Әділдіктің бағдары бола білген азаматтың жарқын жолы

/uploads/thumbnail/20170708201214226_small.jpg

Ол 1949 жылы бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауылында дүниеге келді. Сол ауылдағы аядай мектепте білім алды. Сыныптасы Болат Мұқышев: «Ол кезде мектепте балалар көбейіп кетсе, үшінші сы­нып ашып, егер бала азая бас­таса, сыныптарды біріктіріп тас­тайтын еді. Бір топта бұрыннан бірге оқып келе жатқан ұлдар өзге балаларды қатарына қосқысы келмейтін. Қосыла қалған жағдайда әр топтың тентектері бір-бірімен шекісіп, төбелес шығаратын. Мұндай кезде ортамыздан Қадыр суырылып шығып, сыныптастарды бірлікке шақырып, тезге салатын. Қайсарлығы мен ұстамдылығына қарап біз оның өскенде білгір ұйым­дастырушы, қатал тәртіптің адамы болатынын сезгендейміз», – дейді.
Көп ұзамай алтын ұя мектебінен түлеп ұшқан бозбала 1970 жылы КазМУ-дің заң факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түседі. Оқуға деген ынта, қиын мамандықты игерсем деген талабы оның білім айдынында еркін құлаш сермеуіне зор септігін тигізді. Қадырдың студенттік жылдардағы болмыс-бітімін бірге оқыған Алматы қа­лалық адвокаттар одағының мү­шесі Шамсихамар Нұржанова ерекше сағынышпен еске алады. «Мен Қадыр Көкенұлын 1970 жылы КазМУ-дің заң факультетіне түскен кезден білемін. Қадыр өзінің білімге деген құштарлығы мен ерекше талабы арқылы қатарынан ерекшеленді. Ол оқып жүргенде отбасылы болатын. Соған қарамастан барлық дәрістен шет қалмайтын. Еңбекқор жігіт өзіне тапсырылған ғылыми жұмысына байыппен қарап, берілген тақырып аясында көп ізденетін», – дейді. Айтқанындай-ақ, талаптың тұлпарын сайлап мініп, білім мен еңбекті қатар тоғыстырған болашақ заңгер 1975 жылы оқу орнын үздік тәмамдайды.
Заң саласының теориясын же­тік меңгерген Қадыр Шыныбаев университеттің ұсынысымен осы жылдың қыркүйегінде Семей қаласы Калинин аудандық ха­лық сотына тәжірибе жинауға жібе­рілді. Бұл жерде ол төреліктің қыр-cырын үйреніп, өмірін заңмен байланыстырған ағалардан кеңес алды. Оқу ордасында алған тео­риялық білім тәжірибемен то­лыс­қан кезде ғана туралықтың мін­беріне көтеріле алатынына көз жеткізді. Араға жыл салып мамыр айында Семей облысы Аягөз қала­сындағы халық сотына судья болып қа­былданды. Қадыр ол кезде 26 жас­тағы қылшылдаған жігіт болатын.
Осылайша Қадыр Көкенұлының судьялықтан бас­талған еңбек жолы аға тергеуші қызметінде жалғасын тапты. Ол тергеуші қызметінің үш қайнарын үнемі басшылыққа алды. Оның біріншісі – процессуалдық нормалар. Ол қылмысты тергеу барысында нені және қалай, қандай тәртіппен жүргізуге мүмкіндік береді. Екінші – тактикалық қағи­далар. Яғни, тергеуші қылмысты аз уақыттың ішінде ашып, кінәліні анықтауда тактикалық әдіс-тәсілді алдын ала ойластырады. Ал үшінші қайнар – әдептілік қағидалары. Бұл тергеу ісі жүргізілгенде қан­дай да бір тәсілді қолдану-қол­данбауға әсер етеді. Қайратты да қайсар жігіт ағасы Семей об­лы­сының Көкпекті, Таскескен, Бородулиха аудандарының ішкі істер бөлімдерінде 13 жылда небір тағдырлармен бетпе-бет келді, асыл мен жасықты айыра біліп, сан тарау жолдардан өтті. Әріптестері оның мына бір өзекті сөзін ұмытпайды: «Қылмыстық іс жүргізу кезінде күдіктінің тағдыры шешіледі. Сондықтан, тергеу барысында біз күдікті адамдарға бірден қылмыскер ретінде қарамай, алдымен оның адам екенін ұмытпауымыз керек», деп ақиқат пен заң жолын ту еткен білікті азамат 1992 жылдың 30 қарашасына дейін аға тергеуші болып жемісті еңбек етті.
Қай салаға барса да жұмысы жанданып жүре беретін Шыныбаевтың жаңа қыры оның Сот жүйесіне ауысқан кезінде жарқырай көрінді. Қадыр Көкенұлы Семей облысы Курчатов қалалық сотының төр­ағасы болып тағайындалды. Сол жылдары елімізде әлеуметтік-эко­номикалық сала күрт құлдырап, халықтың тұрмыстық жағдайы тығырыққа тірелгендей болып еді. Шешімін күтіп, күн тәртібіне шыққан қат-қабат шаруалардың басы-қасында Қадыр Шыныбаев жүрді. Әріптесі, Алматы қалалық сотының судьясы С.Қарымсақов: «Ол қызметіне өте тиянақты, сот төрелігін жүргізгенде әділ, ха­лыққа жақын, мұң-мұқтажын шешуде заңды дұрыс қолданып, оң шешімдер қабылдаған аяулы жан болды. Курчатов қаласының басшылары мен заң қызметкерлері арасында беделді және құрметті басшы ретінде өзін көрсете білді. Бірнеше рет Семей облыстық сотында өткен жиындарда оның адал қызмет атқарғаны, халықтың ықыласына бөленгені атап өтілді. Әріптестері арасында да сыйлы, үлкен­ге іні, кішіге аға бола білді. Сот жұмысының сапалы атқарылуына, азаматтардың талап-тілектері, арыз-ша­ғымдарының уақтылы және дер кезінде шешілуіне, заң шеңберінде әділ шешім шығаруға белсенді атсалысқан азамат болды», деп еске алады.
1996 жылы тәжірибелі маман еліміздің алып мегаполисі Алматыға шақырылды. Елбасы Жарлығымен Алматы облысы Іле аудандық соты­ның төрағасы қызметіне кі­рісті. Бұған дейін есімі елге бел­гілі азаматтардың қолтаңбасы қалған аса жауапты жұмысты ол тез меңгерді. Арты дау-дамайға әкеп соқтыратын жағдайлардың бә­рі де сот төрағасының бойынан берік қалыптасқан үлкен адамдық білім мен білік негіздерін талап етеді. Бүгінде Іле ауданының құқық қорғау қызметкерлері Қадыр Шы­ныбаевтың елеулі еңбегін, ілкімді ісін мақтанышпен айтады.
Сөйтіп, аз ғана уақыт шеңберінде өңірдің заңдық жүйесіне оң өзге­рістер енгізген азамат 2002 жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық №2 сотының төрағасы қызметіне ауыстырылды. Өмір мектебінде түрлі соқтықпалы-соқпақты жолдан өтіп, әбден ысылған маман бұл жұмыста да адамдық заңғарынан табыла білді.
Кейіпкеріміздің сол кезеңдегі жұмысы туралы Алматы қаласы Алмалы аудандық №2 сотында бірге бес жыл судья болып жұ­мыс істеген әріптесі, Алматы қа­лалық адвокаттар ұжымының мүшесі Нұрбике Ескендірова былай дейді: «Сот төрағасы қызметіндегі алғашқы күнінде-ақ соттар арасында беделді болды. Ол бұл дәрежеге тұлғалық қасиетінің ерекшелігі мен кәсіби біліктілігінің арқасында жетті. Қадыр Көкенұлы қылмыстық және азаматтық құқық ережелерін тиісті деңгейде біліп, ауқымды ойлануының арқасында Заңды тәжірибе жүзінде жүзеге асырды. Судьялар қиын істердің түйінін тарқатар кезде онымен ақылдасып, әрдайым кеңес алып отыратын».
Елбасымыздың Жарлығымен 2007 жылы мамыр айында Қадыр Шыныбаев Алматы қаласы Әуезов аудандық № 2 сотының төрағасы болып бекітілді. Бұл кезеңде алып қаланың әр ауданында кримогендік ахуалды ауыздықтау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жат­қан еді. Қыруар жұмыстың басы-қасында сот төрағасы Қадыр Шыныбаев та болды. «Біздің сот жылына бес мыңдай азаматтық, үш мыңдай қылмыстық іс қарайтын. Әрбір істің заңды қаралуын қатты қадағалайтын. Одан бөлек сот ғимараты техникалық базасының жақсаруына сүбелі үлес қосты. Қыз­меткерлердің әлеуметтік жағдайына баса көңіл бөліп, жұдырықтай жұ­мыла жұмыс істеуге бастай білді», – деп еске алады әріптесі, Әуезов аудандық №2 сотының судьясы Рысхан Бақтығызов.
Елім деп атқа қонып, ғибратты ісімен көп құрметіне бөленген Қадыр Шыныбаевтың алдында әлі де талай асулар, бағындырар биік белестер бар еді. Заңғар заңгер, ар­дақты азамат 2008 жылы 19 ақпан күні тағы бір жұмыс күнін аяқтап, қызмет көлігіне отырып үлгергенімен, үйіне жетпей, жүрегі қысып, ауруханада бақилық болды. Абзал азаматтың елге жасаған жақсылығы көп еді. Сондықтан да аяулы жанды достары, әріптестері ұмытпай, әрдайым еске алады.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар