АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайды қоспағанда, әлем елдерінің тауарларына бұған дейін жариялаған баж салығын 90 күнге тоқтатты.
Бұл туралы Америка президенті Truth Social-да жазды. Ол Қытай бірден күшіне енетін, 125 пайыз көлеміндегі кедендік баж салығының жоғары мөлшерлемесіне ұшырайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, бұл қадам "Қытайдың әлемдік нарыққа көрсеткен құрметсіздігінен" туындаған.
Трамп әлемнің 75-тен аса елі АҚШ-ты сауда және сауда кедергілері бойынша келіссөз жүргізуге шақырғанын және Америка Құрама Штаттарына қарсы ешқандай әрекет жасамағанын мәлімдеді. Ол қандай елдер үшін баж салығы тоқтатылатынын нақтыламады.
Ақ үй АҚШ-тың барлық дерлік импортына 10 пайыз көлеміндегі баж салығы күшінде қалатынын мәлімдеді. Бұл хабарландыру қазірдің өзінде бар, көлікке, болат пен алюминийге салынатын баж салығына әсер етпейтін секілді.
Айта кетейік, жуырда Қытай АҚШ-қа жауап ретінде тариф жариялап, тауарларға жалпы баж салығын 84 пайызға жеткізген болатын.