Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен кеше палатаның кезекті жалпы отырысы болып өтті. Ондағы өзінің кіріспе сөзінде Төраға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының тарихи мерейтойлық сессиясында әлемдік дағдарысты еңсеру және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуда орасан зор мәні бар нақты бастамалар көтергендігіне ерекше тоқталды.
«Елбасы БҰҰ Бас Ассамблеясының тарихи мерейтойлық сессиясында сөйлеген сөзінде әлемдік дағдарысты еңсеру және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуда орасан зор мәні бар нақты бастамалар көтерді. Президент ХХІ ғасырда ядросыз әлем қалыптастыру және «Жаңа Болашақ» тұжырымдамасын әзірлеу туралы, сондай-ақ, халықаралық терроризмге қарсы күрестің дүниежүзілік желісін құру қажеттігі туралы мәлімдеді», – деді Қ.Тоқаев.
«Заманымыздың аса тәжірибелі саясаткері, Азиядағы қауіпсіздіктің іргетасын қалаушы, Еуразиядағы ықпалдастықтың негізін салған Президентіміздің бастамалары халықаралық саяси және дипломатиялық қоғамдастықтың аса жоғары қызығушылығын тудыратыны даусыз. Бүгінде бұл бастамаларға әлемнің жетекші мемлекеттері назар аударуда», – деп атап өтті Төраға. Қ.Тоқаевтың пікірінше, Президенттің әлемнің басты мінберінен сөйлеген сөзі Қазақстан үшін аса зор стратегиялық маңызға ие. Бұл бастамалар қазіргі құбылмалы әлемде еліміздің ұстанымдарын нығайта түседі.
Сенат отырысының күн тәртібіне кірісердің алдында Төраға палата Президенттің «100 қадам» стратегиялық бағдарламасын іске асыруды көздейтін заң жобаларын қарастыруға кірісетінін ерекше атап өтті. Стратегия еліміздің ішкі әлеуетін күшейтуге бағытталған, деді Қ.Тоқаев. Жұмыстың нәтижелі болатынына сенім білдірген Сенат Төрағасы Қазақстанның халықаралық беделін одан әрі арттырып, қоғамда тұрақтылық пен келісімнің нығаюына Сенат депутаттары өз үлестерін қосатынын айтты.
Отырыс барысында палата он үш заң жобасын қарады. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымын кұру туралы Марракеш келісіміне қосылуы туралы хаттама ратификацияланды, сондай-ақ, еліміздің осы ұйымға кіруіне байланысты заңнамаға түзетулер қабылданды.
Сенаторлар, сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді, ЕАЭО шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді, Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенцияны, Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Қазақстандық Балқаш торабын беру шарттары және оны зымыран шабуылы туралы Ресей ескерту жүйесінде одан әрі пайдалану тәртібі туралы келісімді, Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы, Қазақстан мен Иран үкіметтері арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді де ратификациялады.
Жан-жақты талқылай келіп, депутаттар Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңға түзетулерді қабылдады. Бұл құжат Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде және Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында берілген тапсырмалары негізінде әзірленді. Құжаттың мақсаты «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық отаншылдық идеясын іске асыруға бағытталған тұтастай мемлекеттік саясат қалыптастыру үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу болып табылады. Осыған байланысты кіріспеге, «Болашағы біртұтас ұлт» институттық реформасында бекітілген құндылықтар негізінде еліміздегі ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді көздейтін өзгерістер енгізіледі. Одан басқа, заң жобасы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ассамблея Төрағасы ретінде Мемлекет басшысына жыл сайынғы есептерін қарастыратын ережелермен толықтырылған. Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Ассамблеяның институттық рөлін күшейтеді, қоғамдық келісімді, «Мәңгілік Ел» идясының жалпы құндылықтары негізінде қазақстандық біртектілік пен бірліктің нығаюы үшін жағдай жасайды.
Палата заңнамаға жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалды дамыту мәселелері бойынша түзетулерді екі оқылымда қарады және қабылдады. Құжат Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында әзірленді. Онда еліміздің Азаматтық кодексіне халықаралық стандарттарға сәйкес аралас тасымалдар институтын дамытуды құқықтық регламенттеу бөлігінде түзетулер енгізу көзделген. Бюджет кодексіне егер шартта құнын ұлғайтуды қаржыландыру бойынша өзге талаптар белгіленсе, жобалық-сметалық құжаттаманы түзетпей, азаматтық-құқықтық шартқа сәйкес бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнын ұлғайту кезінде қаржыландыру мүмкіндігін көздейтін түзетулер енгізілген.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексте бірыңғай тауар-көлік жүк құжатын транзиттік жүктерді аралас тасымалдау кезінде бірыңғай халықаралық тасымалдау құжаты ретінде тану көзделген. Бұдан басқа, заң жобасында Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператордың өзін өзі қаржыландыруға біртіндеп көшуі, Қазақстан Республикасы көрсететін халықаралық көлік қызметтерінің ашықтығын, икемділігі мен жылдамдығын қамтамасыз ету, әуе көлігін пайдалану саласында мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау тетігін жасау үшін қолданыстағы заңнаманың нормалары және басқа да ережелері жетілдіріледі.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, қабылданды. Құжат олардың қызметін оңтайландыру бойынша нормаларды, арнайы экономикалық аймақтар басқарушы компанияларының инвестициялық тартымдылығы үшін жағдай жасауды және олардың өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді. Осылайша, заң жобасы шеңберінде арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі мен оларды басқару саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты әзірлеу және бақылаудың негізгі функцияларын жүзеге асыру атқарушы биліктің уәкілетті мемлекеттік органына жүктеледі.
Сенаторлар екі оқылымда талқылағаннан кейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын да қабылдады. Басқа заңнамалық құжаттар бойынша да тиісті шешімдер алынды.
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру