Тағы да періштелер көкке ұшты. Халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігінен. Жоқшылық, жалақының аздығы талай отбасын тоздырып жатыр.
Атаулы әлеуметтік көмек деген жыры қиын нәрсе болды. Халыққа оны бермеудің мың түрлі сылтауын тауып қойған. «Бір сиырың, бес тауығың бар екен, сендерге АӘК берсек, жан басына шаққандағы табыстарың асып кетеді» дейді.
Кешегі Аягөзде газ жарылып, 4 баланың қазасына да АӘК себеп болды. Балалардың әкесі сантехник, анасы жұмыссыз. Аудандық басшылар сиырың бар, табысың көп деп, мемлекеттен алатын АӘК-ті кесіп тастапты. Балаларын асыраймын деген ана базарға сүт сатуға шығып кеткен деседі. Үйіне қайтып келгенде, ауыр қайғыға душар болды.
– Атаулы әлеуметтік көмектің адамға жетуіне коррупция кедергі боп тұрғаны жасырын емес. АӘК-ті екі қабатты коттеджде тұрып, джип мініп жүргендер де алып жатыр. Соның кесірінен шын мұқтаж отбасыларға бұл көмек тие бермейді. Себебі, сиыр сауып, қолдан сүт сатса да меморгандардың көзіне «олигарх» секілді көрініп, жәрдемақыны алып тастайды. АӘК-ті алу үшін тақыр кедей болу керек. Осы «кедейлік шегі, мүгедектік дәлелі» деген керітартпалықтарды алып тастау керек. Қайбір жылы бір аяғы жоқ, мүмкіндігі шектеулі кісі «Жылда мүгедек екеніңді дәлелдеуің керек, бірақ аяқ қайта өспейді ғой» деп жылаған. Сол секілді кедейлікті үнемі дәлелдеу керек пе? Тиісті заң қабылдану үшін, ана балалардың жанында болу үшін әлі қаншама сәби құрбан болуы керек, – дейді журналист Кәмшат Тасболат.
Қазақстанда АӘК тағайындалуы үшін отбасы мемлекеттік органдар шығарған талаптарға сәйкес болу керек. Яғни, АӘК отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70 пайыз төмен болғанда тағайындалады. Кедейлік шегі 35 789 теңге мөлшерінде белгіленген. Бұл көмек биыл 107,8 мың отбасындағы 565,7 мың адамға ғана тағайындалған.
Қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы Атаулы әлеуметтік көмекті тек көпбалалы отбасылар не кедей отбасылар ғана алмауы керек, елімізде арнайы «Ана мен бала» капитал қоры құрылсын дейді.
– Ақыры мемлекеттен бөлінетін қаржы ғой. Мәселе – оны қалай беруде. Әдемі, мәдениетті ұйымдастыруға болады ғой! Оның бірден бір жолы «Ана мен бала» капиталы» мемлекеттік қорын құрып, сол арқылы әр балаға жеке шот ашу. Ол шот балаға ғана тиесілі шот болу керек, – дейді ол.
Пікір қалдыру