– Нұрлыбек Машбекұлы, Сыр елінің жүрегі деп мақтанышпен аталып жүрген Қызылорда шаһарында бүгін таңда атқарылып жатқан жұмыстарды өзіңізден естігім келеді.
– Қала облыс экономикасының барлық саласындағы өрелі өзгерістердің алдыңғы шебінен көрініп, өңірдің қалған аумақтарының дамуына жаңа серпінімен, жаңашыл бастамаларымен үлгі көрсетті.Билік пен бұқараның берекелі бірлігінің, ел мүддесі үшін қызмет етіп отырған әрбір саланың тынымды тірлігінің арқасында қала қазынасы молайып келеді. Өнеркәсіп кәсіпорындарында өткен жылы 1 трлн 45 млрд 478 млн теңгенің өнімі өндірілді.
Облыста өндірілген өнімнің 92 пайызы, салынған құрылыс нысандарының 50 пайызы Қызылорда қаласының үлесіне тиді. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 31 млрд 280 млн теңгені құрап, тамақ өнімдерін өндіру 29,5 пайызға, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру 3,2 пайызға, құрылыс материалдарын өндіру 18 пайызға артты. Қала бюджеті бұрынғы жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға ұлғайтылып, 38 млрд 585 млн теңгені құрады. Оның ішінде кіріс салық базасын кеңейту бағытында қабылданған шаралардың негізінде 1,5 есеге өсіп, жалпы бюджет кірісінде 37 пайызды құрады.
Бұл қаржылардың 32 пайызы – білім, 33 пайызы – коммуналдық шаруашылық, 23 пайызы құрылыс саласына бағытталды. Жыл ішінде меншіктің барлық нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар есебінен негізгі капиталға салынған қаржы көлемі 133 млрд 200 млн теңгені құрап, облысқа салынған инвестицияның 51 пайызын қамтамасыз етті.
– Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі де ұлғайған болар. Осы бағыттағы жұмыстардың жай-күйі, еңбек етушілердің жағдайы қалай, жұмыс ырғағына көңіліңіз тола ма? Мүмкіндігі шектеулі азаматтар, оқшау қалған жоқ па? Олардың жұмыспен қамтылуы қалай? Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың ахуалы ше?
– Иә, мал шаруашылығы өнімінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 102 пайызды құрады. Барлық мал басы түрінен тұрақты өсім бар. Есепті мерзімде мемлекеттік бағдарламалар аясында 8 шаруа қожалығына 95 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріліп, «Сыбаға» бағдарламасымен жоспарланған жұмыстар 1,5 есеге, «Құлан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар 2 есеге артығымен орындалды. Өткен жылы ауыл шаруашылығы құрылымдарының қатысуымен 7023 гектарға дақыл егілді.
Еліміздегі жұмыссыздықты жоюды көздейтін сәтті бағдарлама – «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» аясында 680 азамат кәсіптік және қайта даярлау курстарынан өтіп, 810 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен, 602 жас маман «Жастар тәжірибесімен» қамтылды. Нәтижесінде, 1084 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бағдарлама аясында жыл ішінде 5 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 73 жұмыссыз азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Азаматтың өз ісін ұйымдастыруына мүмкіндік беретін екінші бағыт негізінде бөлінген қаржы 102 пайызға артты. Өткен жылы жүзге жуық қызылордалық шағын несие алып, жыл ішінде өз кәсібін ашты. Жыл басынан 4855 тұрғын жұмысқа орналасып, өткен жылмен салыстырғанда бұл бағыттағы көрсеткіш 13 пайызға артты. Қалада бүгінде кәсіпкерлер саны 25938-ді құрап, жыл басынан бері 2076 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнымен қоса, жыл ішінде 217 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге артты.
Елбасы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық көрсетуді тапсырды. Оларды қоғамдық ортаға бейімдеу және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 7 аула клубы ашылып, жыл ішінде 800-ден аса мүгедек қамтылды. Биылғы жылы аула клубтарының үздіксіз жұмыс жасауына қалалық бюджеттен 12 млн теңге бөлінді. Мұнымен қоса, жыл ішінде 217 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге артты.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға толық бетбұрыс жасалды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 64 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл облыс бойынша жобалардың 85 пайызы – ел өндірісіне қан жүгірткен индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы да қаламызда игілік бастауына айналды.Өткен жылы 5 жоба іске қосылып, жаңадан 105 жұмыс орны ашылды.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қалада «ҚазГерМұнай» АҚ-ның демеушілігімен «Шұғыла» шағынауданында демалыс сквері, «Қор» мұнай компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің оң жағалауында демалыс сквері мен аллеясы салынып, абаттандырылды.
«Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Арай» шағынауданында спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, 40 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Қалада салынған тұрғын үйлер көлемі қарқынды өсіп келеді. Жыл ішінде қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы көлемі 143 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл бұдан бұрынғы жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артты деген сөз.
– Меніңше, тұрғын үй ахуалы төңірегіндегі әңгімені тереңнен қозғаудың сәті келіп тұр. Бұл өзі көптен бері халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселенің бірі емес пе?
– 2005 жылы үй алу кезегіне 397 адам тіркелсе, жыл сайын орта есеппен 1300 адамға көбейіп, бүгінгі күнге олардың саны 14 мыңнан асты. Қала халқының тұрғын үйге сұранысын қанағаттандыру мақсатында жыл ішінде республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 5 млрд 543 млн теңгеге барлығы 23 тұрғын үйдің 1156 пәтер құрылысы жүргізіліп, 14 тұрғын үй пайдалануға берілді, 330 отбасы жаңа пәтермен қамтылды.
Өткен жылы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ы «Арай» шағынауданынан 230 пәтерді құрайтын 5 тұрғын үйдің және «Самұрық – Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ-ы «Шұғыла» шағынауданынан 210 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында соңғы 3 жылда қаладағы күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі үйлердің 14,3 пайызы (100 көпқабатты тұрғын үй) қайта жаңғыртылды. Қаладағы апаттық үйлерге қатысты мәселені түбегейлі шешу мақсатында жаңадан 60 пәтерлік 5 үй және 100 пәтерлік 1 үй салу жоспарланып, облыстық бюджеттен бөлінген 328,5 млн теңгеге «Титов» қыстағы мен «КБИ» шағынауданында 60 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. 64,8 млн теңгеге осы үйлердің сыртқы инженерлік желілерінің құрылысы салынды. Жыл сайын инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жайластыру жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 76 млн теңгеге қаланың шет аймақтарында 98,5 шақырым ауызсу жүйесі, 20,8 шақырым жол құрылысы салынып, 1503 су есептегіш құралдары орнатылды және көпқабатты үйлердің сыртқы инженерлік жүйелері жүргізілді.
– Ауызсу мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– «Ақбұлақ» бағдарламасына республикалық және жергілікті бюджеттерден 1 млрд 502 млн теңге бөлінді. Ал қалалық бюджеттен бөлінген 41,3 млн теңгеге «Сәулет», «Жаңа ауыл» аудандарында 2,8 шақырым ауызсу, 0,9 шақырым электр желісінің құрылысы салынып, «КБИ», «Арай», «Титов» аудандарында ауызсу жүйесінің жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Бағдарлама аясында қала ішінде және 5 ауылдық округте 18 су бұрғылау ұңғымалары бұрғыланып, Ақсуат, Абай, Айнакөл, Ақжарма, Қараөзек елді мекендерінде 49,8 шақырым ауызсу жүйесі, 74,5 шақырым сервистік желілер тартылып, 1750 су есептегіш құралдары орнатылды.
– Жылу қазандықтарының, көлік жолының және абаттандырудың жай-күйін де тілге тиек етсеңіз жақсы болар еді...
– Жылу беру маусымын тұрақты және қалыпты өткізу, көлік жолы жұмысымыздың ең ауыр саласы. Облыстық бюджеттен бөлінген 328 млн теңгеге «Қызылорда оңтүстік жылу орталығының» қазандық цехының қазандықтары, қазан агрегаттары, магистральды жылу жүйелері қайта жаңғыртылды.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда жаңа жобалар жүзеге асуда.Қалалықтар үшін стратегиялық маңызды көшелер кезең-кезеңімен қайта жаңғыртудан өткізілуде. Облыстық және қалалық бюджеттерден бөлінген 4 млрд 572 млн теңгеге жалпы ұзындығы 84 шақырымды құрайтын 97 көшеге қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаланың оңтүстік кіре беріс бағытындағы «Шымкент – Самара» халықаралық автокөлік жолы, Бейбарыс көшесі, қаланың солтүстік кіре беріс бағытындағы Саламатов, Рысқұлов, Әбілқайыр хан, Марал Ишан, Қаратоғай көшелері қайта жаңғыртудан өтіп, жаңа үлгідегі жарық бағаналары мен аялдамалар, көрнекі ақпарат қондырғылары (билборд) қойылды.
СПМК-70 ауданында ұзындығы 1,8 шақырым Қызылжарма және Ақтөбе көшелерінің құрылысы аяқталды. Әл-Фараби көшесі және М.Шоқай көшесі күрделі жөндеуден өткізіліп, жарықтандырылды. Қалада ұзындығы 60 шақырымды құрайтын 75 көше, ауылдарда 7,3 шақырымды құрайтын 10 көше орташа жөндеуден өткізілді. Қазір Қызылорданы «қауіпсіз қалаға айналдыруда» кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Қала көшелерінің күре тамырларының бірі – Абай даңғылы бойынан, Қазыбек би көшесінен жаяу жүргіншілер үшін 2 аспалы көпір құрылысы салынып, «Болашақ» университеті тұсындағы аспалы көпір пайдалануға берілді. «Жайна» сауда үйінің тұсындағы көпір жақын күндері ел игілігіне қызмет етеді. 57,2 шақырымды құрайтын 31 көше қайта жарықтандырылып, көпқабатты тұрғын үйлердің 25 аулаішілік жолдары мен автотұрақтары, ұзындығы 11,9 шақырымды құрайтын 13 көшенің жаяу жүргіншілер жолдары жөнделді. Ауылдық округтерде жалпы ұзындығы 11,2 шақырымды құрайтын 9 көше жарықтандырылды.
Қызылорда – Шымкент автожолының қаламызға кіре беріс бағытында, Қызылорда қаласы мен Қорқыт ата әуежайына дейінгі жолдың бойында озық технологияларды енгізу мақсатында тамшылатып суару арқылы «Жасыл белдеу» жасалуда. Қала бойынша 16 мың түп ағаш көшеттері, 97 мың шаршы метр аумақты құрайтын 46 аллея, сквер, көшелерге, көше айрықтарына гүлдер мен газондар отырғызылды.
Бүгінде қаланы аяқ сумен қамтамасыз ету үшін тиісті жоба-сметалық құжаттар әзірленді. Коммуналдық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, 9 арнайы техника сатып алынды. Сырдария өзенінің оң жағалауында «Мұнайшы» шағынауданын салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Тұрғындар арасында көпшілік сұранысқа ие және өзекті мәселелердің бірі – жеке тұрғын үй үшін берілетін жер телімдері. Жер теліміне қатысты тұрғындардың өтініштері есепке алынып, кезекке тұру тізімі жасалды.
Облыстың елді мекендерін толық газдандыру жобасы аясында облыс орталығының аймақтарын және қалаға қарасты елді мекендерін газдандыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.Қызылжарма ауылдық округін газбен жабдықтау мақсатында газ құбырлары тартылуда. Тасбөгет кентін газбен қамту жұмыстары толық аяқталып, таяу арада тұрғын үйлерге газ беріледі. Талсуат ауылдық округін және сол маңдағы әлеуметтік нысандарды газбен қамтамасыз ету қарқыны арта түседі.
– Кіндік қанымыз тамған жер – Қызылорда шаһарының болашағына қызығамыз, бұдан да жақсы болса, үздіксіз дами берсе екен деп тілейміз...
– Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының тікелей басшылығымен өңірдің бас әуе қақпасы – «Қорқыт ата» әуежайын заманауи талаптарға сәйкестендіру мақсатында сағатына 250 жолаушыны жіберу мүмкіндігі бар халықаралық үлгідегі жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталды (жобалық құны – 6,2 млрд теңге).Қаланың даму жоспарына сәйкес, Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту, бүгінгі талаптарға сәйкес заманауи үлгідегі жаңа қала тұрғызу мақсатында Мұратбаев көшесінен Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын автомобиль көпірінің құрылысы қолға алынды. Сол жағалауды дамытудың түбегейлі жоспарлау жобасы бойынша бірінші кезекте 500 гектар аумаққа әкімшілік ғимараттар мен түрлі мақсаттағы әлеуметтік нысандар салынады.Ол 15 ауданнан құралады, оның ішінде: 11 тұрғын аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі саябақтар мен гүлзарлар бар.
Аймақ басшысы Қ.Көшербаевтың ел жанашыры, үлкен істің ұйытқысы және ұйымдастырушысы болып отырғанына ризалық сезімімді білдіргім келеді. Оның тікелей қолдауымен «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы жанынан «Қызылорда Автобус паркі» құрылды. Қала тұрғындарын, ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету мақсатында қала тынысына жаңа серпін берген, экологиялық таза, қолжетімді 20 автобус алынып, бүгінгі таңда тұрғындарға сапалы қызмет көрсете бастады. Жақын арада тағы 100 автобус аламыз.
Біз Қызылорда қаласын айшықты ордаға, озық өндiрiстiң ошағына, жаңа дәуiрдiң салтанаты жарасқан қаласына айналдыруды басты мақсат санаймыз. Сол ниетпен іс-қимыл жасап маңдай тер төгеміз, тынымсыз еңбек етеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Дереккөз: Айқын-ақпарат