XX ғасырдағы Кеңестік дәуірдегі Қазақ тарихы мен Кенесары Қасымұлын тануға алғаш болып Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ер тұлға Ермұхан Бекмахановтың туғанына 110 жыл толып отыр. Тұлғаның тағдыры, қазақ тарихына қосқан үлесі жайлы «Ермұхан Бекмаханов қалай қуғындалды?» деген сұрақтар барша Қазақты мазалары анық. Олай болса ғалымның өміріне шолу жасасақ.
Ермұхан Бекмаханов қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданының Төре ауылында дүниеге келген. Әкесі кішкентай кезінде қайтыс болады да, бұдан кейінгі тәлім-тәрбиесі анасы Бәпіш Қоңырбайқызының қолында өтеді. Алғаш сауатын болашақ тарихшы ауылдағы шолақ мектепте ашып, артынан 1926 жылы Баянауылдағы орыс мектебінде жалғастырады.
Ғалымның жастық шағы туралы белгілі жазушы ағаларымыз Зейтін Ақышев, Дихан Әбілев өз естеліктерінде жазған. Олар болашақ тарихшының бала кезінен сезімталдығы, бірбеткей, өткірлігі, зеректігімен қоса тарих пәнін сүйгендігін, өнерге де бір табан жақын тұрғандығын және өз жанынан өлең жазатынын тілге тиек етеді. Баянауылдағы орыс мектебін аяқтағаннан соң ол Семей қаласындағы жоғарғы оқуға дайындайтын жедел курсты аяқтайды. https://farabi.university
Сөйтіп, Воронеж педагогика институтының тарих факультетіне түсіп, 1937 жылы тәмамдайды. Ермұхан Бекмаханұлы қазақ тарихының нағыз жанашыры болды. Воронеж педагогикалық институтының тарих факультетінде оқып жүрген Ермұхан 1936 жылы сол қалада айдауда жүрген Алаш қозғалысының белді мүшелері Халел Досмұхамедовпен және Мұхаметжан Тынышбайұлымен кездескен. Жоғары білімді, озық ойлы Алаш зиялылары жас тарихшымен ой-пікірлер алмасып, болашақта үлкен ғалым болуына ықпал етеуі содан болар.
Осы оқу орнында оқып жүргенінде Бекмахановтың қазақтың соңғы ханы Кенесарыны зерттеуге кірісуіне түрткі боларлық бір оқиға орын алады. Осы жөнінде ғалымның жұбайы Халима Адамбекқызының естелігі: «Воронежде жүргенімде үнемі бір қазақ кісіні көретінмін», - дейтін Ерекең. «Осы кісі шынында да қазақ болса ғой шіркін» дейтінмін. Шет жерде қандасыңды ұшырату қандай керемет! Көпке дейін бата алмай жүрдім де, бір күні ақыры жанына барып, «аға, сіз қазақсыз ба?» деп сұрадым. Ана кісі «Иә балам, мен қазақпын» демесі бар ма?!». Сөйтсе, ол Воронежге жер аударылған алаш ардақтыларының бірі Халел Досмұхаммедов екен. Солайша екеуі үнемі кездесіп, әңгімелесіп тұрады. Халел Досмұхаммедов өзі дәрігер болса да, тарихты жақсы білген зиялы адам. Ал, Ерекең ол кезде ауылдан енді ғана шыққан, өзі орысша оқыған студент. Сондықтан Ерекеңе Кенесары ханды зерттеуге бағыт берген де солі Халел Досмұхаммедов шығар деймін кейде...»- деген еді.
Оқу бітірген соң Е. Бекмаханов Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында жұмыс істеді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Республиканың халық ағарту комиссариатының басқарма бастығы болды. Сонымен бірге Алматы ЖОО-ларында дәріс оқыды. 1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Ермұхан Бекмаханов жайында Халық қаһарманы, Академик Шапық Шөкин былай десе керек: «Ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермұхан Бекмаханов уақыт бедеріне бағынбаған, шыншыл ғалым болатын. Ол докторлығын екі рет қорғады. Еңбегінің нашарлығынан емес, тыйым салынған Кенесары тақырыбына жазылғандықтан...» деген еді.
Бұл бағытта Ермұхан Бекмаханов та көп еңбек сіңірді. Жинақталған материалдарға сүйене отырып, оған кандидаттық диссертация жазу ұсынылды. Осы кеңеске сүйене отырып, Бекмаханов «Ұлттық азаттық қозғалыстағы Кенесары көтерілісі» тақырыбында диссертация дайындап, 1943 жылдың 28 мамырында Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Тарих институтында оны сәтті қорғап шықты.
Алайда, 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген бұл еңбегіне буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеді, Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалысты ақтады деп айып тағады. Сол уақыттарда, Ермұхан Бекмахановтың еңбегіне қарсы шыққан Кеңес Одағы Ғылым академиясының мүшесі, профессор А. И. Яковлев әділетсіз баға беріп, бұл кітаптың орыстарға қарсы жазылған зиянды еңбек екенін мәлімдеді. Мұндай пікір Сталиндік сыйлық комитетінің соңғы отырысында мүшелерді алаңдатып, нәтижесінде кітап марапатқа ие бола алмады. Яковлевтің пайымдауынша, барлық кеңестік республикалардың тарихы «орыс ұлтының мүддесі тұрғысынан» жазылуы керек еді. Оның пікірінше, әр елдің, әрбір республиканың ұлттық тарихын жеке-жеке жазу интернационализм қағидаларына қайшы келетін және зиянды әрекет болатын. Кітапты жазу барысында түрлі пікірталастар туындады. Бірақ тарихшылар жаңа тақырып болғандықтан, өз жұмысын зор қызығушылықпен атқарды. Осылайша олар қазақ жеріндегі ұлт-азаттық күрес тарихын зерттеуге басымдық берді деп жазған еді.
1947 жылы жас тарихшы кейін өзіне үлкен даудамай әкелген, десек те ғалымдық тұлғасын тарихта қалдырған ұлы еңбегі «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты ғылыми монографиясын жарыққа шығарады. Осы еңбектің шығуы мұң екен, ғалымның соңынан қара бұлт үйіріліп, жас тарихшының алдына тосқауыл қойған теріс пиғылды әріптестері бірден қаралауға кіріседі. Осының басықасында М. Ақынжанов, Т. Шойынбаев сынды қара тобырлардың бел шешіп қарсылық көрсеткенін білеміз.
Олардың арасында кейін Кеңес Одағының тарих ғылымы мен тарихнамасында маңызды тұлғаларға айналған А. Л. Сидоров, А. М. Панкратова және Н. Н. Ванаг сияқты тарихшылар болды. Міне, сол А. М. Панкратова 1940 жылдары Ермұхан Бекмахановтың ғылыми жетекшісі болып, оған айтарлықтай қолдау көрсетті.
Ғалымның ғылыми ұстазы А.М. Панкратова Қазақстан Орталық Комитетінің хатшысы І. Омаровқа 1949 жылы жолдаған хатында: «... Я совершенно не понимаю, почему грузинские цари или узбекские ханы могут считаться при аналогичных исторических условиях прогрессивными деятелями, а казахи должны чернить Аблая или Кенесары Касымова? Я ни в коем случае не могу стать на антиисторический путь оценки этих виднейших деятелей казахской истории», - деп жазса керек.
Көрнекті ғалымның бұдан кейінгі ғұмыры Алматыдағы ғылыми-зерттеу институттарында, Мемлекеттік университеттің тарих кафедрасында, Орталық Комитеттің лекторлар тобында өтеді. Ол «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» еңбегінің авторы. Сонымен қатар Ермұхан Бекмаханов қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі туралы зерттеулері үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған тоталитарлық жүйенің құрбаны да еді.
1952 жылдың 5 қыркүйегінде Ермұхан Шу қаласында сабақ беріп жүргенде ұсталды. НКВД қызметкерлері оның Алматыдағы жұмыс бөлмесін де тексерді. Бекмахановқа «Совет үкіметіне қарсы пікірлер айтып, 1942-1951 жылдары ұлттықшыл идеялар таратты және антисоветтік үгіт-насихат жүргізді» деген айып тағылды. Айып РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы, 2-тармағы, 10-тармағына сәйкес келді. Ол Алматыдағы НКВД түрмесінде қамалып, 1952 жылдың 2 желтоқсанында сотқа тартылды. Сотқа үш күн уақыт кетті. 1952 жылдың 4 желтоқсанында Е. Бекмаханов 25 жылға еңбекпен түзеу лагеріне айдалып, жазаланды. Е. Бекмаханов ешқашан үмітін үзген жоқ. Әйеліне жазған хаттарында: «Ақырында әділдік орнайды. Барлығы бұрынғыдай болады» деп жазды. Сонымен қатар ол Совет Одағы мен Қазақстан Коммунистік партиясының басшыларына әділетсіз жазаланып жатқаны туралы хаттар жазып, өзінің жазықсыз екенін дәлелдеуге тырысты. Ақырында, Сталиннің өлімінен кейін 1953 жылы оның табандылығы өз нәтижесін берді. 1954 жылдың ақпанында босатылды.
Алайда, 1951-1953 жылдар аралығындағы кезекті науқанда қазақтың бетке ұстар әдебиеттанушылары мен тарихшылары да қуғындалады. Осы тұста Е. Бекмаханов 25 жылға сотталса, ұлтымыздың маңдайалды ұлылары Қ. Сәтбаев, М. Әуезов, А. Жұбанов қызметтерінен алыстатылады. Сталин қайтыс болғаннан кейін Е. Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда ақталып шықты. Бостандыққа шыққан соң, тарихшы ғылыми еңбектер жазуды қайтадан қолға алды. Оның «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты еңбегі 1957 жылы Мәскеудегі «Наука» баспасынан 30 баспа табақ көлемінде жарық көрді. Өмірінің соңғы он жылында өнімді еңбек етіп, терең мазмұнды ғылыми еңбектер жазды, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихы оқулығын жазды. 1957-1959 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде өзі негізін қалаған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды. Ғалым 1966 жылы небәрі 51 жасында ауыр сырқаттан көз жұмады. Алайда, қазақ тарихын зерттеу кезінде өзінің бойына біткен ерекше дарындылығымен, есімі ғылыми ортаға таныла білген, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби тарихшы, өмір жолы мен ғылыми мұрасы келер ұрпақтың жадында мәңгілік сақталатынына еш күмәніміз жоқ.
Ж.М. Арынов,
Т.ғ.к, аға оқытушы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Қазақстан, Алматы қ., e-mail: arynov2050@gmail.com
А. Бегалиева,
Аға оқытушы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Қазақстан, Алматы қ., e-mail: aysha.1958@mail.ru
Пікір қалдыру