Таудың баурайындағы бұлақтар мен қайнар көздері бір-біріне қосылып өзенге айналады. Анау алыста жатқан тауды айтпағанда ауылдың әр- әр жерінен қайнап шығып жатқан сулардың жылғаланып келіп өзен арнасына қосылып жатқанын көруге болады. Ауылды екіге жарып асықпай, маңғаздана ағып жатқан өзеннің мөлдірлігіне бөтен адамның таңырқап қарайтыны бар. Ал, тіршілігін осы судың жағасына сабақтап, тамырын осы судан нәрлендірген ауылдықтарға оның мөлдірлігі білінбейді де... Құдды су біткеннің барлығы осындай тұп-тұнық болуға тиіс іспетті. Жаздың ағыл да тегіл ақтарылып түскен жаңбыры жауғанда ғана өзен аздап сыр береді. Онда да табиғатына тән тұнықтығын болмашы тамшыға бола лайлап алмайды. Тек жауын жауған мезетте өзен жағалай қалсаңыз, балықтың иісін сезер едіңіз. Әншейінде бар мен жоғы білінбейтін, балалар ермек етіп аулап, қайтадан босата қоятын балықтарға жауынды күні оттегі жетіспей қалады. Осылайша олар өзеннің құшағынан тысқа қарай қашқысы келеді. Қашып қайда барады десеңізші... Таңда малын өріске өргізіп, кеште күтіп алатын ауылдың бейғам тірлігінен сұлудың көз жасындай саф өзен де ешқайда қашып кете алмасын әбден түсінген іспетті. Тұнық өзеннің аты жоқ. “Негізі өзен деген үлкен болады, біз көз алдымызда қайнарға қайнар қосылып ағып жатқан арықты өзен дейміз-ау” деп қойып жүре беретін ауылдықтардан сәл жырақ орналасқан жалғыз ғана тау бар. Бұл ауылдың бар малы сол таудың жағасына жармасады. Оны да менсінбей сөз сабақтайтындар аз емес. “Тау дегеннің жотасы, сілемі болады. Бөктері мен белесі бар болуы тиіс. Әні анау көз ұшындағы Майтөбе мен Суықтөбеге қарашы. Бұлтпен таласуға қауқары бар. Ал біздің мына жалғыз шоқыны тау деуге, тіпті шоқы деуге болар ма екен?-”, деп шырт түкіріп қойып, сол жалғыздың шөбінің басын шалып жүрген малын қайтарып өтіп бара жататындары... Расында да Дегерес жалғыз ғана төбе болатын. Жалғыз болғандықтан көзінен мөп-мөлдір жас шығарып солқылдап тұрып жылайтын. Ауылдықтар оның өзіне қарағанда көзінің жасын жақсы көретін. Дегерестен жырақтау, өзенге жақындау орналасқан ауылдықтар оның жалғыздығын бір сәтке де сезініп көрмеген болар. Жылай-жылай жалығып, бір күні көзінің жасын тыя қалса, бұл аймақта тіршіліктің түбегейлі тоқтайтынын да парықтап жатқан ешкім жоқ. Жоқ. Дегестің жалғыздығы көрген адамның жанын жабырқатпайды. Көзінің жасы бір сәтке де тоқтамайтын төбе өзіне жақындаған адамның баласына айтпағының көп екенін аңғартады. Көктем шыға салысымен оның қара тасына қаулап өсетін жуаның жөні бөлек. Жауынды көктемде аппақ гүл ашқан тобылғыны көрсеңіз ғой. Жердегі нысанасын аспаннан аңдыған ақиықтың айнала ұшып жүргенін де бұл өлкенің баласы таңсық қылмайды. Таудың етегінен ұшар басына дейін жабысқан қара тастардың қайбірінде бағзы заманнан сыр шертетін таңбалы суреттер бар. Серкені алдыға салып ауыл қойын осылай қуалай айдап келген қара баланың әлі ұйқысы ашыла қоймаған. Кенет, көзіне тасты өрмелеп биіктеп шығып бара жатқан ақ ешкісі көрінді. «Ақ ешкі шөптің құнары мен дәмдісін біледі» деді де етектегі жалғыз қара тасқа жайғаспақ ниетте әлгінің ыстық суығын байқамақ болып қолымен ұстады. Қолымен ұстаған тұсына көз тоқтатып тұрып қалды. Күн әлі көтерілмегендіктен тас жыли қоймапты. Бірақ қара бала тасың суықтығына таң қалып тұрған жоқ. Анау алтын тапқандай шөптің шұрайлысының дәмін татуға лақтарын қасына шақырып әуре болып өріп бара жатқан ақ ешкінің сұлбасы таста тұрғаны баланы қайран қалдырды. Құдай-ау не деген ұқсастық. Қара бала суретті кім салғаны, немен салғаны туралы ойланып жатпады. Суық қара тасқа шапанын төсеп отыра кетті. Дегерес қойнауындағы қара тастың сырына үңілмеген бала үшін тағы да егіле түсті.
Айнұр Төлеу