Ұлан ауданы – Шығыс Қазақстан облысындағы байырғы ауданның бірі. Аймақ халқының 3,4 пайызы осы ауданда орналасқан. Әкімшілік орталығы қазақтың даңқты батыры – Қасым Қайсеновтің есімімен аталады.
Жыл сайын көркейіп келе жатқан ауданда бүгінгі таңда 16 әкімшілік-территориялық бірлік, 16 селолық және поселкелік округ, 46 елді мекен бар. 2015 жылдың 1 тамызындағы мәліметке сенсек, бүгінгі таңда мұнда өңір халқының 7 пайызы тұрады, бұл шамамен 40 мыңнан астам адам. Аймақтағы халықтың 70 пайызы – қазақтар, 27 пайызы – орыстар, қалған 3 пайызы өзге ұлттар екенін айта кеткен жөн.
Ұлан ауданының экономикасына назар аударар болсақ, мұнда ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы жақсы дамыған. Аудан көлемінде автомобиль жолы 729 шақырымды құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар 168, облыстық деңгейдегі жол – 162, аудандық маңызы бар жол 22,9 шақырымды құрап отыр. Егер дерекке жүгінер болсақ, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 53,0 пайызы қанағаттанарлық, 3,4 пайызы жақсы жағдайда. Жалпы, Ұлан өңірі арқылы республикалық маңызы бар Өскемен – Алматы және Өскемен – Астана тас жолы өтетінінің өзі аймақтың айрықша екенін айқындағандай.
Өңірдің жағымды әрі тұрақты даму үстінде екенін байқауға болады. Нақты салаларда нәтиже жоғары. Энергетика, жеңіл және тамақ, химия және ағаш өңдеу өндірісі мен құрылыс матариалдары саласы жанданып келеді. Бұл өңірге келушілердің қызыға қарайтын жағы да бар. Ұлан ауданы туристік саласымен мықты.
Аудан ежелден ерекше жаратылған, Алтай сілемдерінің қомақты да жұмбақты бөлігі, асты-үсті тұнған байлық-қарт Қалбатаудың қойыны-қонышын мекендеп, ғасырлар тізбегінде талай тар жол, тайғақ кешу көрсе де, табанын тайдырмаған жаужүрек ердің, жомарт елдің тұрағы. Бұл өлкені жер бетіндегі барлық жолдардың түйісетін географиялық айлаққа немесе торапты стансаға теңеуге болады. Дәл осы Орталық Қазақстаннан батыс Сібірдің ит тұмсығы өтпес орманын, Моңғолия мен Қытайдың құмды шөл даласын кездестіруге болады. Сондай-ақ осы өлкені бір күн араласаңыз, күн нұрына малынған дала мен шыңдарын, қар мен мұз басқан таулардың бір-бірімен ұласып жатқанын байқар едіңіз. Өлкенің тағы бір ерекшелігі мынада: мыңдаған үлкенді-кішілі өзендер мен көлдер, сәнді ауылдар мен кенттер, әсем қалалар айналаға көрік беріп тұрады.
Өңірде «Ұлан пирамидасы» бар. Ертісті бойлай далалы Таврияға қарай бет алғанда египеттік «ХЕОПС» пирамидасын еске түсіретін биіктігі 700 метрге жуық Дулығалы оқшаулана көзге шалынады. Таудың ұшар басы алыстан қарағанда батырдың дулығасындай болып көрінгендіктен де тау Дулығалы деп аталған. Таудың бас жағында табиғаттың құдіретімен жасалған үңгірлер бар.Оның ені бір шақырымнан, ұзындығы екі шақырымнан асып жығылады. Ақ-Бауыр – тас дәуірінің обсерваториясы да келушілерді қызықтырады. Кенді Алтай өңірінің мәдени ескерткіштері тас дәуіріне жататын Ақ-Бауыр кешені болып табылады. Ол туралы көптеген деректерді ескерсек, XIX-ғасырдың аяғы XX-ғасырдың басына жатады. Өткен ғасырдың 80-жылдарында зерттеу жүйесі басталып, қызықты тас бетіне өрнектелген бейнелер Ақ-бауыр Қалба тауларында Сағыр (Ленинка) ауылының шетінде, Өскемен қаласынан 38 шақырым қашықтықта орналасқан.
Ұлан ауданындағы аумағы атшаптырым жерді алып жатқан «Шыбынды көл» сұлулылығымен ерекшеленеді. 20 мың гектар аумағы бар «Қайыңды орманынан» 200–300 жылдық қайыңдарды ұшыратуға болады. «Інжу-Маржан Сібе көлдері» аймағы адамдарды қарағайлы орманымен ғана емес, жер бедерінің әсемдігімен, тау ауасымен, мөлдір өзен-бұлақтарымен, айнадай жарқыраған көлдерімен өзіне тартып тұрады. Қалбаның гранитті өңіріндегі көлдердің денсаулықты жақсартудағы маңызы ерекше.
Сұлулығымен тамсандырған өңірде шағын және орта бизнес те дамып келеді. 2015 жылдың 1 қыркүйегіне дейінге мәліметке назар аударар болсақ, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, аталған сала 31,1 пайызға өскен. Қазіргі таңда шағын және орта бизнеспен айналысатын 173 кәсіпорын бар екенін айта кеткен жөн. Бұл саланың жандана түскенін мына бір деректен-ақ аңғаруға болады: мұның ішінде белсенді жұмыс істеп тұрған кәсіпорын 90-нан астам. Демек, нәтиже өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артқан.
Бұл шағын кәсіпкерліктің жайы десек, жетекші өндіріс бағытында да көрсеткіш жоғары. Үстіміздегі жылдың 8 айында өндіріс орындары 11110,3 млн теңгенің өнімін өндірді. Өндіріс орындарының басым бөлігін, атап айтқанда 90,4 пайызын өндеу саласы құрайды. Тау- кен өндірісінде де алға жылжу бар. Сондай-ақ ауданда 23,3 мың тонна ет өндірілді, сүт – 39,4 мың тонна, жұмыртқа – 14, 9 млн дана өндірілді. Ірі қара мал да 57, 3 мың басқа жетті, оның – 21, 6 мыңы сиыр, қой мен ешкі – 114,6 мың шамасында. Жылқының саны – 22,5 мыңнан асты.
Жалпы айтар болсақ, халықтың әлеуметтік жағдайы өңірдің экономикалық дамуына да байланысты екені сөзсіз. Бұл ретте 2015 жылдың екінші тоқсанында халықтың орташа еңбекақысы 85589 теңгені құрады.
Елбасы жыл сайынғы Жолдауында аймақтағы индустриялық-инновациялық бағдарламаның дамуына басты назар аударып келеді. Инвестиция тартып, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету – үлкен шаруа екені белгілі. Осы орайда Ұлан ауданында индустриялық-инновациялық бағдарлама негізінде 3 жоба жүзеге асып жатыр. Жылдық құны 3351,3 милион теңге тұратын «Өскемен құс фабрикасында» құс етін 20000 тоннаға дейін кеңейту мәселесі тұр. Сонымен қатар «Өскемен полиэтилен құбыры зауыты мен ет және үй құстары құрылысы зауытын салу да өзекті. 2014 жылы да бірқатар жобалар жүзеге асты. Атап айтар болсақ, Саратовка селосының маңайында уылдырық және бекіре тұқымдас балықтың етін өңдеу жобасы басталды. Мұндағы мақсат – балық өнімдерін Қазақстанға және елден тыс жерлерге тарату. Сондай-ақ «Өндіріс 2» бағдарламасы бойынша «Болашақ» КХ жоғары сапалы ет өнімдерін дайындауды іске асырмақ. Бұл ретте өндіріске инвестициялық салым 3000 млн теңге шамасында, оның ішінде 120 миллионы кәсіпорының өзінікі болса, 180 млн теңге «Сбербанк» арқылы алынып отыр. Егер бұл жоба жүзеге асатын болса, онда кәсіпорын жылына 200 тонна сиыр еті, 100 тонна жылқы, 400 тонна қой етін нарыққа шығармақ. Жабдықтардың барлығы да Ресей, Словакия және өз республикамыздан әкелінеді. Жобаны жүзеге асыру мерзімі қырқүйектің аяғы болмақ.
Бұл ғана емес, ауданда «Алтын асық, «Құлан», «Жол картасы жұмыспен қамту – 2020», «Тұрғын үй – 2020», «Жасыл экономика» және тағы да басқа мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар орындалып жатыр.
Әрине, аталған аудан экономикасының өсуі мен халықтың жұмыспен тұрақты қамтамасыз етілуі, ең алдымен, басшыға қатысты екені сөзсіз. Бұл орайда жас та болса, іскерлігімен танылып жүрген Ұлан ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дулат Қажановтың еңбегі қажырлы деп айтуға болады. Мықты менеджер ретінде ұйымдастыру жұмыстарымен көзге түсіп, еңбегінің нәтижесі көріне бастаған Дулат Зайсанбекұлының мақсаты айқын. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың тапсырмаларын уақытылы орындау. Сонымен қатар ел бюджетін ысырап етпей, қаржының дер кезінде жұмсалып, тиісті нысандардың өз шағында аяқталуы.
– Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы халыққа зор серпін берді. Біз халықтың ортасында отырғандықтан көпшіліктің тілегін барынша қанағаттандыруға тырысамыз. Президенттің «100 нақты қадам» халықтың реформасын жүзеге асыру – басты міндетіміз. Сондықтан елдік мүддені көздейтін бұл тарихи құжат бәріміздің басты тұғырнамамызға айналуы керек, – дейді Ұлан ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дулат Қажанов.
"Қамшы"сілтейді
Дереккөз: Айқын-ақпарат