Алматы әкімі Ерболат Досаев жаңа оқу жылына дайындық және студенттерді жатақханаға орналастыру мәселесі бойынша жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесті.
"Еліміздің маңдайалды оқу орындарының дені Алматыда орналасқан, жыл сайын мыңдаған студент жоғары білім алу үшін осында келеді. Біздің міндетіміз – оларға сапалы білім беру және жайлы жатақханамен қамтамасыз ету", - деді қала әкімі Ерболат Досаев. Қала әкімі жатақхана мәселесі тікелей бақылауында екенін айтып, Алматыға оқуға келген студенттердің жағдайын жасау бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылады. Соның бірі – алматылық студенттерді жатақханаға орналастыру мәселесімен айналысатын арнайы штабтың құрылуы. Алматы қаласы әкімдігінің студенттерді қолдауға арналған тағы бір маңызды бастамасы – дағдарыс және жедел ден қою жөніндегі ахуалдық орталықтардың ашылуы.
Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, дағдарыс орталығы ALT университетінде орналасқан. Дағдарыс орталығының міндеті – басқа өңірден келген баспанасыз студенттерге жедел қолдау көрсету және уақытша орналастыру. Дағдарыс орталығында 70 орын бар. "Ахуалдық орталық Алмалы ауданындағы жастардың комьюнити орталығының базасында жұмыс істейді. 1 тамыздан бастап орталық тәулік бойы жұмыс істеп, студенттерге орналастыру мәселесі бойынша жедел көмек көрсетіп жатыр. Орталық күн сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1,5 мыңнан астам қоңырау қабылдайды. Сонымен қатар қаланың әрбір жоғары оқу орнында студенттерге тікелей қолдау көрсететін ахуалдық орталықтар ашылды", - делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, Алматыдағы 35 жоғары оқу орнында 199 мыңнан астам студент білім алып жатыр, оның 124 мыңы – өзге өңірден келген студенттер. Қалада 109 студенттік жатақхана бар, онда 36,2 мыңнан астам студент тұрады. Жалпы қажеттілік – 28,7 мың орын. Қала әкімінің қолдауымен қабылданған шаралардың нәтижесінде тамыз айының соңында төсек орын тапшылығы 8,9 мың орынға дейін қысқарған.
Жатақхана мәселесі бойынша жедел ден қою жөніндегі Ахуалдық орталық – +77002551443, +770095095287
Пікір қалдыру