РУХАНИЯТ ТАМЫРШЫСЫ

/uploads/thumbnail/20250326122121049_big.webp

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеудің республикалық, ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері Талас Омарбекұлы биыл 29 мамырда 77 жасқа толар еді.

      Ғалым ағамыздың өмір жолына тоқталар болсақ, Талас Омарбеков 1948 жылы 29 мамырда Жамбыл облысының Байзақ ауданы Ақжар ауылында дүниеге келді. Ол орта мектептен соң сол кездегі Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих факультетін бітіріп, 1971 жылы Жамбыл облысының Жуалы және Байзақ аудандарында тарих пәнінің оқытушысы, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

 1972 жылдан бастап жас тарихшы өзі еңбек ететін Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Чапаев атындағы орта мектепте алғаш рет «Тарих және археология» музейін ұйымдастырды.  1972 жылдары республикалық баспасөз беттерінде тарихты оқыту әдістемесіне арналған көлемді мақалаларын жариялай бастады. Бұл туралы кезінде республикаға белгілі ғалымдар К. Ақышев, Т. Тұрлығұлов өз еңбектерінде жазды. Сонымен бірге 1972 жылдан бастап Т. Омарбеков Республикалық баспасөз беттерінде тарихты оқыту әдістемесіне, тарихпен тәрбиелеуге арналған өзінің көлемді мақалаларын жариялай бастады. Республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде және «Қазақстан мектебі» журналында оның осы мәселелерге байланысты еңбектері жүйелі түрде жарияланды.

  1977 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің аспирантурасына қабылданды. 1982 жылы кандидаттық диссертациясын Киров атындағы ҚазМУ-де қорғады. 1991 жылы Қазақ Ұлттық университетінің (ол кезде ҚазМУ) тарих факультетіне доценттік қызметке шақырылды. 1991-1995 жылдар аралығында ол осында қажырлы да жемісті еңбек етіп, жаңа зерттеулер жасады. Оның қазақ тарихының өзекті мәселелеріне арналған 7 монографиялары мен кітаптары, 200-ден астам ғылыми еңбектері белгілі. Солардың ішінде «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» (1997), «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселері» (2001), «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» (2004) секілді танымал еңбектері бар. https://farabi.university

          1994 жылы ол Академик К. Нұрпейісовтың ғылыми кеңесшілігімен докторлық диссертация қорғады. Диссертациялық жұмыс «Қазақ шаруаларын меншігінен айыру және күшпен ұжымдастыру» тақырыбына арналды. Т. Омарбек 1991 жылы бүгінгі әл-Фараби атын-дағы Қазақ ұлттық университетіне қызметке ауысады. Осы кезеңнен бастап ғалым-ұстаздың тағдыры арадағы жеті ай мерзімді есептемегенде (1994 жылдың қазан айынан 1995 жылдың сәуіріне дейін М. Тынышбаев атындағы транспорт және коммуникация академиясында Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланыста өрбіп келеді.

         Алғашында Білім жетілдіру институтында кафедра меңгерушісі, Тарих факультетінде профессор, ал 2001-2010 жылдар аралығында Қазақ халқының ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы кафедрасының, ал 2011 жылдан университеттегі үш кафедраны қосып жасалған Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.

           1997-99 жылдары ҚазҰУ жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беретін диссертациялық кеңестің алғашқы төрағасы болғаны белгілі. Сондай-ақ, оның өзінің тікелей ғылыми жетекшілігімен 31 ғылым кандидаты, 7 ғылым докторы, 3 PhD дайындалды. 2007 жылы ҚР Білім және ғылыми министрлігінің «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері атанды. 2009 жылы Елбасының шешімімен «Құрмет» орденімен марапатталды. 2008 жылы Байзақ ауданының «Құрметті азаматы» атағына ие болды. 2011 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің арнайы «Қазақстан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісі берілді.

            Ғалымның жаңа бір белесі қазақ халқының этникалық тарихын зерттеу мәселелерімен байланысты болды. 2005 жылы жеке демеушілердің қолдауымен «Алаш» тарихи-зерттеу орталығын ұйымдастырып, оның директоры қызметін атқарды. Осы орталықтан Т. Омарбековтің жетекшілігімен және авторлық қатысуымен «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» жобасы бойынша 30 томнан тұратын монографиялық еңбектер жарық көрді.

          Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша да ғалымның жетекшілігімен және авторлығымен «Қазақтың этникалық тарихы» ғылыми жобасы негізінде 9 томнан тұратын еңбектер баспадан шықты. Осы бағыттағы ғылыми зерттеулер жалғасын тауып, «Қазақ түркілерінің этникалық тарихы (б.з.б. І мыңжылдық -б.з. ІХ ғасыры)», «Қазақ түркілерінің шығу тегі» (IX-XIY ғғ.) атты жеке монографиялары баспадан шықты.

          Ғалымның келесі кезеңі көшпелілер өркениетінің мәселелерін зерттеуге ұласты. Ол 2013 жылы Ел-басының «Халық тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанынан «Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерделеудің республикалық ғылыми-зерттеу орталығын» құрып, директоры әрі ғылыми жетекшісі ретінде танылды.

         Орталықтың айқын жетістігі - Т. Омарбековтің тікелей ұйымдастыруымен әрі ғылыми жетекшілігі, авторлығымен жарияланған 4 томдық монографиялық зерттеу және «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы» оқулығы. «Орталық Азияның көшпелілер өркениетінің тарихы» деп аталатын зерттеудің жалпы көлемі 80 баспа табаққа жуық. Ал 4 кітаптан тұратын, ҚР БҒМ бекіткен «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы» деген оқулық университет студенттеріне арналған. Бұлар шын мәнінде Қазақстанның тарих ғылымында бұрын-соңды жазылмаған, жаңа, көлемді де іргелі еңбектер. Академик Т.Омарбековтің бүгінгі таңдағы жарияланған тарихи және тарихи-танымдық еңбектерінің жалпы саны 500-ге жуық. Ғылыми еңбектері алыс және жақын шет елдерде өткен халықаралық 5 конференцияларда баяндалып, материалдар жинақтарында және жоғарғы импакт факторлы беделді шетелдік басылымдарда жарияланды. 

Ж.М. Арынов

Т.ғ.к, аға оқытушы,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Қазақстан, Алматы қ., e-mail: arynov2050@gmail.com

Н.Д. Мырзатаев,

                                                         Заң факультеті, Азаматтық құқық және азаматтық іс   

                                                                    жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының PhD доктор 

Қазақстан, Алматы қ., e-mail: muxametnur@mail.ru

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар