Бурабайда экономикалық қауіпсіздік мәселесі талқыланды

/uploads/thumbnail/20170708200527488_small.jpg

КӨКШЕТАУ. 5 қазан. Щучье қаласындағы республикалық тірек орталығы саналатын Бурабай аудандық сотының ғимаратында мемлекеттiң экономикалық қауiпсiздiгi және экономика саласындағы қылмыстар мәселелерiн талқылауға арналған халықаралық конференция болып өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Келелі жиынды Қазақстан республикасының Жоғарғы Cоты Қазақстанның Судьялар одағымен, Халықаралық ынтымақтастық жөнiндегi немiс қорымен (IRZ), Америкалық заңгерлер қауымдастығының өкiлдiгiмен (ABROLI) және Америка Құрама Штаттарының халықаралық даму жөнiндегi агенттiгiмен (USAID) бiрлесiп ұйымдастырды.

Конференцияға Жоғарғы Соттың қылмыстық iстер жөнiндегi қадағалаушы сот алқасының төрағасы Абай Рахметуллин, Жоғарғы Соттың судьялары, Қазақстанның Судьялар одағы Орталық кеңесiнiң хатшысы Сансызбек Райымбаев, республикадағы облыстық және оған теңестiрiлген соттардың апелляциялық сот алқаларының төрағалары, Бас прокуратураның, Iшкi iстер, Қаржы министрлiктерiнiң, Ұлттық кәсiпкерлер палатасының және адвокаттар алқасының өкiлдерi қатысты. Шетелден де бiрқатар сарапшылар шақырылды. Атап айтқанда, Дрезден қаласы прокуратурасының прокуроры Карин Шрайттер-Скворцов (Германия), РФ Түмен мемлекеттiк университетiнiң конституциялық және муниципалдық құқық кафедрасының доцентi, заң ғылымдарының докторы Иван Тарасевич (Ресей) сияқты белгілі заңгерлер уақыт ағымындағы пікірлерімен бөлісті.

Үлкен деңгейлі форумда сөз сөйлеген А.Рахметуллин: «Экономикалық қылмыс және сонымен байланысты экономикалық қатынастардың қылмыстық сипат алуы бүгiнде кез келген мемлекеттiң ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн ең басты келеңсіздіктердiң бiрi болып табылады. Экономикалық қылмыстарға қарсы тұра алатын сенiмдi әрi тиiмдi жүйе ғана елiмiздiң егемендiгi мен тәуелсiздiгiнiң кепiлi бола алады. Сондықтан да Қазақстанның экономикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету ең маңызды ұлттық басымдықтардың бiрi болып табылады», дедi.

Сонымен қатар, ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық iстер жөнiндегi қадағалаушы сот алқасының төрағасы қаржы-экономикалық дағдарыстың ғаламдануы жағдайындағы экономикалық қылмыстар тұрғысынан экономикалық қауiпсiздiк проблемасының теориялық және тәжiрибелiк аспектiлерiн талқылау күн тәртібіндегі өзекті мәселе екендігін атап көрсеттi.

Екi күндiк конференция жұмысының шеңберiнде экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар, соның iшiнде лауазымдық қылмыстар мен кәсiпкерлiк және өзге де экономикалық қызметке қарсы қылмыстардың түрлерi кешенді түрде талқыланды.

Конференция жұмысының соңында iшкi және сыртқы қауiп-қатерлерге қарсы тұру тетiктерiн жетiлдiруге, қылмыстық сот төрелiгiнiң құқықтық базасының қарқынды жаңартылуы жағдайындағы адамдардың заңмен қорғалатын құқықтарын кеңейтуге бағытталған тиiстi ұсынымдар қабылданды.

 "Қамшы" сілтейді

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар