Бүгінде ауылдан қалаға ағылған қазақтардың басым бөлігі пәтер жалдап, өлместің күнін кешіп жатқаны жасырын емес. Өйткені қараша халық тапқан табысының тең жартысынан астамын жамбасақы төлеуге жұмсап, жан бағуда. Ал, өмір бойы біреуге кіріптар болғысы келмеген азаматтар қолындағы бар ақшасын «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жинап жатыр. Міне осы салымшылардың салы суға кеткендей, дел-сал болып тұр. Себебі, Үкіметтің қарауындағы аталған банк жекеменшікке сатылуы мүмкін.
Жуырда Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жекешелендіру науқанының екінші кезеңін бастағанын мәлімдеді. Министрлер кабинетінің мұндай шешім қабылдауына қаржылық қиыншылықтар себеп болған көрінеді. Өйткені, Үкімет жекешелендіруге бекітілген нысандарға қосымша тағы да 60 кәсіпорынды қосып отыр. Өкінішке қарай, жекеменшік сатылымға қазақ руханиятының қара шаңырағы саналатын Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы да шығарылып отыр екен. Әйтсе де, аталған киностудияны сатып алуға әзірге ешбір кәсіпкер ниет танытып жатқан жоқ. Себебі, Үкіметке керек болмаған «Қазақфильм» киностудиясын жеке кәсіпкер не қылсын?
Шыны керек былайғы жұртты киностудияның тағдырынан гөрі «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жекеменшікке берілетіні алаңдатып отыр. Өйткені, ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев аталған банктің сатылымға шығатынын мәлімдеді. Оның айтуынша банк сатылғаннан кейін оның бастапқы жарнасының пайызы төмендеуі мүмкін көрінеді. Алайда бұған былайғы жұрт «бәрекелді» деп қуанып отырған жоқ. Себебі, қарапайым халық тапқан-таянған ақшасын аталған банкке салып, «пәтер аламын» деп сенім артып отыр. Ал «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Үкіметтің құзырынан жекеменшікке сатылса, онда салымшылардың қаржысына кім бақылау жасайды? Дәл осы мәселеге астаналық Эльмира Рахымжанова сынды мыңдаған салымшы алаңдап отыр.
– Күйеуім екеуміз 3 жылдан бері ішпей-жемей «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» сенім артып ақша жинап жатырмыз. Алайда аталған банкте жинаған ақшамыз Үкіметтің бақылауынан жекеменшікке өтсе, ертең күні ақшамызды кімнен сұраймыз? Өйткені, жекеменшікке өткеннен кейін банк өзім білемдікке салып, ақшамызды талан-таражға салуы әбден мүмкін. Мәселен, қазір зейнетақы қорындағы ақшамыздың қайда қалғанын білмей де қалдық қой. Сол сияқты «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіде» ақшамызды құрдымға кетіреді. Сондықтан да аталған банктің жекеменшікке сатылуына қарсымын. Егер де жекеменшікке сатылатын болса, ақшамызды банктен қайтарып алып басқа амал жасаймыз. Жалғыз мен ғана емес көптеген салымшылар банктен ақшасын қайтарып алады. Өйткені жекеменшік банкке сенім жоқ, – дейді Эльмира Рахымжанова.
Эльмира Рахымжанованың дәл бұлай алаңдауына негіз жоқ емес. Өйткені, бұған дейін құрылыс банкіне қатысты бірнеше рет заңсыздықтар анықталып, әшкереленді. Тіпті, аталған мәселеге анша-мұншаға селт ете қоймайтын депутаттардың өздері мән берген болатын. Мысалы, мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақовтың айтуынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» өзге коммерциялық банктерден еш айырмашылығы жоқ. Өйткені, аталған банк қарапайым халықтан пәтер құнының 50 пайызын талап етеді. Депутаттың ойынша пәтер құнының 50 пайызын жинап біткенше салымшылар қартайып, не болмаса өліп кетуі мүмкін. Сондықтан да ол өркениетті елдердегідей пәтердің 10 пайызын жинап баспанаға ие болу керек деген пікірде.
Сондай-ақ, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» қатысты тағы бір былыққа мемлекет басшысы Нұсұлтан Назарбаевтың өзі араласқаны белгілі. Нақтырақ айтсақ, бір топ депутаттар Премьер-министр мен Бас прокурордың атына сауал жолдап, құзырлы органнан банктің Алматы облыстық филиалының жетекшілігіне қатысты жемқорлықты тексеруді сұраған болатын. Тексеру барысында банк қызметкерлерінің "Қолжетімді баспана" бағдарламасы бойынша Алматыдағы "Әйгерім" тұрғын үй кешенінен пәтер алғаны анықталды. Міне осыдан кейін Президент банк басшыларының "Әйгерім" кешенінен алған пәтерлерін қайтаруды қатаң тапсырған болатын. Алайда аталған банкт басшылары Мәулен Өтеғұлов пен Мамила Мұсабекова президенттің тапсырмасына пысқырып та қарамастан, соттасуға дейін барды. Нәтижесінде "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ Алматы облыстық филиалының жетекшісі Мамила Мұсабекова сотта жеңіп шықты. Осы ретте Мамила Мұсабекованың күні әлеуметтік пәтерге қарап қалды ма деген орынды сауал туындайды. Себебі, білдей бір басшының осы уақытқа дейін үй-күйсіз жүргеніне ешкім де сенбейді. Алайда біздің елдің шенеуніктері қолынан келсе қонышынан басуды әдетке айналдырып алды емес пе?
Сонымен не керек президенттен бастап, депутаттардың назарында болған атышулы мәселе банк қызметкерлерінің пайдасына шешілді. Ал Үкіметтің қарауынан жекеменшікке сатылғаннан кейін «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» су жаңа басшылары белден басып, заңсыздықты заңдылыққа айналдырмайды дегенге кім сенеді. Алайда, мәжілісмен Жамбыл Ахметбеков болса банк сатылғаннан кейін Үкімет тарапынан міндетті түрде бақылауда болады дейді. Дегенмен ол жекеменшікке өткен соң дұрыс менеджемент жасалмаса, онда аталған банк банкротқа ұшырауы мүмкін екенін айтады. Сол себепті депутат банктің Үкімет құзырынан жекеменшікке өткеніне қарсы екенін мәлімдеді.
Иә, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жекеменшікке берілгені құптарлық дүние емес. Себебі, аталған банк Үкіметтің бақылауында болған кездің өзінде оның басынан дау-дамай арылмай қойған болатын. Сондықтан да жекеменшікке өткеннен кейін банктің қызметі мінсіз болады деп ешкім де кесіп айта алмайды. Оның үстіне бұған дейінгі доллардың қымбаттауынан ақшасы құнсызданған салымшылардың сағы сынып, салы суға кетті. Ал банк басшыларының «салымшылардың құнсызданған ақшасына өтемақы төлейміз» деген уәдесі әлі орындалған жоқ. Міне осындай шырғалаңға тап болған салымшыларға «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жекеменшікке берілетіні жығылғанға жұдырық болып отыр.
P.S. Халықаралық қаржылық дағдарысы Үкіметтің ондаған мемлекеттік компанияны сатуға мәжбүр етіп отыр. Осы ретте «бұған дейін жетістіктен көз ашпаған үкіметтің аяқ астынан қаржылық қиыншылыққа тап болғаны қалай?» деген орынды сауал туындайды. Өйткені, Кәрім Мәсімовты Үкімет басшысы етіп таңдағанда президент «қаржылық дағдарыстан қиналмай шығамыз» деп жұртты сендірді емес пе? Алайда, «суперменеджердің» қолынан теңгені құнсыздандырып, мемлекеттік нысандарды сатудан басқа түк те келер емес. Демек, экс-премер Серік Ахметовке қарсы жасалған «Үкімет қайда қарап отыр?» деген акцияны Кәрім Мәсімовке қолданған жөн-ау осы. Алайда бір сәтте батыр болған мемлекеттік телеарналардың шамасы аталған акцияны бастап жіберуге жетер ме екен? Әй, қайдам?
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Пікір қалдыру