Обама Путиннің Сириядағы соғысқа қатысуын қолдайды

/uploads/thumbnail/20170708200211606_small.jpg

Путин Обаманың алдын орағаны жөнінде тынымсыз айтылып жатқан әңгіме, жазылып жатқан ақпар көп бүгінде. Дегенмен, бұл бар болғаны шындықпен жанаспайтын үгіт-насихаттың құралы һәм пиардың үйреншікті қадамы.

Қазіргі саяси жағдайды орынды бағалар болсақ, Обама Ресейдің ИЛИМ-ге қарсы күресіне мүлдем қарсы емес. Бірақ, «Исламдық мемлекетті» батыстық жақ жеңе алмайтындықтан немесе Путин Обамаға қарағанда әлдеқайда ұтымды күрес жүргізіп, көп істі аз уақытта тындыратындықтан емес.  Бұл ретте көпқырлы себеп қана емес, астары мол саясат жатыр.

РФ-ның ресми түрде Сирияға енуі мен ИЛИМ-ге шабуыл жасауы «барлығын өз мойнында арқалауға үйренген» батыстық коалицияны артық проблемадан құтқарды деуге болады. Бірінші кезекте, әрбір бомбалау, ұшақ ұшыру процестері – салық төлеушілердің аялмай жұмсалған ақшасы. Бұл, әрине, мәселенің бергі жағы ғана. Екіншіден, Мәскеудің алдынан Сирияға жол ашу арқылы, американдықтар Ресейдің олар қолдан жасаған батпағына белшесінен бататынына сенімді. Қарап отырсақ, оқиға соған сәйкесінше өрбуде. 

Ал, Ресейдің Қарулы күштері, өз кезегінде, ИЛИМ мен сириялық оппозиция арасынан айырмашылық тауып, бас қатырып жатқан жоқ. «Ақыры, екеуі де Асадты тақтан тайдыруды көздейді екен, ендеше бірінен бірін ажыратып керегі не?», - деді ме екен, кім біледі?! Сондықтан, бәлкім, «абайсызда» сириялық оппозиция орналасқан аймақты бомбалап кетуден де тайынар емес шығар.

Осы іспетті «ағаттықтар» жалғаса берсе, Мәскеу сау басына сақинаны өзі тілеп алмақ. Салдарынан, тек ИЛИМ немесе Асадтық оппозиция ғана емес, Асадты әлем сахнасынан кетіруді көздейтіннің барлығы Ресей Қарулы күштеріне қарсы күрес ашады. Соңында бұл соғыстан Мәскеу оңайлықпен шыға алмасы анық. Керісінше, өзге территорияда қатаң қаржылық дағдарыс кезеңінде соғысуы ресейлік халықтың үкіметіне деген наразылығын ғана тудырмақ. Оған себеп – «Сирияны жарылқап, ақшаны ауаға шашқанша, ашыққан халықты тойдырса екен, қанекей?» деген халықтың жан айқайы болмақ.

Кез келген соғыс, мейлі оның түбірі тереңде жатсын, я күні кеше басталған болсын, себеп маңыздылығы жөнінен әлемдік деңгейде болсын, я тіптен негізсіз болсын, қалай болғанда да ол – орны толмас шығын. Оған қоса, ол қашанда бопсалаудың, аямай пайда табудың, әлдебір соғысқа қатынасқан елдерге қатысты өзіндік мақсаттарға жетудің ұтымды жолы саналады.

Сондықтан, Вашингтон үкіметі Сириядағы дау-дамайдың шамасы жеткенше жалғаса беруіне, оған қатысушы мемлекеттердің көбейе беруіне тіптен қарсы емес. Жақында ғана Сауд Арабиясының рухани көшбасшыларының Ресейге қарсы жиһад ұйымдастыратыны жөніндегі мәлімдемесі соның айқын дәлелі емей немене?!

Саудиттердің, ресейліктердің және Қиыр шығыстағы өзге де мемлекеттердің соғысқа қатысуы оларды, біріншіден, қаржылай әлсіз етеді, екіншіден, қалай болғанда да осал тұстарының көптеп табылуына түрткі болады, және үшіншіден, әлдебір сұрақтарға байланысты көнгіш болып кетуіне әсер етпек.

Ресейлік  Қарулы күштердің ИЛИМ-ді аз уақытта жаулап алатынына сену – үлкен ақымақтық. Бірақ әскери қадамдарының келешегі жоқтығынан Путин Сириядан әскерін алып кетеді деп ойлау – одан үлкен ақымақтық саналады. Оның үстіне Сириядағы жағдай Ресейдің қатысуынан кейін бұрынғыдан артық ушыққанын ескерсек, Ресейдің Сириядағы бұл сапары ұзаққа созылды деуге толық негіз бар...

 Назгүл Назар

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар