Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көл мен қолдың саласындай ақ қайың, мәңгі жасыл қарағай көмкерген көркем табиғатқа көз салып, ой құшағында отырған едік.
Егілмесе жер жетім
Еңбекшілдер ауданының егістік алқаптары оң қанат, сол қанатта жарыса жүйткіп, басын иген бидай масақтары теңіздей толқып, қалып барады. Арагідік соқаның тісі тимей тусырап бос жатқан жер де кездеседі. Бір кезде ақық дән өсірген құнарлы, кәдімгі «жетек шаншысаң, арба өсіп шығады» деп әспеттейтіндей кей алқап тусырап бос жатыр. Арамшөп қаптап кетіпті. Лүп еткен самал желмен кісі бойы жусанның басы тербетіліп тұр. Қайран да қайран жер-ана! Күтімі келіспесе, қара жердің де ажары адам көргісіз болып тозады екен-ау. Алаш баласының арғы аруақты бабалардан мұра болып қалған бір байлығы осы шетсіз, шексіз көл-көсір дала.
Осы ауданда 62506 гектар жер бар. Қазір бірнеше шаруашылықтың егістік алқабы кепілдікке қойылғаннан кейін пайдаға аспай, бос жатыр. Бұрын атақ-даңқы жер жарған «Богви» фирмасы болған. Осы фирманың еншілес «Донской», «Еңбек нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қарызға белшесінен батқаннан кейін ауыл шаруашылығымен айналысуды кілт доғарды. Зардабын жер көріп жатыр. Жермен қоса ел де... Егін егілсе, халыққа жұмыс болар еді. Тіпті сабанына дейін малмен күн көріп отырған ауылға олжа емес пе? «Богви» бірнеше мың гектар жерді кепілге қойып, миллиондаған теңге несие алып, кейін онысын өтемей талан-таражға салып, аты шыққан фирма. Қылмыстық іс қозғалғанымен, соңы сиырқұйымшақтанып бітті.
Еңбекшілдер аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерсайын Сабыров «Қазір ауданда 272 шаруа қожалығы бар. Оларға 133 мың 982 гектар жер бөлінген. Алуын алғанымен кейбір шаруа қожалықтары істерін алға жылжыта алмай, не өздері екпей, не өзгеге бермей отыр. Қазір олардан 2567 гектар жер қайтарылып алынды. 84 мың гектар жерді конкурс арқылы ұсынып отырмыз. Негізінен, шаруа қожалықтарының егін еге алмайтын да жөні бар. Техникасы ескі, ауыл шаруашылығына қажетті құрал-жабдығы да әбден тозған», – деді.
Ал облыс бойынша жер мәселесі өте өзекті тақырып. Мәселен, Ақмола облысының жалпы жер көлемі 14,6 миллион гектар болса, оның ішінде ауыл шаруашылығына айналған алқап көлемі 10,5 миллион гектарды қамтиды. Бұл барлық жер көлемінің 72 пайызы деген сөз. Соңғы жылдары жер көлемін есептеу, оның ішінде ауыл шаруашылығына пайдаланылып жатқан алқап қадағалаусыз қалған соң кейбір пысықтар жерді алдымен ұзақ уақытқа пайдалануға алып, кейін банктерге кепілдік ретінде қойып, несие алатын оңай жол тапты. Әртүрлі себеппен егін егілмей қалды. Содан барып, кәдеге аспай жатқан 255,4 мың гектар жер келісімшарттарды бұзу арқылы мемлекет меншігіне қайтарылды. Дауға іліккен 65,4 мың гектар жердің тағдыры сотта қаралуда. 5 мың гектар жердің иелеріне келісімшарт бұзылатыны жөнінде ескерту жасалды. Қазір соның зардабын қарапайым ауыл тұрғындары тартып отыр. Жалпы, Ақмола облысындағы жай емес, тұтас солтүстіктегі сұрғылт көрініс. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарасты Талап, Мәдениет ауылдарында да ондаған жыл бойы жарты гектар жер егілген жоқ. Қазір ауыл тұрғындары өзгесін былай қойғанда, тауығына шашатын дән таба алмай, тарығып отыр.
Қаусаған техника, қауқарсыз басшы
Ақмола облысының диқандары биылғы орақ науқанын солтүстік өңірде бірінші болып аяқтады. Облыстық әкімдіктен түскен сүйінішті ресми хабарда осылай делінеді. Әдетте, аяқтадық деген жүрекжарды жаңалықтан кейін де диқандар астығын жарты ай бойы жинап жататын. Шайқалған шаруасы СарыарқаныңСарыарқаның сары даласына қыламықтап қар жауа бастады.
Өткен жылы егін орағы мүлде кеш аяқталған. Тіпті қыруар астықтың қар астында қалғандығын елдің бәрі көріп, біліп отырды. Бірақ кіжінгенмен, қолдан келер дәрмен жоқ. Өйткені, көптеген шаруашылықта техника қаусап тұр. Кешігудің ең бірінші себебі де – осы. Биыл көктемде қар астында қалған астықты жинап алуға ниет етті. Әйтсе де, дән масақта шашылып қалады екен. Жинауға жұмсаған жанар-жағармайды да ақтамайды. Тек қолбайлау. Қар астында қалып, шіріген астықтан, өлі қаудан алқапты тазартамыз деп жүргенде, көктемгі егістің мерзімі де өтіп кетті. Көңіл күпті еді. Оның үстіне, ерте көктемде сылбырап жауған жауын апталап тұрып алды. Әйтеуір, жан алып, жан беріскен еңбек майданында диқандар қауымының дені жеңіске жетті. Енді бірер ауыз сөзбен ауыл шаруашылығы құрылымдарын машина-трактор паркін жаңарту туралы айта кетелік. «Айтжан» шаруа қожалығы «Беларусь» тракторын 45 жыл бойы пайдаланып жүр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Максим Гацановтың айтуына қарағанда, бүгінгі таңда тракторлардың 74 пайызы, комбайнның 62,6 пайызы, егіс кешендерінің 12 пайызы әбден тозығы жектен техникалар. Оның үстіне, диқандар шетелден сатып алған техникаларының қосалқы бөлшектерін қажет кезінде таба алмай қан қақсап қалады. Оны тасымалдаушылар арқылы тапсырып беріп, шетелден жеткізгенше науқан мерзімі өтіп кетеді. Осы арада бір айта кететін жай, шаруа қожалықтарының басшылары маусымды аяқтаған соң қосалқы бөлшек тасымалдаушы компаниядан арнайы маман шақырып, техниканың жағдайын тексертіп, қажетті қосалқы бөлшекке тапсырыс беру керектігін ескере бермейді. Ыждаһаттылық танытып отырса, қолда бар техника келесі маусымға дайын тұрар еді ғой. Әзірге мұндай ілкімділік ірі кәсіпорындарда ғана кездеседі.
Әрбір маусымды әупірімдеп әзер өткізуіміздің түпкі себебі осында жатыр. Айтылған жайды екшей келе, жаяудың шаңы шықпайтынын байқауға болады. Біздіңше, ауыл шаруашылығын алға бастырып, табысты салаға айналдыру үшін бет-бетімен бытырап кеткен ұсақ шаруа қожалықтарын біртұтас құрылымға біріктірген оң тәрізді.
Дереккөз: ЖАс қазақ газеті