Мемлекет басшысы 2025 жылғы 10 сәуірде Ғылым күні қарсаңындағы ғалымдармен кездесуінде әлемде жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
Тоқаев жасанды интеллект саласында Қазақстанның алдыңғы қатардан көрінуіне толық мүмкіндігі бар екенін айтты.
"Адам капиталы – еліміздің бұл бағытта атқаратын жұмысының басты кепілі. Яғни талантты және білімді азаматтарға арқа сүйейміз. Сондықтан ІТ мамандарын даярлауды күшейтіп, оқушылар мен студенттерге жасанды интеллект дағдыларын үйретеміз. Отандық ғылымда мұндай келешегі зор бағыттар көп. Жалпы, ғылымның жүйелі дамуы үшін мемлекет пен бизнес, университеттер мен ғылыми орталықтар күш біріктіруі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұнымен қоса, отандық ғылымның алдында тұрған бірқатар маңызды міндетке назар аударды.
"Стратегиялық міндеттердің бірі – ядролық ғылым мен технологияны дамыту. Бұл салада Қазақстанның әлеуеті зор. Алматыдағы Ядролық физика институты мен Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық сияқты алдыңғы қатарлы ғылыми мекемелер іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіп, мамандар даярлап келеді. Атом энергиясын өндіру – тұрақты энергия көзі ғана емес, экономика мен ғылымның жаңа бағыттарын дамытудың негізгі кілті. Бұл ретте ядролық медицина, сутегі энергиясы, суды тұшыту, синтетикалық отын өндіру, шағын модульді реакторлар және тағы басқалары туралы сөз болып отыр. Осы бағытта зор табысқа жету үшін зерттеу инфрақұрылымын нығайту, ғылыми жұмысты күшейту, инженерлік білім беруді жаңғырту қажет. Президент жанындағы Ғылым және техника жөніндегі ұлттық кеңестің алдағы отырысында атом энергетикасын дамыту күн тәртібіндегі басты мәселе болуға тиіс. Сондай-ақ мен Ұлттық құрылтайда ғылым қалашықтарын құру мәселесін көтердім. Ұлттық кеңес осы жұмысқа айрықша назар аударуы қажет, – деді Президент.