Халық ақшасы: Жемқор экс-әкімнің ұлы Лондоннан зәулім үй алған

/uploads/thumbnail/20250515153036401_big.webp

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің ұлы Аслан Рысқали Ұлыбритания астанасында элиталық жылжымайтын мүлікке иелік етіп отырғаны анықталды.

Ашық деректерге сүйенсек, 2021 жылдың сәуір айында Аслан Рысқали Лондонның Кеннингтон Роуд 346-348 мекенжайындағы ғимараттың бірінші қабатынан пәтер сатып алған. Оның құны сол кезде 1,51 миллион фунт стерлингті (шамамен 1 миллиард теңге) құраған. Бүгінде бұл мүлік 1,88 миллион фунтқа, яғни 1,3 миллиард теңгеге бағаланып отыр.

Рысқалиевтер отбасы соңғы 12 жылдан бері Лондонда тұрып жатыр. Олар Ұлыбританиядан саяси баспана алған. Ал Қазақстан тарапы Бергей Рысқалиевті 2019 жылы сырттай 17 жылға бас бостандығынан айырған. Ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, жемқорлық пен бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деп айыпталған болатын. Оның ағасы Аманжан Рысқалиев 16 жылға сотталған.

Айта кету керек, Рысқалиев 2006–2012 жылдар аралығында Атырау қаласы мен облысының әкімі қызметін атқарды. Қызметінен кеткен соң оның аты бірқатар даулы істермен, жемқорлықпен және активтерді заңсыз иеленумен байланысты атала бастады. Тергеу ісі бірнеше жылға созылды.

Бір қызығы, 2020 жылы тәркіленген мүліктің бір бөлігі Рысқалиевтер отбасына қайтарылған. Алайда бұл шешімге Бас прокуратура наразылық білдіріп, кассациялық шағым түсірді. Жоғарғы сот ақыры прокуратураның ұстанымын қолдады.

Қатысты Мақалалар