Тұжырымдама сәтті орындалуда

/uploads/thumbnail/20170708201214897_small.jpg

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаевтың қатысуымен «Қазақстан-2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының бірінші кезеңін іске асыруды қорытындылау жөнінде брифинг өтті.
«Бүгінде еліміздің әр төртінші тұрғыны 29-дан жас, олардың ішінде қала жастары – 2,5 млн., ауылдықтар – 1,9 млн. 2013 жылдың қорытындылары бойынша Жастар дамуының әлемдік индексінде Қазақстан әлемнің 170 елі арасында 27-орынды иеленді, бұл Франция, Түркия және Швеция сияқты табыс деңгейі анағұрлым жоғары көп­те­ген елдерге қарағанда жоғары», – деді вице-министр.
Қазақстан жастарының одан әрі дамуы үшін Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі «Қазақстан-2020: бо­лашаққа бастар жол» тұжырымдамасы қабылданды. Жоспарды іске асыру екі кезеңге бөлінген: 2013-2015 жылдар және 2015-2020 жылдар аралығы.
«Қазіргі таңда белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілгені анық. Жастар ара­сын­дағы жұмыссыздар санының 3,5 мың адамға азаюын мемлекеттік органдар бірлескен жұмысының нәтижесі деуге болды. 29 жасқа дейінгі жас әкімдердің саны 19,5%-ға өсті – олар 143 болды», – деп қосты Т.Балықбаев.
Бүгінде Білім және ғылым министрлігі Тұжырымдаманың екінші кезеңін іске асыруға дайындалып жатыр екен. Іс-шаралар жоспарының жобасына 100-ге жуық тармақты қамтитын 10 бөлім кіреді.
«Келесі кезеңнің мақсаты жас­тар­дың табысты әлеуметтенуіне, олардың әлеуетін «Мәңгілік Ел» құн­дылықтары негізінде елдің әрі қарай дамуына бағытталған мемлекеттік жас­тар саясатының тиімді үлгісін қалып­тастыруды аяқтау болып табылады», – деді спикер.
Сондай-ақ, аталған тақырып шең­берінде «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Шахмардан Байманов: «Бұл жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен іске қосылды. Басты мақсаты – партиялық және мемлекеттік қызмет үшін кәсіпқойлар тобын қалыптастыру. Жобаны іске асыруды талдау брендтің танымалдылығын, жастар арасында және БАҚ-тарда сенімділігі мен танымалдылығын көрсетеді. Жалпы, алты жыл ішінде жобаға он мыңнан астам жас маман қатысты», – деді.
Белгілі болғандай, жыл сайынғы ашық байқаудың қорытындылары бойын­ша 400-ге жуық резервистен база құрылыпты.
Тұжырымдаманың жаңа кезеңі аясында негізгі жүйелік аспектілер бойынша жұмысты жалғастыру жоспарланып отырғаны белгілі. Бұл кезде әдістемелік базаны жетілдіруге және жастармен жұмыс жасайтын мамандардың даярлық деңгейін арттыруға басты назар аударылады.
Сондай-ақ, министрлік өкілдері Тұжырымдаманы іске асырудың бірін­ші кезеңі (2013-2015 жылдар) аясында орталық және жергілікті атқарушы орган­дардың құзыреттері мен жауапкершілік аймағын айқындаушы ведомствоаралық қарым-қатынастың тиімді моделі қалыптасқандығын атап өтті. Орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары мен аймақтарды дамыту бағдарламаларына мемлекеттік жас­тар саясатын жүзеге асыру жөніндегі көрсеткіштер енгізілді. Сонымен бірге, аймақтарды дамыту бағдарламаларына жастармен жұмыс жүргізу бойынша көрсеткіштері де енгізілген.
2015 жылғы ақпанда «Мемлекеттік жас­тар саясаты туралы» Заң қабылданды. Заңда мемлекеттік жастар саясаты ая­сындағы білім, ғылым, денсаулық сақтау, еңбек, кәсіпкерлік, мәдениет, денешынықтыру және спорт, діни қыз­мет, ішкі істер органдары, қорғаныс, қорша­ған ортаны қорғау және бұқаралық ақпа­рат құралдары салаларындағы орта­лық мемлекеттік органдардың құзы­реттері жіктелген.
Орталық және жергілікті деңгейде барлық санаттағы азаматтарға, соның ішінде жастарға бағытталған жобаларға әлеуметтік тапсырыстарды орнатудың салалық қағидаты белсенді қолданылуда. 2015 жылы жастар орталықтарымен өзара жұмыс жүргізу мақсатында рес­пуб­ликалық бюджеттен 1 094,07 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 4 256,1 млн. теңге қаржы бөлінді.
Сонымен қатар, мемлекет пен жас­тар арасында қарым-қатынас жүргізу тәсілдерін жақсарту үшін құрылған консультациялық — кеңесшi органдардың рөлі күшейтілді. Президент пен әкім­дік­тер жанындағы Жастар саясаты жөнін­дегі кеңестердің, БҒМ жанындағы Жастар ұйымдарын дамыту бойынша үйлес­тіру кеңесінің мәртебелері заңды түрде бекітілді.
Қазіргі таңда Мемлекеттік жастар сая­сатының 2020 жылға дейінгі тұжырым­дамасының II кезеңінің (2016-2020) жобасы дайындалып, орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдармен келісу үдерістері жүруде. Екінші кезең барысында өскелең ұрпақты патриот­тық рухта тәрбиелеу және балалар мен жасөспірімдердің қозғалысын дамыту жөніндегі тұжырымдаманы бекіту жұ­мыс­тарына баса көңіл бөлінетін болады.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар