– Мәртебелі елші мырза! Бізге сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Біздің елде елшілік қызметіңізді жақында ғана бастапсыз. Келген қадамыңыз құтты болсын! Бізді Қазақстанмен қаншалықты таныстығыңыз қызықтырады.
– Тағайындалғаннан кейін ең алғашқы алған әсерім – Қазақстанның серпінді дамып келе жатқан көрінісі болды. Атап айтар болсақ, Қазақстанның ұзақ мерзімді индустриялық әртараптандыру және инновациялық даму стратегиясы үшін әртүрлі саясат негізінде елді ілгерілетіп отырғаны таңданарлықтай. Әсіресе, Астананың 2017 жылы ЭКСПО-ға дайындық шарасын жүргізу барысында тез арада гүлденіп келе жатқанына куә болудамын.
Өз басым, Қазақстан халқы мен корей халқының ұқсастықтарына жылы шыраймен қараумен бірге, қазақстандықтардың да корей телехикаясы мен корей музыкасын ұнатып, еліміз жайлы оң көзқараста екендігіне қуаныштымын.
– Былтыр елімізге президент Пак Гын Хие ханымның ресми мемлекеттік сапары болды. Сол кезде екі елдің арасында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Ал Қазақстанда корейлік «Самсунг», «Элджи», «Хюндай», «Киа» секілді ірі компаниялар бұрыннан жақсы таныс. Осының бәрі екі елдің экономикалық және сауда байланыстарына үлкен септігін тигізетіні анық. Осындай іргелі компаниялар елімізге алдағы уақытта да келуі қарастырылған ба?
– Корей кәсіпорындары Қазақстанды ілгерілету мақсатында қарқынды инвестиция жасап отыр. Қазір Samsung, LG, Hyundai, SK, POSCO, KCC, Highvill, AsianaAirlines секілді 250-ге жуық компания Қазақстанда энергия ресурстарын, зауыт, инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысын жетілдіру барысында түрлі салада қызмет атқаруда және соңғы уақытта қаржы, денсаулық сақтау саласында да инвестиция салды.
Атап айтқанда, екі ел арасындағы Балқаш жылу электр стансасы, Атырау мұнай-химия кешенінің құрылыс жобасы және ағымдағы ауқымды экономикалық жобаларды бірқалыпты жүзеге асырумен қатар, екіжақты табысты әрі озық әдістер негізінде ынтымақтастық қатынасты орнатуда белсенді түрде қызмет атқарылып жатыр.
– Озық технологияға ие, бизнесі жолға қойылған Оңтүстік Корея бізді қатты қызықтырады. Әсіресе, елдеріңізде орта және шағын бизнеске мемлекет тарапынан қамқорлық пен қолдау жағы қалай, үлгі боларлық қандай тәжірибе бар?
– Корей үкіметі салықтық ынталандыру, кәсіпкерлік және венчурлық бизнесті қолдау, жұмыс күшін игеруді қолдау-зерттеу, қаржылық жетілдіру және құрылымдық қайта құруды қолдау, инвестициялық ілгерілетуді қолдау секілді түрлі салалардағы бастамаларға қолдау көрсетумен қатар, шағын және орта бизнесті арнайы қолдау саясатын да жүргізеді.
– Қазақтар мен корейлердің мәдениеті ұқсас көрінеді. Сіз алғашқы күннен бері не байқадыңыз?
– Менің ойымша,Оңтүстік Корея мен Қазақстанды мәдени тұрғыдан алып қараcақ, отбасы және бала тәрбиесі, үлкенге деген құрмет пен бейбітсүйгіштігі бір-біріне қатты ұқсас.
Осындай ұқсастықпен қатар, қазақ халқының корей халқымен бет-келбетінің ұқсастықтары да басым болғандықтан, өзімді елімде жүргендей сезінемін.
– Бұрын елшілік қызметте болған Пэк Чу Хен мырза әрдайым қазақы ортада қазақша амандасушы еді. Ол кісі әрдайым ресми кештерде қазақша сөйлеп таңғалдыратын. Мұны айтып отырған себебіміз, Кореяда мемлекеттік қызметтегілерге ана тілін немесе қызметке баратын елдің тілін білу міндеттеле ме?
– Шет тілін білу қабілеттілігі лауазымды тұлғалар мен дипломаттардан талап етілетін қабілеттің бірі және сол шет тілін белгілі деңгейде білу маңызды болып саналады. Бірақ соның ішінде ең маңыздысы – ана тіліңді білу.
Министрлік немесе қандайда бір мемлекеттік органда жұмыс жасаған жағдайда, корей тілінде түсіндіріп, корей тілінде сөйлеу қажет. Дипломаттар жұмысын өзге шетел тілінде атқармайды. Дипломат пен мемлекеттік қызметкердің атқаратын қызметінің басым бөлігін: есептер, Word құжаты, стратегиялық мақалалар, жоспарлар, баспасөз хабарламалары, деректер құрап, олардың көпшілігі корей тілінде жазылады.
Шет елдердің елшіліктерінде қызмет атқарғанда, ұйымның орталық мекемесіндегіден гөрі шет тілін көбірек қолданады. Бірақ басқа тараптың айтқан сөзін ұғыну, анықтама беру, сол ақпаратты хабарлау, жазбаша жұмыстар – осының барлығы корей тілінде атқару қабілетіне негізделген.
Осыған байланысты, Қазақстанда мемлекеттік тілге үлкен мән беретін Елбасы Назарбаевтың саясаты өте маңызды әрі қолайлы деп есептеймін.
ЧО Ёнг Чон мырза 1958 жылы 1 наурызда дүниеге келген.
Білімі – 1980 жылы Корея университетін Саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген.
1981 жылы Жоғары дипломатиялық қызметте емтихан тапсырып, Сыртқы істер министрлігінде қызметін бастаған.
1987 жылы маусымда Бельгия корольдігіндегі Корея елшілігінде екінші хатшы болып тағайындалады.
1996 жылы маусымда Қытай Халық Республикасы елшілігінде бірінші хатшы, 1999 жылы наурызда ҚХР-да Шэньян қаласындағы елшілік өкілдігінің консулдығында кеңесші қызметін атқарған.
2001 маусымда Сыртқы істер министрлігінің Солтүстік Шығыс Азия ІІ бөлімі, Азия және тынық мұхиты ісі бойынша департамент директоры болған.
2002 жылы Австралиялық елшілікте министр-арнайы өкіл болып тағайындалады.
Осылайша ғұмырын елшілік қызметіне арнаған, министрлік қарамағында да жауапты жұмыстар атқарған ЧО Ёнг Чон мырза 2015 жылдың наурызында Оңтүстік Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.
Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін 1999 жылы желтоқсанда қызметтегі еңбегі үшін 4-класты орденмен марапатталған («Green Stripes»).
Отбасылық жағдайы – әйелі, ұлы мен қызы бар.
– Елордамызда 2017 жылы өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесінде өз өнімдері мен жаңалықтарын көрсетуге ниетті корей компаниялары бар ма?
– Оңтүстік Кореяда қазіргі уақытта кәсіпорындар арасында Экспо павильоны құрылысына қатысуы жөнінде талқылау жүріп жатыр. Атап айтқанда, Самсунг Групп озық IT технологияларды тәжірибе жасауға мүмкіндік беретін Павильон құрылысы жөнінде кеңесін ұсынады деп күтілуде.
ЭКСПО-2017-нің негізігі тақырыбы «Болашақ энергиясы» болғандықтан, Кореяның көптеген энергетикалық кәсіпорындары қатысады деп те күтілуде. Болашақта Корей павильоны бойынша нақты шешім қабылданысымен, Кореяның жетекші компаниялары қатысуға дайындықтарын бастап кетеді деп күтілуде.
– Корей халқында еңбекқорлық қанында бар ма, әлде нарықтың талап етуінен қалыптасқан әдет пе?
– Қазақ халқынан корей халқының айырмашылығы – корейлер ауыл шаруашылығымен көптеп айналысуында. Кореядағы ауыл шаруашылығы деген ұғым маусым мен уақытқа қарамай, міндетті түрде атқарылуы керек жұмысты ыждағатпен орындау болып табылады.
1960 жылға дейін кедей болған корей халқы 1970–80-жылдары еңбексүйгіштіктерінің арқасында қысқа мерзімде экономикалық даму мен индустрияландыруға қол жеткізе алды. Атап өтерлік қағида – еңбекқорлық қанымызда бар қасиет.
– Жеке өміріңіз, хоббиіңіз туралы білуге бола ма?
– Әуестенетіндей деп айтарлықтай аса ештеңе жоқ, туғаннан әлсіз болғандықтан, бос уақытым болса, дене шынықтырумен айналысуға тырысамын. Қазір жасымыз есейгендіктен, күніне 4 шақырым жаяу жүремін. Осылайша жаяу жүру әдетіме айналған секілді.
Сонымен қатар жұмыстан тыс уақытта күнделікті жұмыс пен болашақ жайында да ойланамын. Бұл психикалық және физикалық денсаулық үшін өте пайдалы деп есептеймін.
– Сұхбатыңызға рақмет. Жұмысыңызға табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан
Жолдасбек ДУАНАБАЙ, Дастан АҚАШ
Дереккөз: Айқын-ақпарат