Қазақ тілі стилистикасының прагматикасы», «Қазақ тілінің прагмастилистикасы», «Сөз мәдениеті», «Мағжанның ойлау стилі», «Қазақ тілінің функционалды грамматикасының өзекті мәселелері», «Қазақ тілі функционалды граммтикасы» атты ғылыми жинақ, оқу құралы, оқулықтардың авторы. Халықаралық және республикалық конференциялар мен симпозиумдарға, сондай-ақ ғылыми жобаларға қатысып отырады. ҚР-ның ЖОО-дағы бакалавриат пен магистранттарға және докторанттарға арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандықтары бойынша МЖМБС-ның авторларының бірі. Бір ғылым кандидатын дайындаса, бұл күндері PhD докторант дайындауда.
«2013 жылдың жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті қазақ филологиясы кафедрасының профессоры Әлкебаева Дина Ақбергенқызының Қытай, Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея секілді шетел іс сапарларының нәтижелері туралы ақпараттар да жоқ емес.
Д.А. Әлкебаеваның ғылыми еңбектері Scopus и Thomson Reuters, алыс және жақын шетелдерде, ҚР БжҒМ-нің ЖАК бекіткен ғылыми журналдарында, ҚР-да республикалық журналдарда, ғылыми жинақтарда, конференцияларда, БАҚ құралдарында ғылыми еңбектері жарияланып тұрады.
Біздің толқын-кешегі кеңес заманында білім алғандар. Одан бері заман өзгерді, заң өзгерді. Бір қоғамдық формацияның орнына екіншісі келді. Білім сапасы жаңа стандарттарға ауысты. Екі қоғамдық формацияның білімі мен ғылымын қатар көрген Дина Ақбергенқызының қандай дүниелер мазалайды екен? Қазіргі жоғары оқу орындарындағы оқыту процесінің кешегі кеңес заманындағы оқыту процесінен өзгешеліктері бар ма? Пандемия жағдайында озық технология, цифрландыру саясатына ілесіп отыру бүгінгі жоғары оқу орындарының ұстаздарына ауырлық әкеліп жатқан жоқ па? Осындай сауалдарды қойған едік.
– Адамзат қызметінде білімнің қолданылу аясы, классикалық білім беру туралы, деңгейі мен стандарттары, мазмұны, функциялары жөніндегі, жалпыға ортақтығы жайлы түсініктер де өзгерді, жалпы білім беру ісін жетілдірудегі проблемалық аспектілер жайлы пікірталас өрбіді. Бұл қоғамдық өзгерістермен байланысты еді. – деп бастады ол осы сауалға жауабын. – Оқыту процесінің кешегі кеңес заманындағы оқыту процесінен өзгешеліктері өте көп, бірақ негізгі түпқазығы сақталады ғой. Өзіміз сол кезде білім алдық қаншама біліммен сусындадық, қазіргі ақпарат кеңістігіндегі білім алудың негізі бұрынғы білімнің жаңа формасы деп айтқым келеді. Білім дағдарысы деген мәселе әр заманда да болған қоғамдағы экономикалық жағдайлар білім дағдарысын тудырып қана қоймай, оның жаңа форматқа көшуіне тікелей ықпал етеді. Тәуелсіздік алған жылдары әл-Фараби атындағы қазақ университетінінің филология факультетіне жаңа білім беру жүйесі қарқынды жүрді. Осы процеске біздің университет алдыңғы қатарда үлкен жетістіктерге жетті оған университет ұжымы қиыншылығы мен ауыртпалығын арқалап, оны игеру жолында аянбай тер төкті.
Білім беру мәселесі– қазіргі заманғы көкейкесті тақырыптардың бірі. Қазақстанда бұл салаға қатысты ғылыми дискурсында оған маңызды мән беріледі. Бұл бүгінгі ақпараттық кеңістік жағдайында білім берудің негізгі рөлге ие болып отыруына байланысты. Білім беру туралы дискурста адамның жалпыға бірдей және жеке дара бастамасын дамыту туралы идеялар негізінен, ақиқатты іздеуге, мәдениетті болуға, «ішкі жан дүниесі мен білімі үйлесім табуға», өнеге мен рух еркіндігін дамыту қағидалары білім берудің гуманистік және неогуманистік теориялары жан-жақты өте кең форматта қарастырылып жатыр. Қазіргі заман өркениетті әлемде ашық ақпараттық қоғамға өту процесін бастан кешіріп соның жолында түрлі «өтпелі кезеңнің» қиыншылықтарын да бастан өткізуде. Білім беру білім алушылардың кәсіби және мәдениетаралық құзіреттілікті қалыптастыру мақсатын алдыңғы орынға қоюда. Қазақстан Республикасында қазіргі білім беру субъектісінің өз-өзін дамытуда бірінші орынға екі бағыт негізгі ұстаным деп айтуға болады: бірінші бағыт өмір бойы үзілмейтін білім беру арқылы кәсіби сәйкестілігін қалыптастыру; екінші бағыт білім беру субъектісінің ұлттық мәдени сәйкестілігін және оның мәдени сұһбатқа ашық болуын қалыптастыру. Ақпараттық кеңістікте білім беруді креативті-дамытушы білім беруге ауыстыру Қазақстан Республикасының болашағын, жеке тұлғаның тағдырын шешіп береді. Адам баласы тастай қатты, гүлдей нәзік өткен тарихқа көз жіберсек адам баласының жеңбеген қиындығы жоқ. Пандемия жағдайындағы біздің университеттегі білім беру жүйесі озық елдердің қатарына тұруға толық мүмкіндік алды. Барлық озық технология, цифрландыру саясатына ілесіп отыруға университет үлкен жағдайлар жасады.
Пандемия жағдайында озық технология, цифрландыру саясатына ілесіп отыру бүгінгі жоғары оқу орындарының ұстаздарына ауырлық әкеліп жатқан жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Қиыншылық та оны жеңу – адамзаттың маңдайына жазылған құбылыс. Қазіргі пандемия жағдайының ауыртпалығын бүкіл әлем халқы көтеріп жатыр, – деп аяқтады әңгімесін.
Дина Әлкебаеваның еңбек жолындағы біз айтқан жоғарыдағы жетістіктері оның бір қыры болса, адам ретіндегі оның ішкі жан дүниесі де рухани қасиеттерге бай. Ендігі әңгіме арнасын сол жаққа бұрайық.
Кейбір адамдар «өткен өмір жолыма өкінбеймін, өмірде алға қойған мақсатыма жеттім» деп жатады. Дина Ақбергенқызы болса, «Өткен өміріме өкінбеймін» дегендерге сенбейтін секілді. Адам өмірінің ежелгі армандары адамзатқа ортақ. Оқу, білім алу, денсаулығы болу деген сияқты ортақ мақсаттан басқа да адамның жеке тағдырының мәселелері де адамның мақсатының орындалуына, орындалмауына үлкен әсері бар. Кейбір адамдарда мақсатына жетуге тырысқанмен жете алмайды, ол туралы тартысты пікірлер мен ғылыми көзқарастар көп, алайда генетикаға да, қоғамдық жағдайларға да, тәрбиеге де байланысты. Өмірде кездесетін қиыншылықтар мен тосқауылдарға қарамастан адам оларды жеңе отырып өз әлінше мақсатына жетіп жатады. Әлсіз, жасқаншақ ерік-жігері әлсіз адамдар өз ниетін жүзеге асыра алмайды, сондықтан мақсатына жете алмайды. Мен әлсіз адам емеспін ерік-жігерім де бар сияқты, бірақ өткен өмір жолында өкініш те оның әртүрлі сәттеріне өкінетін кездер аз емес, – деген пікірді алға тартады.
Расында арман бір жарық жұлдыз сияқты. Алыстан қол бұлғап шақырып тұрады. Адам деген пенденің арманы ешуақытта таусылған емес. «Болдым, толдым, енді арманым жоқ» деген адамның да орындалмаған арманы, сол жолдағы өкініші болатыны – табиғи заңдылық.
Оған жету оңай емес. Өзіңді қамшылап, «жетем» деп ойлау керек. Өмір жолы сан соқпақты. Оған жете алмай қалуың да мүмкін. Орындалмаған арман көп, егер арман орындалса адам қуатынан айырылып қалатын сияқты. Ол ешқашан жеткізбейді, бірақ сені шақырып соған талаптандырады, құлшындырады, рухтандырады, сондықтан ол арман деп аталатын шығар. Арман сезіммен, жеке адамның сенімімен, қиялымен қанаттандыратын рух күші деп түсінеміз. Арманға жету өте қиын ал мақсатқа жетуге болады. Өмір деген сапарда өзгелермен үзеңгілесіп келе жатқан Дина Ақбергенқызының да мына фәни дүниеде өкініші мен арманы жоқ емес, бар. Ол – бөлек әңгіменің тақырыбы.
Біз де жас болдық. Біздің кезіміздегі жастар мен қазіргі жастардың бойындағы өзгешеліктер заманына сай ма, жоқ емес, байқалады. Бүгінгі жастар туралы да ғалымның өз пікірі бар.
– Жастар – қоғамның ең белсенді, тез тіл табыса алатын қуатты бөлігі. Ол қоғам мен мемлекеттегі саясаттық, әлеуметтік, экономикалық бағытта өзгерістер мен ең маңызды жетістіктердің негізгі қимылдайтын күші болып келеді. Біздің кезімізде жастар өз қоғамның жаңа белсенді күші болып келді және олар өз позициясын білім алумен, еңбек етумен, мемлекеттік істерге араласуға атсалысты. Жастар тез және өткір әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-саясаттық жағдайлардың өзгерістеріне әрекет етіп отырады. Жас адамдар қоғам дамуының ең мықты күштері деп ойлаймын.
Қазіргі жастардың өмірі өте өзгермелі. Оның себебі айналада болып жатқан оқиғалар мен шындықтардың табиғаты да аса құбылмалы болып тұр. Осы құбылмалы ақпарат ғасырында өмір сүріп жатқан жастар жалпы адамзатқа тән ізгіліктендіру қағидаларын басты мақсатқа алса, оның тереңіне ақылмен бойласа, олар алар асулары мен биік шыңдарына қол жеткізеді деп ойлаймын. Жастар санасындағы өзгермейтін құбылыс – нарықтың фетишизациясы. Келешекке қатысты, жұмыссыздықтан да қорқып жүрсе де, жастардың көбісі таңдаған мамандыққа сенеді. Олар болашақ өміріне, таңдаған мамандықтарының прагматикасына сенеді. Жастардың барлығы да кез келген жұмысқа өздерінің таңдаған мамандықтарының қоғамдық, шығармашылық маңызына сенгенмен, табысының өлшемі мен мөлшерін қадағалап оны естен шығармайды. Сондықтан таңдаған мамандығына және айлық табысына сенімділік болғанын қалайды. Сондықтан аса сенімді болу үшін жоғары білім алуға, шет тілді меңгеруге, ұмтылады, бизнесте өздерін сынағысы келетіндері де бар, нарықтық экономика жағдайына бейім болуға нақты іс-әрекет етуге құқықтық сауатты болуға талпынысы да жоғары, бірақ оның қиыншылықтары көп екенін мойындап жатады. Қазіргі жастар имандылығы, тәрбиесі жоғары екендігін өзім көріп жүрген Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің білім алушы жастардың бойынан көруге болады. Имандылығы мен тәрбиесі салауатты өмір салтына лайықты жастар өте көп, олардың ішінен ақпарат кеңістігінің барлық жағдайын түсініп бақылап отырғандары да көп, – дейді ғалым.
Ғалымды мазалап, толғандырып жүрген тағы бір дүние бар. Ол – ана тіліміздің келешегі. Біз – филологпыз, басқаларға қарағанда тілге жақындаумыз. Демек, тілдің жанашырымыз. Қаракөз қандастарымыздың арасында ана тілімізде емес, орыс тілінде сөйлеу мәдениеттің ерекше белгісі деп кеткені де жасырын емес.Қазіргі қазақ тілінің тағдыр жолы толғандырған соң ба ғалымның ана тілінде сөйлеуді төмен санайтын замандастарына да айтары бар сияқты.
– «Ақыл көркі –тіл, тілдің көркі – сөз» деген Жүсіп Баласұғынның нақыл сөзі бар. Орысша сөйлеген адамдар қанша жақсы сөйлегенмен, орыс бола алмайды. Олар – уақытша ғана сол тілді таратушылар. Оларды бақытты және мәдениетті деп айтуға болмайды. Ана тілінде сөйлеуді төмен санайтын замандастар – өз ұлтының мәдениетінен, ұлттық рухынан айырылып қалғандар. Қазіргі қазақ тілінің тағдыры өте қиын. Жер бетін басып жүрген ұрпақтың ізімен жаңа ұрпақ келе жатыр. Қазіргі қазақ тілінің тағдыр жолы солардың қолында. Оларды қазақ тілінің тағдырын дұрыс шешу эстафетасын алып жүру үшін рухани тәрбие мен білім керек, – дейді ол әңгіме арасында.
Мінез деген дүние бар. Әркімде әрқалай. Әр адамның мінезі оның астындағы тұлпары сияқты. Адамның мінез-құлқына оның тағдыры, ісі өмірімен тығыз байланысты. Себебі мінезі өзіне кедергі келтіретін адамдар да бар, ал мінезі жайдары, ашық таза адамдар айналасына қуаныш сыйлайтыны сөзсіз. Біздің кейіпкеріміздің мінезіне келсек, ақкөңіл, ашық, ерік күш жігері жоғары. Сөйте тұра жаны қарапайым. Психологияда «интроверт» деген ұғым бар. Осы саланың қарастыратын мәселесі, бұл типтегі адамдардың психикалық қоймасы күрделі болып келеді, өзінің ішкі әлеміне назар аударумен, басқа адамдармен оқшау, ойлауы өзгешелеу болатын жандарды айтады. Дина Ақбергенқызының мінезі осы интровертке келетін секілді.
«Уақытты босқа өткізу – ең ауыр шығын» деген екен Ж.Бюффон. Бос уақыт деген сөз қазіргі ізденіс үстінде жүретін мұғалімдерде, ғылым жолындағы ғалымдарда болмайтын сияқты. Қазіргі заман талабына сай қарсы тұра білу үшін күн санап талап пен міндет өте көп жүктеледі. Қазірігі ақпарат ғасырына ілесіп отыру үшін оның жаңалықтарына өз тұрғыңнан баға беру үшін түрлі қым-қиғаш ақпаратты алып отыруың керек. Осыдан келіп түйетін тұжырымым біз бүгін сөз етіп отырған кейіпкерімізде бос уақыт деген жоқ. Одан басқа да адам баласының рухани әлемін өсіретін дүниелер бар.
Тәуелсіздіктің таңы атқалы отыз жылдың жүзі болғаны анық. Осы киелі ұғым, соның аясындағы елдің кешегісі, бүгіні және болашағы ғалымды да толғандырып жүргені анық.
Қазақстанның тәуелсіздігі жолындағы арман мен мұраттарының бақытты өмірдің салтанат құруына қазақ әйелдерінің оның ішінде ғалым әйелдердің қосқан үлесі орасан зор болды десек, артық айтпаған боламыз.
Жер бетіндегі көптеген ұлттар армандап қол жеткізе алмай жүрген тәуелсіздік Қазақстан мемлекеті үшін де, елі үшін де үлкен қол жеткен мақсат мұраттарының ең биігі, ең қымбат дүниесі десек болады. Тәуелсіздік пен қазақ тілінің мемлекеттік статус алуының арқасында ол да ғалым атанды. Қазіргі жеткен жетістіктері тәуелсіздіктің арқасы тағдырдың бір сыйы деп ойлайды. Ғалым болған оны өміріне өзек еткен Дина Ақбергенқызы туралы туралы айтпағымыз осы еді.
СИҚЫМБЕКТІҢ Алтынбайы,
журналист
Алматы қаласы
Пікір қалдыру