Ай мен күнді көруге асығып жатқан жоқпын. Ол екеуінен бұрын анам мен әкемді сағындым. Әкеме деген сағынышты былай ысырағанда, анамның жүрегінің лүпілін естігім келетінін кімге айтып жеткізсем екен. О, Ұлы Жаппар ие, сен жалғызссың! Мен неге жалғызбын? Мен сенің махаббатпен жатарқан туындың едім ғой. Туындыңда сенің жалғыздыққа тән мінезің көрініс тапқаны ма? Өзге сәбилердей анамның жүрегінің лүпілін тыңдауды маған неге бұйырта көрмедің? Менің анамның қайраты ыстық, ақылы нұрлы, жүрегі жылы шығар. Ол ас көрінгенді аузына тығып, сөз көрінгенді лепіре бермейтін болар. Мына құрсақты еркелеп, бар екенімді білдіріп тепкілегім де келмейді. Бұл менің кеңістігім емес, демек менің Отаным емес. Мұндағының барлығы мен үшін жат. Менің ата-анам қазір қайда жүр? Мені құрсақ әлемге шығарып салып бара жатқанда, анау періште: «Сені ата-анаң Құдайдан көздерінің жасын бұршақтатып жүріп сұрап алды. Сенің атың Тілеуберді болатын шығар »,- деп еді. Мен аппақ періштенің сөзіне қатты қуанып едім. Есімді жиып, қан тамырларымның соғысына құлағымды тоссам, мүлдем бөтен құрсақта жатқанымды ұқтым. Селк ете түстім. Сыртқа қарай ытқып шыққым келді. Періште қанаттарын қағып, алып келе жатқанда жолды анықтап көріп алмаппын. «Тілеп алған бала боласың»- дегеніне мәз болып келе берсем керек. Алғаш селк ете түсіп қозғала қалғанымда мынау әйел қуанған да жоқ. «Ойпырмай, аямастан тебуін қарашы, құрғырдың» ,-деп шолақ ойын шолтаң еткізе салды. Түкке түсінсем бұйырмасын? Мен қалай ғана бөтен ананың құрсағында жатырмын? Әлгі періште қателесті ме екен? Олар қателеспейді ғой. Қателікті тек қана пенделер жасайды. Сонда қалай, мені анамның құрсағына алып келе жатқанда жол ортада пенделер киліккен бе? Олар бұл іске қалайша араласады? Мүмкін емес қой, әсілінде пенде атаулының көзіне періште көрінбейтін... Ендеше мені шығарып салып келе жатқан ақ періштеден пенделер мені тартып алуы мүмкін емес қой. Басымның ауырып тұрғаны-ай. Бәріне мынау әйелдің өкпесіне кіріп-шыққан түтін кінәлі. Бұл әйел маған ұнамайды. Қанында бір түрлі кермек дәм бар. Ылғи кермек татымайды. Кермек татыған күні өзі айқайлап ән салғанды ұнатады. «Аналарың ән салғанда керемет бір күй кешесіңдер»,- деп еді. Мен қаннан қышқыл дәм сезіле бастағаннан-ақ дарынсыз әншінің сараң сазына құлақ түретінімді біліп алдым. Бұл күні әншісымақ әйелдің өкпесіне түтін бұрынғыдан да көп кіреді. Мен сондықтан бұл жерді жек көремін. Құрсақты ғажайыпқа толы жұмбақ әлем деп елестеткенмін. Жұмақтан кейінгі жанға жайлы мекен осы болар деп ойлаушы едім.Туылмай жатып анамнан айрылып қалдым.
Айтолқын әкесі мен шешесінің үкілеп өсірген үміті болатын. Адамзаттың бірнеше ғасыр бұрын топшылап, сызбасын жасап қойған ережесі бойынша ол да тұрмысқа шықты. Аяулы жарға, ардақты келінге айналды. Келін болудың жөні бөлек те, ана атанудың жолы бір басқа екен. Алғашқы жылдары «Келін, не жаңалығың бар» деген сөз бұған онша ауыр тимейтін. Бірақ уақыт өткен сайын бұл сұрақ шыңыраулана берді. «Ұлымыз жалғыз еді, түге. Құрсағың қурап қалмаса, бір шикі өкпені шыңғыртып қоятын жөнің бар еді ғой» деген зілді сөздер бұның аппақ жамалын мөлдір тамшымен тілгілеп өтетін. «Елігім-ау, елдің сөзін елегенің не?» деп елжіреп тұратын ерінің де көңілін сөз бұза бастады ма екен, апталап үйге қонбайтынды шығарды. Жанарынан ытқылаған ыстық жасты құс жастыққа тамызудан түк шықпайтынын түсінген келіншек төркініне баруды ұйғарды. Анау бір жылы әкесі мен шешесі келіп, «Ұлдарыңыздың жалғыз екенін білеміз, баланың бағын байламайық деген шешіммен қызымызды алып кетуге келдік» деген сөзін қайын атасы тойтарып тастаған. «Балам жалғыз болса, жаратушы жар болар, келінім жаман дедім бе? Алланың алдында қиылған ақ некені баласыздыққа бола бұзғанды құп көмеймін. Өлгелі тұрған ешкім жоқ қой, неге сонша асығасыңдар. Бұйыртқан күні мен де қалжа соярмын»,- деген атасы. Бұл сөз Айтолқынның енесіне ұнамағанымен Ержанды тағы бір серпілтіп тастаған. Бірақ одан бері де күн ұясына талай рет қонақтады. Ендігі ретте келіншек әкесінен ақша сұрап, балалы болудың басқа да жолдарын қарастырмақшы. Ойын айтып көріп еді Ержан төтеден жол тапқанына қуанған секілді. Айтолқын әкесінің де жиен болса да, бір немерені иіскегісі келетінін біледі. Анасы да қызын өте жақсы түсінеді. Ызғарлы Желтоқсанның сойылынан кейін құрсақ көтере алмай қалған ана Айтолқынды сол сексен алтыншы жылға дейін өмірге алып келіп үлгергеніне Тәңіріне Тәубе айтумен болатын. Балаға зар болудың қандайлық екенін бір кісідей ұғатын.
**
Бұрынғыдай емес, Айтолқынның талпынысына Ержан енжарлық танытуды қойды. Дәрігерлік тексерудің барлығынан өтіп, атаулы күні екеуі жатырын тоғыз айға жалға беретін адамды тапты. Бұлардың балалары жалдамалы жатырда өсіп-дамитын болады. Бастысы бала өздерінікі. Жатырын жалға беруші жиырма жастағы ғана келіншек. Бұрын күйеуде болған. Бала да тауып көрген. Өзінің айтуынша ауылда жүрген кезінде бейтаныс біреу алып қашып кетіпті-мыс. Бара салып бір жылдан кейін балалы болыпты, күйеуімен пікірі мен көзқарасы сәйкес келмей ажырасып кетіпті. Баласын қайын жұрты бермей қойыпты. Өзінің баласын сағынып жүрген келіншек бұндай ұсынысты қабылдауды мәртебе санайтынын жеткізді. Бірақ Айтолқын сөзін ұзын-сонар созбақтап жөнелетін келіншекті тойтарып тастады: «Мәртебе санамай-ақ қой. Сен тек тоғыз айға құрсағыңды жалға беруші ғанасың. Бұл менің балам. Күйеуім екеуміздің клеткамыздан жаралған, ұқтың ба?» Жалданушы сөзін сап тыйды. Расында Алып шаһардың қақ төріндегі «алтын текшеден» бір бөлмелі үй алып беруге келіскен мына мұңлыққа қарсы шығудың қажеті шамалы еді.
Жас жатыр иесін уақытында дәрігерлік тексеруден өткізіп, қажет деген дәруменді дәрігердің аузынан қағып алып, қаймана біреудің аузына тоса қоюды Айтолқын қиынысынбады. Өмірге дені сау бала келгенін тілеп жүр. Ғылымның осыншалықты мүмкіндік тудыра алатын дәуірде ғұмыр кешу- қандай ғанибет. Енді сәлден кейін ол да бауырына бала қысады, жұмақтың жұпарын иіскейтін болады. Қызығы басқа әйелдердің балалары секілді емес, «екі ананың» баласы жынысын білдірмей теріс қарап жатқанды жақсы көреді. Жалдамалы анасын ары секіртіп, ұзақ жүргізіп шаршатып барып бала бері қарайды. Осылайша дәрігерге дұрыс дамып келе жатқандығы жайында ақпар береді де, теріс айнала қояды. Кейде жатыр иесі оның көп қозғалмайтындығы, тіпті теппейтіндігі туралы да шағымданады. Жүрегінің соғысын тыңдаған ақ халаттылар Айтолқынды сабасына түсіргендей болады. Бірақ арманшыл келіншек жатырын жалға берген әйелдің, кермек су мен көк түтінге құмарлығын білмейтін. Арнайы анкета толтырғанда жаман әдеттен адамын деген сөзге сеніп еді... Түтінқұмар онысын жасырмай қайтсін, мүмкіндікті мүлт жібермеу керек емес пе? Оның үстіне соншалықты қылмыс жасадым деп есептемейді. Жат ана «Құдай-ай, таяқ тастасаң мен секілділерге тиеді ғой. Сондай да сауал қосады екен , анкетасымағына...» деп ойлаған.
**
Сол айды да, күнді де көрмей-ақ қойсам қайтеді? Анамды көру бақыты маңдайыма жазылмаған менің ай не теңім? Ауалы кеңістікте ай сондай ажарлы кейіпке енеді, сүттей аппақ, ғаршыдай тартымды деп естігенмін. Бірақ қолқаны қауып, өкпені қарайтқан түтін-ауа айға анау айтқандай ажар сыйлайды дегенге күманданайын дедім. Құрсақ әлемге адаспай түсуім керек еді, кең дүниеде тіпті есеңгірейтін шығармын. Жоқ! Мен кең дүниеге бара алмаймын. Мен мына әйелдің баласы болғым келмейді. «Періште, періште, мені сулы кеңістіктен алып кетші, өтінемін!»
**
Өлі туылған баланы құшақтап ағыл да тегіл жылаған Айтолқын өксігін баса алмай еңкілдеп жатыр. «Айтолқын, саған не болды, пісіміллә деші»,- деп Ержан иығынан жұлқып қалғанда, жүрегінің түбіне ып-ыстық қан төгілгендей шым ете қалды да, өң мен түстің арасында қалғанын түсінді. Біраз жатты да, құрсақ әлемде қан жұтып өзін іздеген баласының ойын сарапқа сала бастады. «Құдай-ау, нәрестелі болуға бір қадам қалғанда адамның санасы сансырай бастайды екен-ау.» деп ойлады. Өзі тоғыз ай бойы көтеріп, ішін сыйпап еркелете алмағанына кейіп жүр еді, сонысы түсінде мазалаған болуы керек. «Құдайым-ау, барлығының өңім емес, түсім болып шыққаны қандай жақсы болды»,-деп кірпігіне ілінген ыстық жасты сұқ саусағымен түріп тастады. Осы кезде Ержанның қара телефоны безек қаға жөнелді. Екеуі де айы- күні жетіп отырған жатқұрсақтың перзентханаға түскенін түсіне қойды.
Айнұр Төлеу
Пікір қалдыру