Ана мен баланы қорғау – Мемлекет дамуының кепілі

/image/2024/05/31/crop-2_23_380x675_8f9f5241df2b634bcf8a5efe2d2746ee.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде екі бірдей заңға қол қойды.

Яғни, біріншісі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәcелелерні байланысты өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» болса, ал екіншісі – «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне аналардың құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы.

Бұл заңға байланысты Алматы облысында келелі жұмыстар жүргізіліп келеді.  Мәселен, балалардың құқығын қорғау, әйелдердің отбасында  зорлық-зомбылыққа ұшырамауына байланысты т.б. жұмыстар мамандардың атсалысуымен атқарылуда. Осы орайда, Республикалық «Ана үйі» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ажаркүл Қылышбаева кез келген мәселе заңның арқасында шешім табатынынын айтады.

-Жаңа заңға сәйкес, әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейді. Кейде әкімшілік жаза қылмыстық жазаға ауыстырылды. Яғни, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқықбұзушылық ретінде сипатталады. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтірген қылмыс үшін жауапкершілік қатаңдайды. Ал 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге жыныстық сипаттағы көзқарас танытқандарға қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды ұрлаған мен заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдады. Мектеп жасындағы кәмелетке толмағандарды жәбірлеу (буллинг) үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар буллингқа ұшырағанда заңға қайшы әрекеттер туралы құқыққорғау органдарына дереу хабарлауға міндеттелді. Сонымен қатар 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жол ақысын төлемеген оқушыларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге қатаң тыйым салынды. Бұл заңдағы осындай өзгерістер әйелдер мен балалар игілігіне қызмет ететіндігіне сенімдіміз, – дейді.

Жоғарыда тақырыпта айтып кеткеніміздей, ана мен баланы қорғау – мемлекет дамуының кепілі екені рас. Осыған орай, Алматы облысында бала күтімімен отырған жұмыссыз аналар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар,  көпбалалы аналарға Мемлекеттен арнайы жәрдемақылар беріліп келеді. Мәселен, қазіргі уақытта Алматы облысында 1 жарым жасқа дейінгі бала күтімімен отырған жұмыс істейтін 28 775, жұмыс істемейтін 10269 ана бар. Осыған дейін бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби 1 жасқа толғанға дейін төленіп келген еді.  Енді 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы төлем 1 жарым жылға ұзартылды. Кейінірек 2022 жылы туған сәбилер үшін жәрдемақы автоматты түрде жарты жылға созылды. Сондай-ақ 1 қаңтардан кейін туған балаларға бірден 1,5 жылға дейін жрдемақы тағайындалды.  Ал бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер ата-аналар оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары. Аталмыш төлем бүгінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылған табыстың 40 пайызына тең. Жұмыс істемейтін немесе бала туғанға дейін  соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналар жәрдемақы мен төлемдерге мемлекеттік бюджеттен ғана үміткер бола алады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар