Менделеевтің кестесіндегі көптеген элемент жерімізде кездеседі деп бөрікті аспанға атқанымызбен, осы уақытқа дейін пайдасын көрген көпшілік жоқ. Жер асты байлығы бүгінде былықтың ордасына айналғандай. Атап айтар болсақ, көгілдір отын қоры бойынша еліміз әлемдік рейтингте 15-ші орында тұр. Бірақ қарапайым көлік тізгіндегендердің сұйытылған газ іздеп әуре-сарсаңға түсетіні жиі кездесетін әдетке айналды.
Одан қалды көмір жағып, қыстың нәубетін тартып жатқандар тағы бар. Проблема шаш етектен тұрғанда, біздегі жағдай жақсы деп айтудың өзі ыңғайсыз. KAZENERGY форумында айтылғандай, әлі күнге дейін мұрты бұзылмай тұрған 4 трлн текше метр сұйытылған газ бар екен. Бірақ оның өзі дұрыс зерттелмеген. Сонымен бірге бұл жер асты қойнауында жатқан байлықтың цифры бұдан да жоғары деп болжануда. Болжам бойынша 62 триллионға жетіп жығылады деген пікірде. Егер дәл осы ақпарат расталар болса, онда еліміз бірден 10-шы орынға шығуы да бек мүмкін.
«Қазақстан сұйытылған газ қоры бойынша қазір 15-ші орында болса, алдағы уақытта үздік 10-дыққа ену мүмкіндігі бар. Ол үшін қазіргі уақытта ашылмаған күйі, ешкім тиіспей отырған қорды нақтылап, зерттеу жүргізілуі керек. Бұдан бөлек болжалды кен орындары бар. Оларға мүлде зерттеу жасалмаған. Осы себептерді назарға ала отырып, Қазақстан сұйытылған газ бойынша державаға, жоқ дегенде аймақтық державаға айналуы әбден мүмкін деп ойлаймыз», дейді QazaqGaz ҰК басқарма басшысы Санжар Жаркешов.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев көгілдір отын құны елімізде одан әрі шарықтамаса, түспейтінін кесіп айтқан болатын. Тіпті, елдің Солтүстігіндегі Павлодар және шығыс өңіріне газды Ресейден тартамыз деген еді.
«Павлодар, шығыс өңіріне сұйытылған газ тарту мәселесі бойынша алдағы уақытта Ресейден кіретін газға сенім арта аламыз. Бағаны нақтылау бойынша келіссөздердің өзі қиындық тудыруы әбден мүмкін. Бұл жерде баға төмен болмайтынына түсіністікпен қарауымыз керек. Әлемде ондай үрдіс аяқталғалы біраз болды», деді ол.
Энергетика министрі Ресейден жеткізілетін сұйытылған газ құнын арзандату мүмкін еместігін барынша түсіндіруге тырысқан. Көгілдір отын құнының төмендемеуі монополистердің ісі дейді адвокат Гүлбахыт Бижанова. Өйткені ratel.kz басылымына берген сұхбатында бірталай мәселенің «көз қысты, бармақ бастыға» әкеліп соққанын алға тартқан.
«ПМХЗ» АҚ алатын газды ортадан кіріскен кей компания газ құнын шарықтатып, түрлі құйтырқы әрекеттермен бірнеше ЖШС ашып, бір-біріне әртүрлі қызметтер көрсетіп, бағаны қолдан шарықтатып отыр. Ең сорақысы сол, қылмыстық іс қазір жылы жабылып тұр. Бұл күдікті жағдай бойынша павлодарлық газжүйелері ұйымы (ПГСО) Қаңтар қырғынына дейін-ақ құқықтық органға арыз жазып, президенттен де мәселенің жіті, әрі әділ тексерілуіне көмектесуін сұраған еді», дейді адвокат.
Газ жүйелері ұйымы аталмыш зауыттан 2015 жылға дейін тікелей сұйытылған газ алып отырған. Алайда, ортадан кіріскен ЖШС-тер қымбаттау бағада сататын жүйе енгізген көрінеді. Осылайша, тікелей зауыттан газ алып келген ұйым амалсыз «City Gas Service» ЖШС арқылы жұмыс жүргізетін болды. Ал бұл қызмет үшін олар қосымша әлгі серіктестікке 4500 теңге төледі.
Бірнеше жылдан кейін ақшаға құнықты ма серіктестік өз қызметін бірден 337 пайызға, яғни әр тоннасына бұрын 4500 теңге төлесе, жаңа бағамен 15 191 теңгеге қымбаттатты. Ортаға түскен компания мұның себебін тағы бір ойда жоқта пайда болған серіктестік қызметімен байланыстырады. Ол жалға беру мөлшерін бірден 19 642 857,14 теңгеге өсіріп жіберген. Осы орайда билікке тиесілі зауыт аумағынан жекеменшік екі компания қалай және қайдан пайда болды деген заңды сұрақ тумай ма?
Алғашқы компания зауыт аумағына өзінің тамырын 2013 жылы жайып үлгерген екен. «BIG Capital IST» Павлодар мұнай-химия зауытына қарасты 0,5675 га жерін сатып алған. Ол маңда зауыттың қосалқы блок ғимараты, сұйытылған көмірсутекті газдың үш калонкасы, салмақ өлшеу және тұрмыстық заттарға арналған бөлмесі орналасқан.
2016-2017 жылдары аталмыш компания зауыт аумағынан тағы 3 учаскені сатып алады. Осылайша, бұрындары сұйық отынды алуға ниеттілер тікелей зауытқа келіп, өзінен алып жүрген болса, бертін келе аспаннан түскендей ауадан ақша жасайтын 2 компания пайда болады. Олар тек газ құбырының бұрандасын ашып және жауып бергені үшін ақша алып отырды. Әрекеті мұнымен шектелмеді. Зауыт аумағынан теміржол жолдарын, газ құю эстакадасын жетілдірді. Вагон-цистерналарды жалға алып теміржол тұйығын салып ондағы көгілдір отынды барынша монополияндыруға тырысты. Зауыттан шыққан газды әлгі тұйыққа дейін жеткізу тоннасына 28 мың теңгені құрады. Ал басқа компаниялар өз вагондарымен алып кетуге кірген болса, онда олардың теміржол тасымалы апталап тұралап қалатын.
Өткен жылы 21 шілде күні экономикалық тергеу департаменті «City Gas Service» ЖШС Павлодар филиалының директоры Александр КИЧЕРОВКЕ қатысты ірі мөлшерде кіріс алды деген күдікпен ҚР ҚК-нің 221-бабы (нарық субъектілерінің монополиялық жоғары немесе келісілген бағаларды белгілеуі және (немесе) ұстап тұруы, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісінен сатып алынған тауарларды қайта сатуға шектеулер белгілеу, сондай-ақ егер олар ірі залал келтірсе, бәсекелестікті шектеуге бағытталған өзге де іс-әрекеттер) бойынша қылмыстық іс қозғады. Сонымен қатар, Кичеров «BIG Capital IST» ЖШС-нің ресми өкілі және «Intertrans C. A.» Компаниясының «Достық» ЖШС-нің атқарушы директоры болды. Былтыр қыркүйек айында оның ноутбугынен сорғыш фирмаларға газды ауыстырып тиеу үшін ғана емес, оны экспортқа сату арқылы газдың өзі үшін де ақша алуға мүмкіндік беретін схема анықталды. Заң бойынша газды қайта өңдеуші, яғни зауыт немесе көмірсутек шикізатының иесі ғана сата алады. Ал мұнай-химия зауыты Ресейден келетін батыссібір мұнайын өңдейді. Демек оны сол мемлекет сатуға құқылы. Алайда, бұл мұнайды жеткізушілер олар зауытқа кірген бойда келісім-шартқа қол қоюға «көндірген». Ал өңдеу нәтижесінде түзілген фракциялар «INTERTRANS C.A.» меншігіне өтті. Фракциялар құбыр арқылы Павлодар мұнай-химия зауытына қайтарылған. Бірақ бұл үрдісті өңдеудің қажеті болмаса да қосындыны өңдеу деп атады, ал «INTERTRANS C.A.» шикізатты жеткізуші ретінде Павлодар мұнай-химия зауыты мен мемлекетке түсуі мүмкін миллиардтаған теңгенің газын экспортқа сатты.
2023 жылы 16 ақпанда Кичеровке қатысты қылмыстық іс оның рақымшылық жасау туралы өтінішінен кейін үнсіз тоқтатылған. Тіпті тыныш жасалған әрекетті халық та, зардап шеккен газ желісі ұйымдары да білмей қалады. Сағызша созылған істің мән жайын білмекке адвокат Гүлбақыт Бижанова кіріседі. Сөйтіп, бір ай бойына іс материалдарымен танысу үшін экономикалық тергеу департаменті мен облыстық прокуратураның арасында жүгіреді. Бірақ нәтиже болмайды. Ақырында адвокат мән-жайды бас прокуратураға шағымданғаннан кейін бірақ анықтаған.
Адвокат Бижанова іс папкасын қолына алып, ішін қарағанда осы уақытқа дейін не себепті жағдайды қолдан қиындату болғанына көз жеткізген. Қылмыстық іс папкасынан адвокат тергеушінің іс материалдарына ақша жасап, баға көтеру бойынша ішкі жоспар мен жүзеге асырылған істің сызбасын тіркемегенін анықтайды. "Яғни ұйымдасқан қылмыстық топтың жұмысы прокурорларға берілмеген болып шықты”, - дейді адвокат ratel.kz басылымына берген сұхбатында.
Маңызды істің мінберден көтерілмей, жылы жабылғанына қапалы адвокат ақ-қарасын анықтау үшін жіті тексеру қажет деп есептейді. Ал сұйық отынның ұстағанның қолында кетпесі үшін, дер кезінде шешім қабылдау қажет дейді мамандар.
Пікір қалдыру