Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар өміріміздің мәні мен сәніне айналғалы қашан. Бүгінгі күнде интернетсіз және ұялы телефонсыз өмірді елестету мүмкін емес. Қазіргі заманда компьютер мен сымсыз байланыстарды меңгермеген жан ХХ ғасырдың басындағы жазу-сызуды, оқуды білмеген адаммен тең. Осыны ескерген Мемлекет басшысы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында елімізді ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың ең үздік үлгілерімен қамту мәселесіне кеңінен тоқталып, тиісті органдарға бірқатар тапсырмалар жүктеген еді.
Аталған Жолдауында Елбасы: «Біз бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізуіміз керек», деген еді. Ақпараттық технологиялар мен ақпаратты таратудың жаңа нысандарына бағытталған мамандандырылған білім беру бағыттарын құру міндеті мен он-лайн тәсілінде оқыту тәжірибесін дамытып, елімізде оқу теледидарын құру қажет екендігі де осынау мелекеттік құжаттан орын тапқан. Себебі, халықты ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен толық жарақтандырып, оны жеткілікті деңгейде меңгерту үшін бірінші кезекте білім беруді тиянақтап, саланы игерген сапалы мамандар жасақталуы ләзім. Осыған орай, бүгінгі күні білім беру жүйесі жаңа педагогикалық технологияға негізделуін және ақпараттық құралдардың кеңінен қолданылуын қажет етеді. Мамандардың пікіріне жүгінсек, оқу-тәрбие үрдісінде жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану заман талабынан туындап отыр.
Ашық Үкімет, ашық қоғам құруды мақсат етіп қойған Қазақстан ақпараттық-телекоммуникациялық технологияның электронды есептегіш техникасымен жұмыс істеуге, компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электронды оқулықтарды, интерактивті құралдарды қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына басты назарды аударып отыр. Ақпараттық әдістемелік материалдар коммуникациялық байланыс құралдарын пайдалану арқылы үнемі білім беруді жетілдіріп жүруді көздейді. Өйткені, ақпараттық-коммуникациялық технологияның келешек ұрпақтың жан-жақты білім алуына, іскер әрі талантты, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашатын педагогикалық, психологиялық жағдай жасау үшін де тигізер пайдасы мол болмақ. Себебі, ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет заманы, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениетіне мұқият қарайтын дәуір. Оның жарқын мысалы – Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен «ХХІ – ғасыр ақпараттандыру ғасыры» деп аталғаны. Қуанарлығы, қазіргі кезде біздің еліміз де ғылыми-техникалық прогрестің негізгі белгісі – қоғамды ақпараттандыру болатын жаңа кезеңіне енді.
Интернеттiң мүмкiндiгi шексiз. Талғамыңыз бен көңiл-күйiңiзге қарай одан сiздi қызықтыратын көп нәрсе табуға болады. Yйден шықпай газеттiң тың нөмірiн парақтағыңыз келеме, мейiлiңiз. Тек WWW немесе Web деп аталатын әлемдiк шырмауықты қолдансаңыз жетедi. Гиперсiлтеме жүйесi арқылы қажеттi басылымыңызды қас-қағым сәтте тауып аласыз. Интернеттен ғалым да, бизнесмен де, компьютерлiк ойын әуесқойы да, бәрi-бәрi қажет мәліметін табады. Интернет осылай күнделiктi тұрмыс пен жұмыстың айнымас құралына айналып келедi. Оның негізі АҚШ-та жасалғанмен, нақты иесі жоқ. Әрбір үкімет, компания, университет ақпараттық қызмет ұсына отырып, бұл желінің тек қана өз бөлігіне иелік етеді. Осы ойға ойыссақ, интернетке жеке-дара ешкім де қожалық жасай алмайды. Сондықтан ол шын мәнінде адамзаттың әлемдік қазынасы болып табылады.
Біздің елімізде ақпараттық қоғамның біріне ғана екпін жасалды. Халықаралық рейтингтерге зер салсақ, сәтті іске асырылған электронды үкіметті қалыптастыру мен дамыту ісі жүйелі жүргізіліп келеді екен. Алайда, ақпараттық қоғамды қалыптастыру міндеті әлбетте тек электронды үкімет пен телекоммуникация саласын дамытуға қарағанда әлдеқайда кеңірек.
Сондықтан, ақпараттық қоғамға көшуге ықпал жасайтын барлық қажетті жағдайларды қарастыру үшін және Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы әзірленді.
Бағдарламаны дайындау барысында ақпараттық қоғамды құрудың халықаралық тәжірибесіне және бірқатар маңызды құжаттардың ережелеріне сүйене отырып, төрт негізгі бағыты анықталды. Олар – мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігін реттеу, қоғамды әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамытуға арналған ақпараттық ортаны құру мен отандық ақпараттық кеңістікті дамыту. Аталған бағыттардың шеңберінде АКТ-ны жер-жерде енгізу арқылы мемлекеттік басқаруды жетілдіріп, ашық әрі ұтқыр үкімет құрылады. Нәтижесінде, ақпараттық инфрақұрылымның қолжетімділігін дамыту бойынша міндеттер шешіледі.
Ақпараттық қоғамды дамыту – адами ресурстарды дамыту екені мәлім. Сондықтан, азаматтарға электронды білім алу арқылы ақпараттық технологияларды игеруге және олармен жұмыс істеуге дағдыланған жөн. Бұған қоса, өмір бойы оқуға және дайындалуға, қашықтан жұмыс істеуге, қолжетімді электронды денсаулық сақтау қызметтерін алуға жағдай жасалуы керек. Осының бәрі аталған бағдарламада бар. Сондай-ақ, еліміздің ашық, қолжетімді және бәсекелестікке қабілетті экономикасын құру үшін, бағдарлама арқылы шаруашылықтың негізгі салаларына зияткерлік жүйелерді барынша көп енгізу көзделген. Ақпараттық қоғамға көшу саясатының тиімділігі, АКТ-ны кеңінен қолданып, электронды қызметтерді көрсету жөніндегі бизнес пен мемлекеттің күшін шоғырландыруға байланысты болады.
«Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы еліміздің ақпараттық қоғамға көшу стратегиясын жүзеге асырудың қорытынды кезеңі болады, дейді мамандар.
Дереккөз: Егемен Қазақстан