Ол – қазір суперчемпион. Жұдырығы жаһанның тізесін дірілдеткен нокаутшы. Ол – қазір жұлдыз. Оны барлығы біледі. Ордабұзар жасында қамал алған былғары қолғап шебері. Ол – патриот. Ол – Қазақ Елінің, ұлтының мақтанышы. Ол – Геннадий Геннадийұлы Головкин (GGG). Бүгінгі таңда осыншама толағай табыстарға кенелген боксшының жолы қалай басталды? Бұл туралы ойланып көрдіңіздер ме? Қарағандылық боксшы әлемдік бокс сериясының шыңына қалай шықты? Сол туралы жазарымыз бар, назарыңыз ауыспасын.
Геннадий жолы
Әуесқой бокс
Геннадий Головкин 1981 жылы сәуірдің 8-інде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Біле білсеңіздер, ол – егіздің сыңары. Геннадий сыңар бауыры Максиммен бокс жолын бірге бастаған. Максим де жақсы жұдырықтасқан деседі. Білетіндердің айтуынша, өте дарынды боксшы болған. Бірақ түрлі жағдайға байланысты сәл ертерек үлкен спорттан қол үзіп кеткен. Қазір ол Генаға қолдау көрсетіп, бапкерлер сапында жүр. Өзін шыңға көтеріп, қарсыластарын шыңырауға түсіріп жүрген боксшы өзінің спорттық мансабын әуесқой бокстан бастаған.
Әйгілі былғары қолғап шебері әуесқой боксқа 11 жасында келеді. Қазақстанның жеті дүркін чемпионы. 2000 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанады. 2001 жылы Шығыс Азия ойындарының, 2002 жылы Азия ойындарының чемпионы атанады. Таланатты һәм дарынды боксшы 2004 жылы Афина қаласында өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанады. Финалдық кезеңге дейін қарсыластарына есе жібермеген жерлесіміз ақтық сында орыс боксшысы Гайдарбек Гайдарбековтен 18:28 есебімен есе жіберіп алады. «Келесі олимпиада ойындарында алтын алатыны сөзсіз, әлі жас қой» дегендер көп-тін сол уақытта. Алайда Головкиннің жолы күрт өзгерді. Әу баста оның бұл бастамасын қолдаушылар аз болғанымен, бүгінде Головкин бағытының анық екенін дәлелдеді.
Головкин – интеллигент боксшы. Оның мәдениеті, қазаққа тән сабырлы, қоңыр мінезі әлем журналистерін таң қалдыруда. «Әуесқой бокс Головкинге не берді?» деген сауал еріксіз тууы мүмкін. Жауап – тәрбие. Қазіргі кәсіби бокс шеберлеріне жетіспей жатқан тұс – бұл. Дөрекілік, қарсыласын сыйламаушылық. Гена бұл әдеттен аулақ. Артық сөзі жоқ. Әуесқой бокс Геннадийді осыған үйретті. «Борат» фильмінен кейін еліміздің имиджі біршама құлдырағаны анық. Алайда еш негізге сүйенбей түсірілген бұл фильмге жалғыз Геннадий Головкиннің паң тұрып, берген жауабы жеткілікті. Мәдениет – қазаққа тән, ділмен егіз өскен ұғым.
Кәсіби бокс
Геннадий әуесқой бокстан жетер жетістіктерге жетіп, аларын алды. Сонымен, 2006 жылы Геннадий Головкин әуесқой бокстан кәсіби боксқа ауысатынын жария етті. Аталған жылы орта салмақта 8 жекпе-жек өткізіп, сегізін де мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтады. Қарқынды дамып келе жатқан боксшының аяқ алысы көпшіліктің назарын өзіне аудырды осылай. 2009 жылы 12 раундтық алғашқы жекпе-жегінде бразилиялық боксшы Джон Андерсон Карвальоны алғашқы раундта нокаутқа түсіріп, WBA дәрежесі бойынша әлем чемпионы атанды. Бұл нәтижелі жеңістері Головкинді ағайынды Кличколар құрған «K2 Promotions» промоутерлік компаниясының құрамына қосады. Бір жыл өткен соң Геннадий бүкіләлемдік кәсіби бокс сериясының IBO белдігін жеңіп алады. Мұның орта салмақта жұдырық түйістіріп жүрген боксшылар үшін жаңалық болғаны анық. Енді олардың тауларын шағып, тұғырларынан тайдыратын тегеурінді қарсылас шыққаны белгілі болды. 2012 жылы жерлесіміз жеңілістің дәмін татып көрмеген Ресей боксшысы Михаил Макаровты жеңіп тынады. Артынша сол кездің мықтысы саналатын Дмитрий Пирогті жекпе-жекке шақырды. Алайда, бұл жұдырық түйістіру жүзеге аспады. Кездесер күн жақындағанда Пирог арқасынан жарақат алып, кездесуден бас тартуға мәжбүр болды.
Бұл жоспарланған күн Геннадий үшін жекпе-жексіз өтпеді. Пирогтің орнына Головкиннің спорт мансабындағы ең қауіпті қарсыласы Гжегош Проксамен кездесу өтті. Прокса да осал емес-тін. Ол Головкинге дейін 29 жекпе-жек өткізіп, 28-інде жеңіске жеткен. Алайда Генаның арынына ол да шыдамады. Аталған жекпе-жек Головкиннің әйгілі НВО телеарнасында көрсетілген кездесуі болды. Әлем Головкин деген есімді тани бастады.
Бүгінгі күнде Геннайдий Головкин кәсіби бокс сериясында 33 жекпе-жек өткізген. Оның барлығын жеңіп, 30-ын мерзімінен бұрын аяқтаған. Қазіргі таңда ең үздік нокаутер атанып отыр.
Лемьеден не күтеміз?
Голокиннің келесі қарсыласы Давид Лемье. Канадалық боксшы. Боксшылар рейтингісінде 6-шы орынға тұрақтаған. Спорттық мансабында 36 жепе-жек өткізіп 34-де жеңіске жеткен. Оның 31 нокаутпен аяқталған. 2- рет жеңіліс тапқан. Осал қарсылас емес. Қарқыны да керемет.
Бүгін Головкин мен Лемье рингке шығар алдындағы пресс-конференцияға қатысқан болатын. Мұнда канадалық спортшы егер Головкинді алғашқы раундтарда құлататын болсам, еш таң қалмаймын деп мәлімдеді. Ал, өз кезегінде Головкиннің бапкері Абель Санчез Лемьені Головкиннің ең қауіпті қарсыласы емес деп мәлімдеді.
Енді барлық сұраққа жауапты ринг береді. Ал, Головкинді құлатамын дегендердің бокстан кейінгі түрін біз жақсы білеміз. Естеріңізге сала кетейік екеу -ара кездесу 17 қазанда (біздің уақыт бойынша 18 қазан)өтетін болады.
Аян Азамат
Пікір қалдыру