Елбасы былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында осындай экономикалық ауыртпалықтарды алдын ала болжап айтқаны белгілі.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев онда: «Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан 2014 және одан кейінгі екі жылда әлемдік экономиканың дамуында болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралғаны белгілі. Сондықтан кейбір позицияларды жедел түрде қайта қарап, сондай-ақ алдағы кезеңдердің жоспарларына түзетулер енгізу қажет. Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ» деп нақты іске көшетін кездің келгенін, уақыт оздырып алмау керектігін нықтап жеткізді. Айтып қана қоймай, жүйелі, жан-жақты қарастырылған даму стратегиясын ұсынды.Сонымен қатар «Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер» деп көрсеткен ұлт Көшбасшысы Қазақстан даму жолындағы сын-қатерлерді ескере отырып, «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясатын, 5 институттық реформаны ұсынды.Сонымен қатар
5 институттық реформаны жүзеге асырудың Ұлт жоспарын – «100 нақты қадамды» да жариялады. Қоғам дамуы үшін тікелей әсер ететін әрбір саланы қамтып, олардың әрқайсысына тікелей және жанама тапсырмалар берілген бұл «100 нақты қадам» дағдарыстан – дамуға, яғни ішкі экономиканы жүйелі реттеу мақсатында ештеңеге қарамастан серпіліс жасап, жаңа белестерді бағындыруға бағытталған, кем-кетігі жоқ, нақтылықтан құралған жан-жақты даму жоспары.
5 институттық реформаны жүзеге асыру бағытындағы Ұлт жоспары еліміздің әр саласына жаңаша да қуатты серпін әкелетін, тіпті ұлттығымызды асқақтататын, бірлігімізді бекемдей түсетін стратегиялық жоспар екені ақиқат. Экономикалық құлазулар, әлемдік дағдарыстың өзі кез келген мемлекеттің ішкі нарығын, әлеуметтік жағдайын ширатып, бекемдей түсетіні белгілі. Бүкіл әлемге төніп тұрған қаржы қыспағы қаһарына мініп тұр. Дәл қазір жаһандық дағдарыстың орақ тісті аранына түспеген, одан зардап шекпеген, үлкен шығынға батпаған ел кемде-кем. Ел аузындағы ұлттық валютамыздың жағдайы осы кешенді проблемалардың бірі. Алайда теңгеміздің «тағдырын» еркіндікке жіберіп, ішкі экономикалық хал-ахуалымызды реттеу бүкіл ел үшін мол тәжірибе. Шағын және орта бизнес, қарапайым кәсіпкерлер алдында жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Бұл бір қарағанда жағымсыз фактор бізді шыңдай түспек. Жағдайдың тым «мүшкіл» екені аса әсірелеп, құр қорқудан туындайды емес пе? Дағдарысқа қарамастан ұпайымызды түгендеп көрелік. Біз ойлаған ауыртпалық кезең шынымен қалтамыз үшін салмақты ма?
Ағымдағы жылы еліміз ұзақ уақытқа созылған келіссөздер нәтижесінде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Қазақстанның бұл жеңісі – халқының бірлігі мен еңбекқорлығының арқасы. ДСҰ-ға мүшелік экономикамыздың тағы бір сатыға көтерілуіне зор мүмкіндік бермек. Енді отандық кәсіпкерлер өнімдерін шетелге экспорттап, өзге мемлекеттер болса қазақстандық тауарларды тұтынады. Елімізде жасалған тауарлар, әсіресе, тамақ өнеркәсібі: ет, сүт өнімдері шетелде ең алдымен сапасымен ұтатыны айдан анық. Өйткені таза, табиғи һәм қолжетімді өнім қай кезде де үлкен сұраныста болады.
Елбасы ұзақ мерзімді стратегиялық маңызды идеяларға аса үлкен мән береді. Болашаққа жасалған көп орасан зор жобалардың, елімізге, ұлтқа табыс әкелетін нысандардың бүгінде іргесі қаланып жатыр. Тұңғыш Президентімен тарих қойнауына кеткен Ұлы даланың аңызға айналған төрткүл дүниеге мәшһүр күретамыр сауда желісін жандандыру мақсатында тағы бір баға жетпес идея дүниеге келді. Елбасы Ұлы Жібек жолының ХХІ ғасырға лайық жаңа нұсқасын өмірге әкелу туралы ұсыныс жасады. Сол үшін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік дәлізін құруға ұсыныс жасалды. Бұл жоба арқылы Қазақстан әлеммен шынайы байланыс орнатпақ. Ресей арқылы Батыс Еуропа, Каспий теңізі арқылы Түрікменстан, ары Иран, Таяу Шығыс елдерімен тығыз сауда-саттық қатынас орнайды. Қысқасы, ине сабақталып, ою-өрнекті тігісін жатқыза түспек.
Жаңа бағыт бойынша даму тетіктермен алғышарттар жүйелі түрде қолға алынып отыр. «Саясатта маңызды емес нәрсе жоқ» дегендей, саясаттың кез келген мемлекеттің дамуында орасан зор рөл атқаратынын ескерсек, біз Елбасының саясат тұрғысынан ойластырып қойған осындай реформалық дамудың ауқымдығын әлі толықтай сезінбей келеміз. Өйткені алда жаңа экомикалық-әлеуметтік мүмкіндіктер, жаңа асулар мен жетістіктер күтіп тұр. Оның орындалуымен негізгі принциптері «100 нақты қадамда» айқын көрсетілгенін ұғынуымыз керек. Бізге әр саланың мамандарына, жалпы халық болып тек осының бәрін тиянақты жүзеге асыру ғана қалып отыр. Сондықтан үлкен жетістіктерге кеңелу үшін бәріміз бірігіп, қажыр-қайратымызды ортаға салып, тынбай еңбектенуіміз қажет.
«100 нақты қадамдағы» алғашқы 15 тарау «Кәсіби аппараттық мемлекет құруға» бағытталған. Мемлекеттік қызметтегілер болашағына алаңдамай, ел үшін еңбек ете алады. Себебі ақша шығындамас үшін тегін баспанамен қамтылады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметкердің жағдайын жақсарту, жақсарта отырып үлкен талап қою, қызметтік этиканы арттыру, жемқорлыққа қарсы шаралар секілді жағымсыз факторлармен күрес кіреді.
«100 нақты қадамның» көпшілігі адами капиталдың жаңғыруына, жаңа технологиялық өсудің, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жаңартуға бағытталған. Демек, жаңа технологиялар, ғылым, білім әлеуеті кез келген мемлекет дамуындағы шешуші рөл атқарады. 6 қадам Қазақстан халқының біртектілігін сақтау, нығайту, «Мәңгілік ел» идеясын жаңдандыруға негізделген.
Соңғы он қадам Ашық Үкімет, қоғамды бақылау, халыққа мейлінше жақын болуды қадағалауға арналып отыр. «Есеп беретін мемлекет қалып-тастыруда» Елбасының көздеп отырған нысанасы – халық мүддесі. Елмен санасу, кез келген мемлекеттік шаруаны, мәселені шешуде халықпен ақылдасу, оған есеп беру, боямасыз нақты атқарылған жұмыстар, болашаққа бағдар келешекте бүге-шүгесіне дейін елдің назарында болмақ. Бұл таңдалып отырған бағыт ішкі саясат құрудағы тың тәсіл, нағыз демократияға қарай қарымды қадам болмақ. «Есепсіз дүние жоқ» демекші, мемлекет халық алдында әр тиын үшін есеп бермек. Бұл аталған маңызды шаралар әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруді тездететін, дағдарысқа төтеп беретін тетіктер, аса маңызды реформалық тапсырмалар.
Қазақстанның экономикалық дамуында сауда-саттық жолдарының орны ерекше. Ал болашақта өткізіледі деп жоспарланып отырған, қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан «ЭКСПО–2017» көрмесі елімізді әлемге бірден танытып, нарықтың төрінен бірақ шығаратын ұтымды мүмкіндік болмақ. Әрі бұл жоба біздің саяси-экономикалық аренадағы орнығуымызды тұрақтандырып, өміршең қылады. Осындай табысты үдеріске ДСҰ-ның ықпалы да оң әсерін береді. Жаңа жобалар, жаңа технологиялар, нано-технологиялар, ғылыми жаңалықтар Сарыарқа төрінде әлемге паш етіліп, адамзат игілігіне бағытталатын болады.
Дереккөз: Айқын-ақпарат