Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» тақырыбымен жарияланған мақаласында айтылған.
«Орталық Азия мемлекеттері мен халықтары географиялық орнына байланысты ғасырлар бойы бірін-бірі мәдени жағынан байытуға және құрлықта өркениетаралық диалог орнатуға ықпал етті, бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтау ісіне қомақты үлес қосты. Орталық Азия қазір де осы ізгі әрі жауапты миссиясын табысты жалғастырып келеді. Біздің мемлекеттеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының маңызды қарарларының тең авторлары атана отырып, жаһандық орнықты даму, жалпыға бірдей қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, өңірлік және халықаралық құрылымдар аясында бір-біріне қолдау көрсету сияқты мәселелер бойынша ортақ ұстанымнан айныған емес», - делінген Мемлекет басшысы мақаласында.
Президенттің жазуынша, «ОА плюс» форматындағы жаңа диалог орындарының пайда болуы Орталық Азияның халықаралық саясат субъектісі ретіндегі саяси салмағы арта түскенін аңғартады. Осыған дейін мұндай форматта 9 саммит және жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Кейінгі екі жылда «ОА – РФ» (Астана), «ОА – ҚХР» (Сиань), «ОА – АҚШ» (Нью-Йорк), «ОА – ГФР» (Берлин) бірінші саммиттері, ОА және Еуропалық Одақ мемлекеттері басшыларының екі кездесуі (Астана, Шолпан-Ата), «ОА – ПШАМЫК» (Жидда) бірінші саммиті, сондай-ақ «ОА – Үндістан» саммиті (онлайн форматта) өткізілді. Биыл Астанада алғаш рет «ОА – Жапония» саммиті өтеді.
«Осы форматтағы өзара ықпалдастыққа басқа да елдер, халықаралық ұйымдар қызығушылық танытып отырғанын атап өткен жөн. Осылайша, өңірдің әлемдік арена субъектісі ретіндегі орнын бекітуге маңызды қадам жасалып жатыр. Жаңғыртуға және озық білімге ұмтылумен қатар, дәстүрлі құндылықтарды ұстану жолы – Орталық Азияның даму бағдары. Сөйтіп, біздің аймақ жаңарып жатқан халықаралық жүйенің дербес әрі ықпалды мүшесіне айналып келеді. Бүгінде біз халықаралық геосаяси және геоэкономикалық өзгерістердің Еуразиядағы орталығы ретіндегі рөлімізді нығайтуды көздеп отырмыз. Өңірдің экономикалық салмағының арта түсуі, инновациялар үшін ашық болуы және зияткерлік әлеуеті оның қазіргі заманғы әлемдік құрылымның негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуына мүмкіндік беретін алғышарттарды қалыптастырады. Біздің мемлекеттеріміздің бұған қажетті барлық ресурсы мен мүмкіндігі бар. Сыртқы әріптестерімізбен бірлесіп жүргізетін өңірлік жобалар аясындағы ортақ ұстанымдарымызды диалог алаңдарында жан-жақты ілгерілету үшін күш біріктіру мәселесі ерекше назар аударуға лайық. Орталық Азияны Еуропа мен Азияның арасындағы көпір ретінде ғана емес, халықаралық қатынастар саласында жаһандық деңгейдегі жаңа орталыққа айналуға қабілетті жеке ойыншы ретінде танытатын уақыт келгеніне сенімдімін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Пікір қалдыру