Әлемдегі ең үлкен дәріс Астанада өтті

/uploads/thumbnail/20170708200528097_small.JPG

БҰҰ-ның ЮНИСЕФ Балалар қорының ұйымдастыруымен өткізілген арнайы дәрісте әлемдегі балалар мәселесі талқыланды. Астанадағы Ақан Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысқан сабақта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев пен Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Юрий Оксамитный сөз сөйлеп, оқушылармен жаһандық мәселелерді талқыға салды.

Әлем бойынша ең үлкен дәрістің алғашқысы  Нью-Йорк қаласында биылғы жылдың 4 қыркүйегінде «Жаһандық мақсаттар» (Global Goals) науқаны аясында өткен. Бұл сабақ әлемнің 193 еліндегі балаларға БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған тұрақты даму мақсаттары туралы баяндау үшін ұйымдастырылған. Дәріс мақсаты – балалармен әлемдік қауымдастық үшін аса маңызды саналатын мәселелерді талқылау.

Биыл ең үлкен дәрістер бүкіл дүниежүзі бойынша күз бойы өткізіледі. Барлық мемлекеттерде бұндай халықаралық сабақтарға министрлер мен үкімет өкілдері қатысады. Дәрісте балалар дүниежүзіндегі түйткілді мәселелерді шешудің жолын талқылап, әлемді дамытуға қатысты өз пікірлерін жеткізеді. ЮНИСЕФ мәліметі бойынша Қазақстанда бұндай дәрістер 7, 500 астам мектепті қамтиды. Дәрісте сондай-ақ, алдағы 15 жыл ішінде адамзат алдында тұрған үш аса маңызды мәселе қарастырылады: кедейшілікті жою, теңсіздікпен, әділетсіздікпен, сондай-ақ  климаттық өзгерістермен күресу.  БҰҰ мен оның ЮНИСЕФ Балалар қоры кедейшілікті барынша азайтып, бүкіл баланың бастауыш біліммен қамтылуы үшін және әлемнің кейбір елдерінде өзекті мәселе болып отырған балалар өлімін жою мен мектептердегі білім сапасын арттыруға арналған жобаларды қолға алған.

«Мемлекеттік серіктестермен және азаматтық сектормен бірге біз әр баланың, соның ішінде, мүгедек және даму ерекшеліктері бар балалардың құқықтары құрметтелетін, әр бүлдіршін ата-анасының аялы алақанында өсетін қоғамды құру үшін жұмыс істеуіміз керек. Әр бала өзін қамсыз, бақытты сезінетін және бар қарым-қабілетін дамытып, пайдалы істерге жұмсайтын қоғам құруға ұмтыламыз. Мұндай қоғамда балалар үйлесімді дамып, өздерін бақытты сезінетін болады. Жаһандық мақсаттарға келсек, сіздер оқуда озат болып, бір-бірлеріңізге сыйластықпен, қоршаған ортаға аялай қарап, табиғатқа қамқорлық көрсету арқылы сол мақсаттарға қол жеткізуге қазірден бастап-ақ күш сала аласыздар» деді, Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілі Юрий Оксамитный, оқушылардың алдында сөйлеген сөзінде.

Ал дәріске қатысқан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев жаһандық және ұлттық  мақсаттарға жету, ең алдымен, балалар мен жастардың атсалысуына байланысты екенін алға тартты. Ең үлкен дәрісте оқушылар анимациялық фильмдер тамашалап, сурет салып, ойын ойнау арқылы жаһандағы ахуал жайында түсініктерін кеңейтті. Бұл дәрісте №17 мектеп гимназияның оқушылары БҰҰ-ның ресми тілдерінің санатына кіретін ағылшын және француз тілдерінде баяндама жасап, ЮНИСЕФ өкілі мен вице-министрге сұрақтар қойып, ойларымен бөлісті.  

 

Шарафат Жылқыбаева

«Қамшы» сілтейді

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар