«Жеңіс күні» нағыз бүлікшілердің бетпердесін ашты(видео)

/uploads/thumbnail/20250511183152474_big.webp

«Ұлы отан соғысы» дедік, «Жеңіс күні» дедік... Талағымыз айырылғанша той тойлап, дүбірлетіп парад өткіздік. Бүкіл баспасөз таңдайы кепкенше тақылдады. Осының бәрі айналып келгенде орыс пен орыссүйгіш отандастарымыздың көңілін табу, тіпті, Ресейдің ығына жығылу екені айдан анық. Иә, мұндай науқаннан қазақтың қазынасы таусылып, ұпайы кеміп қалады деп отырғанымыз жоқ. Оның үстіне жазықсыз жан алысып, жан берісіп, Совет одағы үшін құрбан болған ата-апаларымыздың аруағын да ұмытпағанымыз жөн... Дегенмен дүбірлі мерекенің берекесін қашырып, «бүлікшіл» бетперделерін ашқан «арандатушылардың» көбейгенін несіне жасырамыз? Қызыл туды желбіретіп, сәбеттің әнұранын шырқаған «шұбар жыландар» дәл биылғыдай көп болмаған. Көргілікті іштен шыққан іріткілерден көретінімізді аңғартқан мұндай бассыздыққа әр қазақ көз жұмбауы тиіс. Терең ойлануы міндет. 

     Орыс - Құдай қосқан көршіміз. Жер анамыздың жеті мың километр етегіне жайғасқан Алтын орданың жұрнақ жұрты. 250 жылға жуық Бату ханның билігіне бас ұрған Русь княздықтарының бүгінгі жалғасы. Абылай ханнан кейінгі арпалыс кезеңнен санасақ тарлан тарих бізді де, Алтын Орданың тұғыр мемлекеті Қазақ елін де 250 жыл бойы бұрынғы Бодан елдің боданында ұстапты. Енді қарасақ есесі кеткен екі елдің есебі түгенделген сияқты. Міне, Тәуелсіз Қазақстан атанып, БҰҰ-ның құрамында дербес ел ретінде еңсе көтергенімізге 30 жылдан асты. XX ғасырда қару асынған казакты, орақ-балға көтерген орысты, айдалып келген, арып-ашып жеткен сан мың келімсекті құшағына сыйдырған Алаш жұрты бұл күнде еріксіз «көп ұлтты» мемлекетке айналды. Бөтен болып келіп, бөтегесі толған соң алғыс айтқандары да, Сәбет одағын аңсап, егемендікке қарғыс айтқандары да ортамызда жүр. Ассамблеясын ашып, мейманасы тасып, Парламенттен орын, тіл билігінің төрін алып отырғандар да солар...

     «Көрші ақысы – Тәңір ақысы». Бұл - Алаш баласының Ата заңындай ұстанымы. Ақ көңіл, адал ниет, таза пейіл, шексіз төзімділік туралы сөз қозғағанда қазақта ешкімнің қақысы қалмаған шығар дейміз.  Ата-апаларымыз «орыс келе жатыр» десе қатты қорқатынбыз деп бала күндегі естеліктерін айтатын. Әрине, өмірі көрмеген көзі көк, шашы сары, бөтен жаратылыстың біреуі жәбірейіл, біреуі жәдігөй, біреуі жалаңаш-жарты, мүсәпір боп кеп тұрса кім қорықпайды? Соның бәрін бауырына басып, етек-жеңін жинап, ел қылған өзіміз емес пе едік?! Ал бүгін ше?  «Үйренген жау атысқанға жақсы» дегендей көзіміз үйреніп, үйіміз там көрші, мемлекетіміз одақтас болсақ та, атымыз егемен, затымыз бодан халдеміз. Құтты қонысымыздан нанын тауып, жанын сақтаған кірмелердің ұрпағы бұл күнде үш миллионға жетіп, мемлекетіміздің толыққанды азаматы ретінде барлық жақсылықтан игіліктеніп отыр. Тіпті, олардың басынан құс ұшырмай, алақанымызға салып келеміз. Ал Ресей еліндегі өз жерінде отырған миллиондаған қазақ тілінен, дінінен, ділінен айырылып, жетім баланың күйін кешіп жүргені ешкімге жасырын емес.

       Биыл «Жеңіс күні» еліміздегі біраз түйткілдің бетін ашты. Сырын білдірмей жүрген «Сыздауықтардың», жау іздеп ширығып жүрген «Шиқандардың» кім екенін көрсетті. Қит етсе қазақты жазалайтын, «толеранттық керек» деп темір торға қамағыш күштік құрылымдар ләм-мим деп жақ ашқан жоқ. Иә, санымыз көбейсе біраз мәселенің өздігінен шешім табары сөзсіз. Бірақ шешім таппайтын бір мәселе бар – ол осы елдегі жат ниет, жауыз пейіл келімсектердің, қазақтың өз ішінен шыққан мәңгүрттердің ешқашан титулды ұлтты сыйламайтын, тәуелсіздікті тәрк еткісі келетін пасық пиғылы. Бұл пиғыл – Мемлекет құрушы ұлт қанша кішіпейіл, қанша мейірбан, қанша төзімді болса да, кез келген уақытта қос бүйірден пышақ ұруға дайын бүлікшіл пиғыл. Қазақ қанша күрессе де олардың күшеюіне, көбеюуіне өз билігіміз ерік беріп отыр.

       Рас. Ресей ірі мемлекет. Одақтас көрші. Ұланғайыр шекарамыз ұштасып жатыр. Елдің ішінде де «қашан келіп қазақты таптайды» деп елеңдеп отырғандар көп. Мұндайда ең алдымен Егемендігін ойлайтын қазақтың санасына салмақ түседі. Ол салмақ басымызды идіріп те, оқ пен отқа күйдіріп те жүр. Бірақ оның да шегі бар. Украина өз тілін қорғағаннан соғысқа тап болған жоқ, қанша түсіндірсе де қасарысқан ішкі жаудың сыртқы жаумен қол ұстасқанынан қорлық көріп отыр.

      Бар білгені қазақтың байлығын қалай сату мен туыс-туғанын, жақын-жұрағатын қалай байытуды ойлаған қазақ билігі дәл қазіргі уақытта ауызын буған өгіздей төрт аяқтап жатыр. Тым құрыса тұяқ серпуге қарекет жоқ. Шын мәнінде Ресейдің қазіргі ірілігі түгел түркінің арқасында тұрғанын қаперімізден шығармайық. Орыс елін құрап жатқан он сан түрік жұрты бір серпілсе, әлемдік алпауыт әп-сәтте бірнеше бөлікке бөлінері сөзсіз. Ал өз ішіміздегі қара ниеттілер қалың қазақ бір ышқынса тарының қауызына сыйып кетері тағы шындық. Ендеше сыйласқанның да, бас игеннің де шет шекарасын білейік.

       Кешегі алаулатып, жалаулатып жүрген «арандатушыларға» заңмен тыйым салынсын. Қазақтың жерінде қызыл қырғын салған Сталиннің қызыл туын көтеріп, мемлекет құрушы ұлттың ар-намысымен ойнау - нағыз бүлікшілдік. Мұндай сепаратистік, үй ішінен үй тіккен қара ниеттер қатаң жазалануға тиіс! Ал Ресейге жалтақтап, қазақты жығып берсе, тіліне тұсау салса, әділ әрекетіне тосқауыл қойса биліктің өзін «арандатушы» демеске амалымыз жоқ!

     Қазақ - сыйласқанның құлы! Ұлан-байтақ даламыз, көл-дәрия көңіліміз бәріне жетеді. Тек шаңыраққа қарап, тілімізді сыйлап, Алаштың ар-намысын таптамаса болғаны! «Жаным арымның садағасы» дейтін біздің ел тұтас түркінің атажұрты, Алтын Орданың тұғыр мемлекеті екенін ешкім естен шығармасын! Қазақстанға қару кезенсе қара орман Түркі жұрты қарап жатпайтынын қас дұшпанның да білгені жөн.

Біләл Қуаныш, «Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар