Қазақша мәзір сұрағаны үшін 'нацист' атанды: Алматыдағы кафе дауға қалды

/uploads/thumbnail/20250515160618128_big.webp

Мемлекеттік тілді менсінбеген «Братский шашлык»: Қазақша мәзір сұрағаны үшін «фашист» атанған азамат дауға түрткі болды, - деп хабарлайды Qamshy.kz Stan сайтына сілтеме жасап.

Алматыда орналасқан «Братский шашлык» кафесі мемлекеттік тіл — қазақ тіліне құрметсіздік танытып, қоғам наразылығына ұшырады. Кафе қызметкері қазақша мәзір сұраған тұтынушыға 2ГИС платформасында «нацист», «фашист» деп тіл тигізген. Артынша пікірді өшіріп, азаматты бұғаттап тастаған. Желі қолданушылары бұл жағдайға жаппай реакция білдіріп, мекемеге бойкот жариялап жатыр.

Мемлекеттік тілді сұрау — нацизм емес, заң талабы

14 мамыр күні Досғали Әміров есімді азамат Алматы қаласының Ақбақай көшесіндегі «Братский шашлык» кафесінде түскі ас ішкеннен кейін, 2ГИС қосымшасында пікір қалдырып, мәзірдің тек орыс тілінде болғанын ескерткен. Алайда, мекеме өкілі бұл сынға жауап ретінде былапыт сөздер жазған:

«Сен бәрін түсініп тұрсың ғой, неге ақымақ кейпін танытып тұрсың? Нацист, фашист. Егер пікірді өшірмесеңдер, қонақтарды күтіңдер!»

Бұдан бөлек, мекеме:

«Сәлеметсіз бе, біз сіздің тіліңізде жауап беруге міндеттіміз бе, әлде мемлекетімізде ондай заң бар ма?» – деп жазған.

Бұл – ҚР «Тілдер туралы» Заңының 21-бабына ашық түрде қайшы. Заң бойынша, тұтынушыларға арналған барлық ақпарат (жарнама, мәзір, тауар бағасы және т.б.) міндетті түрде мемлекеттік тілде ұсынылуы тиіс.

Жалған патриотизм: Кешірім сұрап, жауапкершілікті қызметкерге арта салды

Жағдай ушыққан соң, кафе әлеуметтік желідегі парақшасында кешірім сұрап, бұл оқиғаға сол күні кімнің жауап бергенін білмегенін алға тартты. Өз мәлімдемесінде:

«Қызметкер жұмыстан босатылды. Біз қазақ халқынан кешірім сұраймыз. Бұл біздің құндылығымызға сай келмейді», – деп жазды.

Алайда бұл ақталу қоғамның ашуын баса алған жоқ. Желі қолданушылары кешірім кеш емес, мемлекеттік тілді сыйламаған ұстанымға қарсы екенін айтты.

TikTok-тағы қосарланған стандарт: Президент сөзін алдымен салып, кейін өшірді

Жанжалдан кейін дәмхана TikTok парақшасына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіл саясатына қатысты сөзінен үзінді жариялап, көп ұзамай оны өшіріп тастаған. Бұл әрекет те желі қолданушыларының күдігін күшейтті. Президент бұған дейін тіл мәселесін саясиландыруға жол бермейміз деп мәлімдеген еді. Бірақ оның сөзін манипуляция құралына айналдыру – екіжүзділікке баланып отыр.

2ГИС пен дербес дерек қауіпсіздігіне күмән

Көп ұзамай, тағы бір қолданушы 2ГИС модерациясының қазақша пікірлерді өткізбеуі және пайдаланушы ақпараты салық органдарына берілетіні туралы дабыл қақты. Бұл жағдай Қазақстандағы цифрлық платформалардың бейтараптығы мен қауіпсіздігіне қатысты да сұрақ туғызды.

«Братский шашлык» оқиғасы — тілдік құқықтың аяққа тапталуының айқын көрінісі. Бұл тек бір азаматтың басынан өткен оқиға емес, тұтас қоғамның мемлекеттік тілге деген талап-тілегінің заңды әрі орынды екенін көрсетеді.

Мемлекеттік тіл – тек заңдық норма емес, ұлттық болмыс пен егемендіктің негізі. Қазақ тілін талап ету – радикализм емес, конституциялық құқық. Ал бұл құқықты «нацизм», «фашизм» деп атау — тек кәсіби этикасыздық емес, қоғамды арандату.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар