Кіл мықтылар анықталды

/uploads/thumbnail/20170708200543629_small.jpg

Еліміздегі «Бәсекеге қабілетті көшбасшылар – ұлттық чемпиондар» мемлекеттік бағдарламасының диагностикалау кезеңі аяқталып, «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» жеңімпаздар анықталды.

Астанада өткен аталған ауқымды жобаны талқылау отырысында «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев назардағы 28 компанияның 7-еуі алға оза шапқанын мәлімдеді.

Осымен үшінші рет шымылдығын түрген басқарушы комитет отырысына ҚР Пре­мьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Қазақстанның Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев, ұлттық эконо­мика министрі Ерболат Досаев, отандық бизнес-қауымдастық өкілдері және өзге де мүдделі тараптар қатысты. 
 – Бүгінгі таңдағы бағдарлама жемісі шын қуантады. Біздің «Атамекен» палатасы да тиісті жұмысқа белсенді атсалысып, нәтижелі өрбуіне өз үлесін қосты. Көптеген компаниялар қатарынан отызға жуығы ірік­теліп алынып, олардағы ахуал жіті зерде­леніп, талданды. Жалпы, қажетті тізімдегі зор үміт артылған бірқатар кәсіп­орындардың өсім әлеуеті байқалады. «Бәйтерек» холдин­гімен бірлесе отырып атқарған оң сипаттағы ынтымақтастықты әрі қарай да жалғастыру керек деп ойлаймын, – деп атап өтті жиын ба­сында Ұлттық палата жетекшісі Т.Құлы­баев.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын жүзеге асыру аясында сұлбасы түзілген игілікті іс барысында, Қазақстанда аймақтық және әлемдік дәрежедегі, бәсекеге қабілетті, экспорттық бағытта қауқарлы ши­кізатқа тәуелділіктен тыс саланы қалып­тастыру көзделуде. Мұндай кәсіп иелеріне «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мүмкіндіктерін қолдану арқылы қаржылық қолдау қолжетімді болмақ. Анығырақ тоқталсақ, бұл банкаралық несиелендіру, лизингтік мәмілелерді қаржыландыру, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, несиелерге кепілдік беру, экспорттық сақ­тандыру, инновациялық гранттар сынды қуатты тетіктер болып отыр. Сонымен қатар ерекше сүзгіден сүрінбей өткен мық­тылар әлемге белгілі McKinsey&Company ха­лықаралық консалтингтік компания­сының нақты құнды кеңестеріне иек артып, бас­қарудың үздік үлгілерімен таныса алмақ. Тағы бір маңызды жайт, бағдарламаға қаты­сушы-компанияларды демеуде, мемлекеттік мекемелермен әкімшілік кедергілерді жоюда тығыз жұмыс істеліп, шаш-етек шаруа бір арнада үйлестірілмек. 
– Диагностикалау сәтінде айқындалған бастамаларды тындыру арқылы шикізаттық емес экспорт 2018 жылға таман 38 млрд теңгеге жетіп, бағдарламада бағын сынаушы жақтардың қосымша кірісі 173 млрд теңге көлеміне көтеріледі деп күтілуде. Онымен бірге, 5 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп те болжануда. Таңдалған компаниялардың ішінен, қазірдің өзінде жетеуі «чемпион» атағына әбден лайық. Олардың сауда сомасы қомақты, өнімдерін қарқынды түрде шекара асыруда әрі қаржылық-маркетингтік ме­недж­­менті сауатты жүргізілуде, – деп баян­дады «Бәйтерек» ҰБХ басшысы Қ.Бишім­баев.
Сонымен, «RG Brands», «Eurasian Foods Corporation», «Агропродукт», «Баян сұлу», «Масло-дел», «Alageum Group», «Alina» іспетті шаруасын өрге дөңгелеткен компа­нияларға айрықша көңіл бөлінуде. Мысалға, эмальмен сырланған ванна, қолжуғыш жасаудың шебері «Сантехпром» ЖШС стра­тегиясында акрильденген өнімге ауы­сып, маркетингтік қызметті жаңғырту, Оңтүстік және Батыс Қазақстан өңірлеріндегі іс-қимылды ширату, жылыту жүйелерін сатуды жиілету, тіпті автомобиль өнеркәсібіне бөлшектер жеткізу арқылы Ресейдегі сауда көрігін қыздырып, еліміздегі импортты ығыстыру көзделуде. «Alageum Group» ЖШС Шымкент қаласында 220 және 500 кВт кернеулік күштік трансформаторлар зауытын салуға, «біртұтас терезе» ұстаны­мының тұсауын кесуге құлшынса, «Баян сұлу» АҚ дәмі тіл үйіретін кондитерлік өнімімен Орталық Азияны жаулап алмақ райда. 
 – Кондитерлік салада расында Ұлттық чемпионды жарқ еткізуге болады. Себебі бұл – едәуір үлкен нарық. Бүгінде еліміздегі 800 миллион теңгелік кондитерлік өнімдердің өкінішке қарай, 420 млн бөлігі сырттан тасымалданатын импорт. Сондай-ақ көрші Өзбекстан мен Тәжікстанда, Ауғанстанда кондитерлік өндіріс нашар дамыған. Ресей нарығын да ұмытпаған жөн. Біздің есептеуімізше, 276 мың тонна экспорттық мүмкіндік 700 млн долларға тең. Экспортты дамытсақ, айна­лымды 1,5 млрд долларға апаруға шамамыз жетеді, – деп пікірін білдірді қызықты салыс­тырмалы дерек бойынша қазақстан­дықтар тәттіге наннан гөрі екi есе шығын­далатынын айтқан Қазақстан кондитерлер қауымдастығының вице-президенті Әлихан Талғатбек.
Әңгімені түйіндей кетсек, жоғарыда кел­тірілген бағдарламаның алғашқы сатысында агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, құрылыс заттары өндірісі секілді үш бағытта жылдық табыс, жұмыс орындар саны, орта­ша пайда табу деңгейі, экспорт үлесі сынды тармақтарда көрсеткіші көтеріңкі нысандар сұрыпталған. Екінші диагнос­тикалау белесінде бизнесті әрі қарай жақсартудың негізгі бағдарлары белгіленіп, жергілікті ком­панияларға 100-ден астам ұсыныс әзір­ленген. Ендігі биік мұрат, «Бәйтерек» хол­дингі мен McKinsey&Company маманда­рынан құралған сарапшылар тобы әр кәсіпорынға арнайы дайындаған сәйкес дүниелерді іс жүзінде енгізу. Консуль­тациялық, қаржылық, институционалдық қолдау амалдары тағы бар.
McKinsey&Company білікті қызмет­керлері пайдаланымдағы және жаңа өнім­дер маркетингін күшейту, өнім желісінің өрісін ұзарту, келешегі жарқын нарықтарға батыл құлаш сілтеу, өндіріс өнімділігіне оң реңк беру, персоналды басқару мен ұйымдастыру құрылымының көкжиегін кеңейту әрекет­терімен білек сыбана айналыспақ. Ал мем­лекеттік орындарға адал да ашық бәсекені, сертификация рәсімдерінен өтуді жеңіл­детуді, ішкі және сыртқы сауда ортала­рына шыққанда отандық бизнес өкілдерін қол­тық­тан демеуді қарастыратын 43 шара ұсы­нылған. Қамқорлыққа іліккен бастамаларды кәдеге жаратуды қаржыландыруда, ағым­дағы жылдың соңына дейін даму инсти­тутта­рындағы қолданыстағы құралдар шең­берінде қорландырудың оңтайлы нұсқалары салмақталып, бекітілмек. 

Дереккөз: Айқын-ақпарат

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар