Миллиондар... қазақ жастары қарызға батуда

/image/2023/10/31/crop-0_7_1063x1890_depressyy.jpg

Бір қарызын жабу үшін екінші қарыз алып жүр көп қазақ. Бұны өзінде жоқты бар етіп көрсетуге ұмтылыстан туған кредитомания дейміз бе, әлде айлығы келесі айға жетпегеннен туған мұқтаждыққа жатқызамыз ба?

1 миллионға жуық қазақстандық микроқаржы ұйымдарына қарыз.

Кредитомания – адамдардың кредит алуға деген құмарлығы. Ол құмарлық қайдан шығады? Бір ордан шығып, екіншісіне түсудің соры. Ақшасын жинап көлік пен үй алғандар, қарызсыз той жасайтындар аз. Азық-түліктен бастап бәрі қымбат. Тамақ алу үшін несиеге батқан бүгінгі қазақты не деп сынайсың?

Көпшіліктің жақсы өмір сүруге ұмтылам деп қарызға ұрынғанына үкіметтің кінәсі бар. Халық кедейленіп бара жатқанын Qamshy.kz жазып еді. Бірақ қазақтың санасы кедейлене қоймады. Жағдайын ашық мойындағысы жоқ. Көңілі қалап, көзі түскен затты алу мақсатында қолма-қол ақша алады да, берешегі өсіп кеткен соң, оны жабу үшін екінші кредитке жүгінеді. Қаржылық ұйымдардың әккілігі де сонда, екінші деңгейлі банктерге қарағанда ақша беруі жеңіл әрі жылдам. Қарыз алушының төлем қабілеттілігіне бас қатырмайды. Алайда берілген ақшаны еселеп қайтаруға келгенде, қорқытып, үркітуден тайынбайды.

Шолпан есімді алматылық 24 жастағы қыздың оқиғасын мысалға келтірейік. Жас қыз банктерден несие ала алмаған соң, кезінде микроқаржы ұйымдарына жиі жүгінетін. Соңғы қарызын әлі күнге дейін төлей алмай жүр. Айтуынша, алған аз ғана көлемдегі ақшасы аз уақытта еселене түсіп, бүгінде қарызы 3 миллион теңгеге жеткен.

– Кейде айлық уақытылы түспей қалады. Ал микроқаржы ұйымдары бірер күннің өзіне еселеп ақша қосады. Төлеу уақытын созуға болады, ол үшін 25-30 мың теңге береміз. Бірақ ол да ауаға кеткенмен бірдей. Мүлдем төлеуге шамам жетпегенде, күнтізбеге салып беруін сұрадым. Оның артықшылығы, төлейтін ақшаны айға бөледі. Құйтұрқылығы сол, күнтізбеге кемінде екі аптадан кейін салады, сол уақытта қарыз сомасы жай тұрмай, өсе беріпті. Алғашқы үш күнде жылдамдатып ақша салуды талап етеді, кейіннен туысқандарыңа, барлық таныстарыңа хабарласып шығады, жұмыс орнына берешегін жіберіп, айлықтан ұстайды. Бір апта кешіктірген жағдайда, «проблемный отдел» деген бөлімдеріне нөміріңді берсе, олар дөрекі сөйлеп, қоқан-лоққы жасайды. Солай 80-100%-ға дейін үстемақы қосып, азын-аулақ қарыз теңгені миллионнан асырып жіберді.

Бұл жүзден бір жағдай ғана. Бұдан бөлек қарызға батқандар қаншама!? Сарапшылар жоғары пайызбен несие беретін микроқаржы ұйымдарына талапты күшейтуді ұсынып отыр. Екінші деңгейлі банктердегі мөлшерлеме ең көбі 56 пайызбен ғана шектелсе, шағын қаржы ұйымдарында 150-300%-ға жетеді. Бұл да шағын кәсіп ретінде қаралады да мемлекет тарапынан тиісті қадағалау жоқ. Халықтан ақшаны сүліктей сорған бұндай ұйымдарға тоқтау бола ма?!

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар