Ерлан Дәулетұлы: «Айтыс өнері театрландырылған сайын биіктей бермек»

/uploads/thumbnail/20170708200458769_small.png

- Ерлан Дәулетұлы, өзіңізді жер шоқтығы Көкшетаудағы айтыста көріп, сүйініп, сүйсініп қайтқанбыз. Тараздағы «Мәңгілік ел» айтысында да топ ішінде көзге түстіңіз. Өзіңіз жайында аз-кем айта кетсеңіз.

- Мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында өмірге дүние есігін ашқанмын. 2009 жылы Атажұртқа білім іздеп келдім. Семейде дайындық сыныбын оқыдым. Соның нәтижесінде Семейдегі Шәкәрім атындағы университетке, филология мамандығы бойынша оқуға түсіп, білім нәрімен сусындадым. Бала кезден өлеңге талас қылып, шағын топтарда ән қосып жүрген едім.Киелі Семей топырағында аға толқынның көзін көріп, шыңдала түстім.

Айтысқа сен қалай келдің, айтыс саған қалай келді?

-  Менің атам өлең шығарып, ауыл арасында айтысқан  екен. Бірақ ол кісінің көзін көрмедім. Атамды көргендерді көрдім. Өлеңін мақтап, «жарық айтқан» деп сөздерін жаттап отыратын еді. Сол атамыздан бір ұшқын қалса керек. Ал, біз айтысқа ердің қадірін сөзінен білген ауылдың тәрбиесімен келдік.

Айтысқа жаңа келген буын арасында өзіңізді соңғы айтыстарда тыңдаушы ағайын бағалап жатты. Есіміңіз де елге танылып қалды. «Жүйрігі» көп  Жүрсіннің өзі шабысыңызға таңдай қағып, суырып салмалығыңызға ризалық танытып қалды. Сіз үшін қазіргі айтыс қандай биікте?

- Айтыс дегенде-  қазір ақындардың жаттайтын жаман әдетке дағдылағаны туралы көп сын айтылып жатады. Бұл жоқ жерден шықпаса керек. Ақындар шынымен де айтысқа дайындалып барады. Айтыс дайындықты қажет ететіні рас, ақын білімді, білікті, парасатты, пайымды болуы қажет. Бірақ «сен қылыш суырғанда, мен қалқан тосамын» деп келісіп алмауы керек. Сахнада екі «артист» ойнай салатын спектакль - айтыстың табиғатына жат қылық, бұлай жалғаса берсе біз айтыстың қадір-қасиетінен айырылып қаламыз. Алайда, ақынның бәрі жаттамалы емес, өтіріктің өрге баспайтыны бар. Ақындар арасында өресі биік, халықтың көкейіндегісін жеріне жеткізіп айтатын, ойды сабақтап, әріптесін мақтамен тамақтап кететін ақындарымыз да жетерлік. Қытай қазақтарының айтысына қарасақ, сөз тіркестерін, мақалдарды жиі айтады. Сөздің мәйегін қолдана біледі. Ал, біздің елде өзекті мәселені дәлелімен дәйегімен айтып, көптің ықыласына бөленіп жататын, «тіл кеспек жоқ» ұранын ұстанатын, қатты айтатын, айтқанын өткізе алатын өнерпаздар да жетерлік. Моңғолия қазақтарында болса, айтыс барынша табиғи. Ешбір ақын айтысқа дайындалмай, тақырыпқа жаттанбай барады. Судың тереңдігін білмей қойып кетіп, жағаға аман шығатын албырт айтыс бар ол жақта. Айтыс өрлемесе, өлетін өнер емес. Отын сөндірмекке ұмтылатындар бар шығар. Бірақ, менің ойымша Қазақ еліндегі айтыс тиісті биігінде. Айтыс шарықтап, биігіне өрлеп барады. Бұл өнер театрландырылған сайын биіктей бермек. Тек «театр» деп жүріп, халықты жалықтырып алмау керек. Терме толғаумен айтысты шатастырып алмауға тиіспіз. Айтысу мен ән айтудың да ара жігін ажырату қажет

- Қытай қазақтары деп қалдыңыз, сіз шетелдегі қандастарымыздың айтысын тыңдап тұрасыз ба? Кімдердің есімі таныс?

- Айтыс өнері - бар қазақтың асыл мұрасы ғой. Қайда дәріптелсе мұраның мәйегі сонда. Кім айтысса сол өнердің қадірін білетіндер. Өнерін қадірлегендер- ұлтын ардақтағандар емес пе?! Қытай қазақтарынан Еркін Ілиясұлының, Құрманбек ағаның атын жасымыздан біліп өстік. Жастардан Қанатбек,Қалиқан, Жамиға, Ұларбек, Ержанат сынды ақындардың да дақпырты Алтайдан асып бізге жетіп жататын.

- Елдегі соңғы айтыстарға не сын айтасыз, өкпеңіз бен уәжіңіз бар ма?

- Кеше ғана өткен айтыстар туралы айтатын болсақ, «аталы сөзге арсыз бала тоқтамайды» дейді ғой. Бұрын сөз саңлақтары сахнада сөзден ұтылып бара жатса да, үлкендігін жоғалтпай, жеңілгендігін мойындап, ілтипатын білдіріп кеткен. Осы айтыстарда сондай бір ұтылғанын мойындау жоқ. Құтты сөзден қоржыны құрғап қалса да,  кей ақындар қызыл кеңірдектеп кетіп жатады. Ертеңгі айтыс болса, біз сияқты жас буынның қолында. Біз айтыстың мәйегін бұзбай ертеңге аманттаушымыз. Ол үшін біз айтыстың мұқалмаған, жұтаң күйге ұшырамаған бай табиғатын бойымызға сіңіруіміз керек. Олай болуы үшін бүгінгі күннің айтысы, барлық ақындары осы талаптан шыға білугені дұрыс. Айтыс кейде екі-ақ айналым болып жатады, осы менің жаныма жақпайды. Тым болмаса ақындарды төрт-бес айналымға жіберіп алса деймін. Кейбір ақындар күндік жер шапқанда ғана құлағының түбінен тер шығатын тұлпарлар сияқты. Айта келіп, ашылуы мүмкін. Бір шетінен осылай еркін жібергенде ғана ақындардың ақындығы көрініп, жаттағаны таусылып, шынайы бусанып нағыз айтыс жасалар ма еді? Халық шын айтыстың куәсі болар ма еді деп ойлаймын.

-  Өзіңіз Тараздағы, Көкшетаудағы айтыстарда Моңғолияда ғұмыр кешкен қандастарымыздың атынан ат оздырдыңыз. Елге қашан ораламыз?

- Мен жоғарыда айтқанымдай, 4-5 жыл Семейде білім алдым. Бірақ ол жерде жүргенде үлкен айтыстарға шығудың реті келмеді. Енді міне, халықаралық айтыстарға шығып, елдің алқауын көріп жатырмын. Қалай елге келмейін? Қазақтың жерінде, елдің алқауын көрмесе де, кез-келген шеттегі қазақ Атажұртқа табан тірегісі келеді. Қазақ елінің азаматы атану- шет топырақта бай-бағлан боп ғұмыр кешуден әлдеқайда мың мәрте бақыт. Мені алаңдататыны елдің ықыласы емес, құжаттың қиындығы. Елге келген ағайындардың біразы «азаматтық» мәселесінен қиындық көріп жатады. Осы қиындық ендігі күндерде шешімін тапса, мен, мен ғана емес ауылым, тамырында қазақтың қаны тулаған кез-келген қандасыңыз елге барамыз деп теңін буып отыр.

 Қазақтың қай баласы болса да, өнерге шынай құмар, өнердің жолында ат баптаған талаптының жолын ашып жатса, соның ғана емес, халықтың да игілігіне қызмет еткені. Сіздердің бұл қадамдарыңыз өнердің шамын жарқырата түсу ғана емес, алыстағы ағайынның Атажұртқа басқан қадамын жақындата түседі деп ойлаймын. Шекараның екі жағындағы елдің, әдебиеті мен мәдениеті тамырласып жатса, рухани сабақтастығы сақталса, ұлттық біртұтастығы да бұзылмайтыны анық. Осы мақсатта жүрегі өрекпіп, алаң көңілмен қараған кімнің де болса еңбегі жансын, қызметі адал болсын!

 

Ерлан Төлеубай

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар